Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндағандай, өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілген.
«Өңірде аммиак және карбамид өндіру бойынша перспективалы жоба бар, бірақ оған қажетті инфрақұрылым тартылмаған. Сондай-ақ негізгі шикізат болып отырған табиғи газды жеткізу мәселесі шешілмеген», — деді Әлихан Смайылов.
Аталған ақпаратқа қатысты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ақпарат берді.
Премьер-Министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде неғұрлым белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіштер жақсарады.
«Қандай да бір қиындықтар туындаса әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше, проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқан өңірлер де бар. Атап айтқанда, бұл - Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы.
«Барлық құралдар мен механизмдер қарастырылған. Әкімдер оларды жергілікті жерлерде дұрыс және белсенді түрде іске асыруы керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.