© Суретті түсірген Т. Құсайын
Өңірде вакциналау жұмыстары жалғасуда. 14 қазандағы жағдай бойынша I компонентпен – 161 814 (41,7%), II компонентпен 140 920 (36,3%) адам егілді. Сонымен қатар, өңірде науқас арасында вакцинаның І компонент алған 89 науқас, оның ішінде реанимация бөлімшесінде 2 науқас ем алды. ІІ компонент толық алған 65 науқас, оның ішінде реанимация бөлімшесінде 4 адам ем алды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова осындай мәліметтерді келтіріп өтті. Вакцинация жұмыстарына қосымша барлық қажетті ресурстар жұмылдырылып, күшейтілген режимде жалғасуда.
«Қазіргі кезде тұрақты жұмыс істеп тұрған егу кабинеттеріне қосымша 17 жүрмелі бригадалармен үйден вакцина салдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, мониторингтік топтардың жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, КВИ-ге қарсы екпе салуды жүргізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Қоғам белсенділері, депутаттар, ҮЕҰ өкілдері белсенді атсалысуда. Жалпы, 45 тікелей эфир өткізіліп, тұрғындардың мыңнан аса сұрағына жауаптар берілді», - деді спикер.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының жаңадан салынған модульдік инфекциялық ауруханасын індеттің келесі толқынына дайындау жұмыстары қолға алынды. Бүгінде техникалық мәселелерді шешу, оттегімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазір онда 30 шақты азамат ем алуда.