Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисі, «И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ МКК дәрігер-сарапшысы Тамара Ұтағанова онлайн брифинг барысында COVID-19 және жедел респираторлық вирустық аурулардың белгілері туралы айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның сөзінше, барлық қажетті ем дәрігердің тағайындауы бойынша жүргізілуі керек.
«Егер ЖРВИ немесе коронавирус инфекциясының белгілері байқалса бірден дәрігерге қаралу қажет. Дене қызуы жоғарылап, қатты бас ауруы мазалап, жүрек айну және құсу, ентігу пайда болған кезде жедел жәрдем шақыру керек. Ешбір жағдайда өз бетімен емделуге болмайды. Вирусқа қарсы препараттарды дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдаған дұрыс», - деді дәрігер.
Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 562 адам стационарлық ем қабылдауда, оның 23-і – бала.
«Егер науқаста созылмалы немесе ілеспе аурулар болса, коронавирус асқынған түрде өтеді. Сондықтан мұндай науқастарға денсаулықты үнемі бақылауда ұстау қажет», - деп қосты спикер.
Сонымен қатар, ол Телемедицина орталығының қызметкерлері күн сайын барлық науқастың денсаулығын бақылап отыратынын атап өтті.
«Телемедицина орталығының мамандары науқастардың денсаулығын бақылап отырады. Бұл тізімде симптомсыз науқас ретінде тіркелгендер де бар. Коронавирусқа шалдыққандардың барлығы қайтадан ауырып қалуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан профилактикалық шараларды жалғастыру керек. Бұл маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және барлық өзге де сақтық шаралары», - деп қорытындылады Тамара Ұтағанова.