Қазақ қоғамында аналардың орны қашанда ерекше болған. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана халқымыз адамзат қоғамының негізгі тірегін осылай бағаласа керек. Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалында көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. «Нұр Отан» партиясы бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасы аясында ашылған жаңа орталық аналар қауымына көрсетілер мемлекеттің көмегін күшейтіп, елдің өркендеуіне өз септігін тигізе түспек. Cалтанатты жиында Маңғыстау облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев әлеуметтік көмек көрсету орталығының мәнмаңызына тоқталды: «Қадірлі ағайын! Бұл бастама – «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігімен бірлесе іске асырылып жатқан жоба. Аналарға, көп балалы әйелдерге қамқорлық, көмек көрсету – өте маңызды іс. Орталықтың есігі аналарға әрқашан ашық. Мұнда әр түрлі психологиялық-моральдық тренингтер өткізіледі, аналарға өз ісін ашуға жәрдем беріледі. Сонымен қатар қазіргі таңда бұл жобаға көптеген әріптестеріміз көмек көрсетуге дайын. Осы орайда мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалына, ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының өңірлік филиалына, «Нұр Отан» партиясына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ бірқатар заңгерлер мен қоғам белсенділері толықтай осында шоғырланып, жұмыла жұмыс істеуге әзір. Кез келген мәселені бірлесіп шешуге болады. Лайым осы жобамыз жемісті жүзеге асып, сіздермен бірге ұзақ уақыт бірлесіп жұмыстар атқара берейік», – деді басқарма басшысы Е.Күмісқалиев. Жиынға елордадан арнайы келген «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалар құқығын қорғау кеңесінің мүшесі Рысты Жұмабекова Маңғыстау өңірінде кәсіпкер әйелдердің көптігіне қуанатынын айтып, әлеуметтік орталық әйелдер қауымының шаруаларын тіктеп, кәсіп қылуына оң ықпал ететініне сенім білдірді. «Құрметті қонақтар! Қасиетті Маңғыстау өңіріне іссапармен келіп, ерекше күй кешіп отырмыз. Облыста іске асып жатқан оңды шаруалар көп екеніне көз жетті. Еліміздің бас партиясы жанынан құрылған балалар құқығын қорғау кеңесі ана мен бала мәселесіне аса маңыз береді. Еліміздің болашағы – біздің балаларымыз. Осы ұрпақты өсіріпөндіруде аналардың үлесі орасан зор, Балаларға жол ашып, болашаққа жол көрсетуде аналардың еңбегі ерекше екенін білесіздер. Қазақстанда әйелдердің қоғамдағы рөлі айрықша. Осындай маңызды бас қосуда өңірдің іскер әйелдерімен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Барша әйелдер қауымының еңбектері жана берсін, лайықты, саналы ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына үлес қоса берулеріне тілектеспін. Бұл іс біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын. Кеше ғана осы өлкедегі кәсіпкер әйелдің кәсіпорнында болдым. Әйел адам дардың атқарып жатқан үлкен істерін көрдім. Мұндай іскер әйел Маңғыстауда аз емес деп білемін. Жаңа орталықтың жұмысы тек Маңғыстау облысында ғана емес, елімізде кең қанат жайсын. Ор таларыңыз көбейе берсін, жұмыстарыңыз жемісті, табысты болсын. Істеріңізге сәттілік тілеймін», – деді Рысты Мағауяқызы. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік көмек көрсету орталығы көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында құрылған. Орталық психологиялық, құқықтық, ақпараттық қолдау және құзырлы органдардың өкілдерінің қатысуымен кездесулер мен қабылдаулар ұйымдастыратын болады. Осы орайда «Ақжүніс» республикалық көп балалы аналар қоғамының Маңғыстаудағы филиал төрайымы Анар Шамшадинова өңірдегі көп балалы отбасыларға қатысты маңызды мәселелерді тілге тиек етті. «Біз Маңғыстау облысында көп балалы аналармен 2019 жылғы ақпаннан бері жұмыс істеп келеміз. Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне республикамыздың барлық облыстарынан, «Ақжүніс» қоғамының атынан өңірлерде Ана мен бала орталығын ашу туралы ұсыныс берген болатынбыз. Бүгін әлеуметтік көмек көрсету орталығының ашылуы – ана мен балаға жасалған алғашқы қадам. Болашақ Ана мен бала орталығының негізі деп қабылдап тұрмын. Бұл орталықта аналарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіледі. Әр түрлі бағытта аналардың мәселелерін шешуші орталық боларына сенемін. Өл кемізде көп балалы аналарға қатысты бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ішінде ең өзектісі – баспана мәселесі. Осы мәселе бойынша облысымызда нақты шешімдер қолға алынуы керек. Көп балалы аналарға жатақхана емес, жалдамалы үйлер салынса дейміз. Бүгінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бірнеше көпбалалы отбасы үйлі болды. Дегенмен көп отбасы қамтылмай келеді. Себебі банктердің қояр шарттарына көп балалы аналардың жағдайы келмей отыр. Сондықтан облысымызда осындай отбасылардың мәселесін шешу үшін нақты жұмыстар қолға алынуы тиіс деп ойлаймын. Жаңа орталық осы істерді шешуге негіз, бастау болады деген үміттемін», – деді Анар Шамшадинова. Осы саланы саралап, зерделеп жүрген облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Аят Сүгірбаевтың айтуынша, жаңа орталық алты бағытта жұмыстар атқарады. Атап айтар болсақ, психологиялық-моральдық қолдау, құқықтық, ақпараттық қолдау, қабылдаулар мен кездесулер өткізу, аналитика және ұсыныстар жасақтау. Психологиялық-моральдық қолдау жұмыстары әр түрлі семинар-тренингтер арқылы сананы сауықтыру, мотивация арқылы позитивті көзқарас қалыптастыру, тұрмыстық тығырықтан шығу жолдарын көрсетумен жүргізілсе, құқықтық қолдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң нормаларын түсіндіру, әлеуметтік заң нормалары бойынша кеңес беру арқылы көрсетіледі. Ал ақпараттық қолдау жұмыстары мемлекет тарапынан халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ақпараттандырумен іске асырылмақ. «Баршаңызды орталықтың жұмысын нәтижелі іске асыруға шақырамын. Орталықтың мақсаты – қоғамда шешімін таппай жүрген мәселелерді шешуге атсалысу, осы орталыққа келген азаматтардың санасын сауықтыру, оларда позитивті көзқарас қалыптастыру, азаматтық белсенділігін арттыру. Сондықтан осы бағытта барлығымыз бірге жұмыс істеуге шақырамын. Бізге қолдау білдірген облыс әкімдігіне, бастаманы көтерген қоғамдық кеңеске алғыс айтамыз. Алдағы уақытта жанжақты жұмыс жүргізіп, аналарымыздың, басқа да азаматтарымыздың мәселелерін шешуге бір кісідей атсалысамыз», – дейді Аят Исатайұлы. Айта кетсек, қабылдаулар мен кездесулер мемлекеттік органдардың және мемлекеттік емес ұйымдар мен мекеме өкілдерінің, сарапшылар мен мамандардың, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткізіледі. Аналитикалық жұмыстар әр түрлі сауалнамалар жүргізу, мәселелерді жинақтау, сараптау, саралау арқылы атқарылмақ. Ал ұсыныстар жасақтау туындаған мәселелер бойынша ұсыныстарды орталық және жергілікті атқарушы органдарға жолдаумен жүзеге асады. Сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету орталығы өз қызметін бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы жүргізетін болады.
Жайық НАҒЫМАШ