БАҚ - әлемді соғыссыз жаулап алатын қару екені рас болса, ең көп айтылып, жазылып жатқан тақырып - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі. Меніңше, сыбайластыққа қарсы күрес мәдениеті, адамдардың сыбайластық туралы ой-түсінігі әлі қалыптаспаған. Барлық адам сыбайластықты жақтамауы үшін, бір ғана агенттіктің күресі жеткіліксіз. Негізінде, барлық мекемелерге сыбайластыққа қарсы күрес туралы мақала жазуға тапсырмалар берілетін сияқты, өйткені қызметкерлер газетке, сайтқа сондай тақырыпта мақала бергіш. Айтайын дегенім - барлығының беретіні бір тақырып, бір мақала. Өйткені бәрі интернеттен көшіріп алып береді. Мен газет редакторы болғандықтан, олардың тықпалайтын "көшірме" мақаласын жаттап алдым. Мақала бергені дұрыс қой, бірақ, ондай тәсілмен емес. Жұрт оқып жауыр болған мақала кімге керек? Авторлық құқықты айтпағанда, газеттің бетін босқа толтырады. Әр адам неге өз тәжірибесінен, шынайы өмірден мысал, оқиға келтіріп немесе аз да болса өз ойын жазбайды екен? Сыбайластық туралы өзі не біледі? Соны неге айтпайды екен? Жалпы жұрт интернеттегі мәлімет пен мақаланы көшіргіш. Кешірім өтінемін, құқық қорғау органдары, дәрігерлер, кейде мұғалімдер, барлық салада сол: бір мақала келсе, бұрын отыз рет оқыған дүниең болып шығады. Әр адам өзінің білімін, шынайы ойын түземей, қоғамдық сана қалыптаспайды. Жаттанды, жасанды ой ешкімге жаңа ой салмайды. Әр адамның басындағы ми жұмыс жасауы керек. Түйсігі бір нәрсені сезінуі үшін де, ізденіс керек емес пе? Айтпақшы, бильбордтар, жарнамалар да біртүрлі. Мысалы, "Ауыр нокаутқа жібер!" деген қызылмен жазылған сөзді боксердің қара суретінің үстіне қойған бильбордты көрсем, қылмыскерді елестетемін. Орысшадан аударған сөздердің жаны жоқ, рухсыз, мүгедек тілде аударылады. Жасанды, жаттанды, рухсыз жарнама жүрекке жетпейді. Егер, әр адам сыбайластыққа қарсы көзқарасын, оны жақтамайтыны туралы ойын шынай өз түсінігімен жеткізсе, онда, қоғамдағы сананы өзгертуге өзіндік үлесін қосар еді. Себебі, жүректен шыққан сөз – жүректерге жетеді. Сіздің сыбайластық туралы ойыңыз кемінде он адамның жүрегін жаулап алса, БАҚ атаулыға жарияланған сансыз мақала – әлемнің ойын өзгертер еді... Сыбайластық - әлемнен зор емес шығар. Ендеше, сыбайластықты соғыссыз ауыздықтау үшін, ой мен сөзді түзеп, түйсігімізді оятуымыз керек сияқты. Бір сөзді мың адам көшіріп басқаннан ештеңе өзгермейтінін есте сақтайық!
Шынар КЕНДІН