Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында айтылған талаптар мен тапсырмаларды орындау мақсатында осы күндері Жаңаөзен қаласының ауылдарында «Ашық есік күні» өткізіліп жатыр. «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» жөнінде, Білім саласы, Полиция басқармасы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, Кәсіпкерлік саласы, Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі, Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық ісі бойынша мекеме басшылары мен мамандары Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдары тұрғындарымен кездесіп, ақыл-кеңестерімен бөлісуде. Жалпы осылардың ішінде ауыл тұрғындарына «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмектері аса қажет. Басқа білім, денсаулық сақтау саласы болмаса, ауыл тұрғындарының басқа салалар бойынша бағдарламаларға бүйрегі онша бұра бермейді. Ішінара болмаса полиция басқармасына, Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі мен Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық ісі бойынша мекемелерге де жұмыстары түсе бермейді. Өйткені, олардың ең басты қызығатыны кәсіпкерлік пен жаңадан оқу бітіріп келіп, жұмысқа енді араласқан жастарға ауадай қажеттілері - осы екеуі. Сондықтан біз мүмкіндікті пайдаланып Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жібек Бекова мен Жаңаөзен қалалық әкімшілік экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің инспекторы Айнұр Молдабекованы әңгімеге тарттық. - Жібек ханым, мекемеңіздің халыққа қызмет етудегі бүгінгі жағдайы қалай болып жатыр? - Қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдарда «Ашық есік күнін» өткізіп, тұрғындармен кездесіп жатырмыз. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауының нәтижесі. Сол Жолдаудың мән-мағынасын халыққа түсіндіре отырып, оның нәтижелі көрінісін іс жүзінде көру. Бүгінгі таңдағы талап пен міндеттің өзі – осы. Соған байланысты ауыл тұрғындары өз орталарына келген бізге хабарласуда. Өздерін ойландырып, толғандырып жүрген мәселер бойынша қызықтырған сұрақтарға жауап алуда. Мысалы, 5-10 минуттың ішінде менің алдыма Рахат ауылының үш тұрғыны келді. Олардың сұрайтындары да бір-біріне жақын сұрақтар. Жалпы оларды қызықтыратыны - өздерінің негізгі жұмыстарымен бір қатарда кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келеді. Атап айтқанда, өздерінің үйлерінің ауласынан кәсіпкерлік нысан ашпақшы. Сондықтан оларға белгіленген заңдардың шеңберінді тиісті түсініктеме беріп жатырмыз. Аула ішінен шағын кәсіпкерлік нысандарды қалай ашу керек, ондай нысандарды қалай пайдалану керек, тағы да шағын несиелерді қалай алып, оны жқмсау туралы жол-жобаларды көрсетіп жатырмыз. Бізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» деген бағдарлама бар. Ол негізінен бұрынғы «Жұмыспен қамту-2020»-ның орнына келген мемлекеттік бағдарлама. Мақсаты – халықты жаппай кәсіпкерлікке баулу. Жалпы халықтың бүгінгідей «Ашық есік күніне» риза болып жатқаны байқалады. Себебі, ауыл тұрғындарының көбінесе қажетті кеңселердің есігін жағалап жүруге біріншіден – уақыттары жоқ. Екіншіден, құнт етпейді. Сондықтан «Ашық есік күні» әсіресе, ауыл тұрғындары үшін өте пайдалы. - Жалпы ауыл халқы кәсіпкерліктің қандай түрлеріне қызығып, қандай нысандар ашқысы келеді? - Қалалық әкімдікте жер бөлімінің арнайы комиссиясы бар. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, кәсіпкерлік нысандардың қандай түрлерін ашуға білдірген тілектерін тыңдап, көтерген мәселелерін қарау жөніндегі сол комиссияның мүшесімін. Сонда байқағаным, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлік нысандарын ашқысы келетін тұрғындар көптеп кездеседі. Олар негізінде отбасы, бала-шағасының жанында жүріп, өз аулаларының ішінен тігін цехын, шаштараз, наубайхана ашқысы келеді. Бірақ өкінішке орай, жалпы тамақтану мәселелері – бұрынғы тілмен айтсақ санитариялық эпидемиологиялық стансаға келіп тіреледі. Себебі, наубайхана ашу үшін найбаухана мен тұрғын үй арасының қашықтығына байланысты тиісті ережелері бар, жалпы санитариялық талаптар бар заңдарда белгіленген. Ашылатын нысандар әрине соған сай болуы міндетті. Ал дәріхана, шаштараз сияқты кәсіпкерлік нысандар ашуға рұхсат етіледі. Себебі, ол жерде бір-екі адам жұмыспен қамтылады. Яғни, тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтуға бейімделеді. Ол үшін ауыл тұрғындары қала әкімінің атына «Маған үйімнің қасындағы ауламның ішінен кәсіпкерлік нысан ашуға рұхсат беріңіз» деген мағынада арыз жазады. Ол әлгі қалалық жер қатынастары бөліміне түседі. Әрі қарай құжаттастырылып кете береді. Ал несие алғысы келсе «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» бар нәтижелі жұмыс бойынша. Одан соң «Нұр капитал», «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы ірі-ірі несиелер алуға болады. Қазір бәрі кедергісіз іске асырылады. - «Бизнес 3 күнде» әлеуметтік жобасы дүрлігіп барып басылып қалған сияқты. Сол бағдарламаның аты шықпай кетті ғой. Осы күндері ол бағдарлама жұмыс істеп тұр ма? Әлде жойылды ма? - Әрине, «Бинез 3 күнде» жобасы өткен мамыр айынан бастап іске түсті. Қазіргі кезде ол жобаға да қаржының жоқтығы қолбаулау болып тұр. Дегенмен осы істі, яғни осы жобаны әрі қарай жандандыру бойынша хаттар келіп түсіп жатыр. Бірақ оның өміршеңдігі - меценаттарға байланысты. Жалпы бұл мәселемен бұрынғы облыс әкімінің кеңесшісі болған Айжани Нұрланова айналысты. Осы істермен шұғылданатын олардың өз командасы болды. Әр аудан, қаладан келіп айналысты. Біз тек оларға кейбір шаруалары бітпей жатқан кезде ғана көмектестік. Өйткені, олар – біз араласатындай кәсіпкер емес. Олар – тек бар болғаны қала тұрғындары. Қала тұрғындарының ішіндегі мүжәлсіз, көп балалы отбасыларға және үйінде мүгедек жандары бар жанұяларға берілген көмек ғана. Олар кәсіпкерлікке тіркелмеген. Яғни, кәсіпкер емес. Сосын араласпадық. - Ал Айнұр ханым, сіздердің мекемелеріңіз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқаруда? Өткен жылы, биыл қанша адам осы бағдарламаның нәтижесін көрді? Қаншасының қолы жетпей жүр? Қол жеткізу үшін көбірек жүруге тура келіп тұрған сияқты. Оның себебі - неге байланысты? - Ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс істеуге келген жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы және несие беріледі. Көтерме жәрдемақы жыл сайын 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Бұл көрсеткіш жыл сайын өзгеріп отырады. Биылғы берілетіні - 176 мың 750 теңге болып белгіленген. Тұрғын үй сатып алу бойынша берілетін несие бойынша осы жылы 1 мың 500 айлық есептік көрсеткішпен 3 млн, 787 мың теңге беріледі. Жаңаөзендегі 3 ауылдағы жас мамандарға денсаулық сақтау, білім беру, ветеринария мамандығы бойынша, мәдениет және спорт пен агроөнеркәсіптік салалар сияқты бес сала бойынша беріледі. Қандай мекемеден сұраныс түседі. Сол сұраныс комиссияда қаралады. Соған сәйкес қаражат қарастырылады. Соның нәтижесінде өткен 2018 жылы 120 жас маманға 168 мың 350 теңгеден көтерме жәрдемақы берілді. Биылғы жылы да 120 маманға берілген жәрдемақы 176 мың 750 теңгеден. Ал тұрғын үй сатып алуға 2018 жылы 3 млн 787 мың теңгеден 20 маман қарастырылды. Биылғы жыл үшін де 20 маман қарастырылып, соның үшеуі қаржының жеткіліксіздігінен келесі жылдың үлесіне қалдырылды. - Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша төленуі тиіс қаржыны жас мамандарға дер кезінде бересіздер ме? Әлде сүйегін сіпсе қылып сүйретіп, өлдім-талдым дегенде қолдарына тигізесіздер ме? - Жылдың басында тиісті қаражат бөлінеді. Ал олардың өтініштері ақпан айынан бастап қабылданады. Тұрғын үй сатып алуға берілетін несиенікі де, көтерме жәрдемақынікі де. Содан кейін екі ай бойы көші-қон қызметі сияқты мекемелерден берілуі тиіс құжаттарын түгендейміз. Сосын сәуір, мамыр айларында комиссияда қаралады. - Мұндай көмекті алу үшін жас мамандардан тағы да қандай крийтерилер, жалпы қандай құжаттар мен мүмкіндіктер талап етіледі? - Ауылдық жерлердегі мекемелерден, мысалы, жас медбикелер мен бастауыш сынып мұғалімдерінен өтініштер өте көп түседі. Әрине, оның бәріне тегіс төлей беруге бөлінген қаражат жеткіліксіз. Сондықтан біз әлгі мекеме басшыларына аса мұқтаж, жетіспейтін мамандықтар бойынша келіп жатқан жас мамандарға тиісті көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға несие беру керектігін нақты анықтап беруін сұрап хат жазамыз. Математика, ағылшын тілі, орыс тілі мамандықтары бойынша сабақ беретін жас мұғалімдерге ғана көтерме жәрдемақы мен несие береміз. 2018 жылға дейін жаппай бәріне беріліп келді. Содан кейін әлгіндей аса қажетті және тапшы мамандықтар бойынша келген жастарға болмаса қаражаттың тапшылығынан көтерме жәрдемақы берілмей қалды. - Мысалы, қалада тұратын жас мамандар, қалаға іргелес Рахат және Теңге ауылдарына барып жұмыс істеп жатқан жас мамандарға әлгіндей көмектер беріле ме? - Жоқ, берілмейді. Осы бағдарлама бойынша жәрдем алғысы келген жас мамандар осы ауылдарда тұрып, осы ауыл тұрғындарына қызмет етуі тиіс. Көтерме жәрдемақы жергілікті бюджеттің есебінен бөлінеді. Ал тұрғын үй сатып алуға несие республикалық бюджеттен беріледі. Несие 15 жылға 0,01%-бен беріледі. Осындай көмек алғысы келетін мамандардың атында тұрғын үй, жер орын сияқты дүниелер болмауы керек. Ол жас маманның тек өзінің отбасы, жолдасы және бала-шағасы болуы тиіс. Әке-шеше, ата-енелері есептелмейді. Атында болатын басқа банктік несиелерге қарамаймыз. - Осы 3 млн 787 мың теңгеге Жаңаөзеннің қаласында бір бөлмелі үй түспейді. Ал ауылдық жерлерден осы ақшаға қанша бөлмелі баспана алуға болады? Бәлкім, айырмашылық аз болар. Әлде 2-3 бөлмелі пәтерге жете ме? - Ол жағын білмедім. Заң бойынша осындай көлемдегі ақша белгіленген... - Жарайды онда, осы ақшаны да жас мамандар дер кезінде, созбаққа түспей алса игі. Сұхбаттасқан: Мұратбай ҰЛЫҚПАН