Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында биылғы 9 айы ішінде АИТВ инфекциясына 100 257 адам тексерілген, яғни, 2020 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 25% артық. Былтыр бұл көрсеткіш 75145 болған. Бұл ақпаратты жеткізген орталықтың зертхана бөлімінің меңгерушісі Ольга Таласбаевадан инфекцияның қалай анықталатынын сұраған едік.
- Осы жылғы 9 айда АИТВ инфекциясына 60 адам анықталды және расталды, - деді Ольга Геннадиевна. - Бұл өткен жылдың кезеңінен 47% артық боп тұр. 2020 жылғы бұл кезеңде АИТВ инфекциясы 32 адамнан анықталған-ды. Қазақстан Республикасында АИТВ инфекциясының диагностикасы «АИТВ инфекциясы бойынша міндетті құпия медициналық куәландыру ережесін бекіту туралы» 2020 жылғы бұйрықтарға және «АИТВ-ның алдын алу саласында жұмыс істейтін қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ерікті анонимді және (немесе) құпия медициналық тексеру мен АИТВ инфекциясы бойынша кеңес беру ережесін бекіту туралы» заңдарға сәйкес жүргізіледі. АИТВ инфекциясын диагностикалау процедурасы бірінші және растайтын екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең p24 вирустық антигені мен бірінші және екінші типті АИТВ-ға қарсы антиденелерді бір мезгілде анықтайды. Егер АИТВ инфекциясы теріс нәтижесі анықталса, зерттеуден өткен адамға 3 жұмыс күні ішінде куәландыратын құжат бойынша қан алу орнында «АИТВ теріс» қорытындысын береді және тестілеуден кейінгі кеңестен өтеді. Ал қайшылықты зерттеу нәтижелері анықталса, нәтиже сараптамасы күмәнді болып саналады. Әрі қарай 14 күнтізбелік күннен кейін қанның қайталама сынамасы алынады және АИТВ инфекциясына тест жасалады. Ал оң сынақ нәтижесі анықталған жағдайда, сынама растау зерттеулерін жүргізу үшін Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының зертханасына жіберіледі. АИТВ инфекциясын диагностикалаудың бірінші кезеңін жүргізу үшін зертханада иммуноанализді анализаторлары қондырылған, ал 2021 жылы зерттеу нәтижелеріне адам факторының әсерін азайту үшін иммунохимилюминесцентті анализатор (IHLA) орнатылды. Барлық зертханалық жабдықтар медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен біріктірілген ақпараттық жүйеге қосылған, бұл қызмет тұтынушының зерттеу нәтижесін алу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Растау кезеңін «Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы» РМҚК РМК ИФС немесе IHLA әдістерімен немесе шұғыл тестпен және растайтын иммундық блотпен (ИБ) жүргізеді.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта АИТВ-ға анонимді түрде, жеке куәландыратын құжатты ұсынбай-ақ, шұғыл тестерді қолдана отырып тестілеуден өтуге болады. Мұндайда зерттеу нәтижесі туралы ақпарат ауызша беріледі.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА