Мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының құрметіне жаңа музей ашылады. Әбіш Кекілбайұлы атындағы мәдени кешеннің құрылысы таяу күндері аяқталады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлім болды. Баспасөз жиынына Ақтау қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Елдар Машырықов пен музей құрылысына жауапты «Еврострой» ЖШС-ның директоры Ризабек Өтегенов қатысып, кешенді жобаның жай-жапсарымен таныстырды. «Музей құрылысы жыл басында, яғни ақпан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «Еврострой» компаниясы жүргізеді. 30 қыркүйекте ғимаратты тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда құрылысқа қажетті құжаттары мен актілері әзірленіп, тапсыруға дайындалып жатыр. Музейдің аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Бұл – өз алдына бөлек ғимарат. Бұдан бөлек жобада кітапхана мен театр бар. Ал жалпы жоба «Маңғыстау» мәдени кешені деп аталады. Кітапхана құрылысының аяқталуы 2020 жыл деп бекітілген», – деді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Елдар Машырықов. Музей ғимаратының формасы өте ерекше, күмбез іспеттес болмақ. Материалдар Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея елдерінен тапсырыспен жеткізіледі. Сондай-ақ отандық құрылыс өнімдері де қолданылады. Музей құрылысындағы жаңашылдықтар жетерлік дейді мердігер ұйым өкілдері. Оны қызығушылық танытқан адам өз көзімен көргені. Құрылысқа жауапты «Еврострой» мердігер мекемесінің директоры Ризабек Өтегенов музейдің ашылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына орайластырылғанын айтады. «Музей мен кітапхана орналасатын аумақтың жалпы көлемі – 10 мың шаршы метр. Барлық алаңға гранит тастар төселеді. Екі ғимарат егіздің сыңарындай ұқсас, бір-біріне қарама-қарсы бой көтереді. Алаңда сегіз субұрқақ, 66 орындық орнатылады. Музей туралы екшеп айтар болсақ, мұнда Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығына арналған зал, жаңа тарих залы, Жаңа Қазақстан залы, Ақтау қаласының тарихына арналған зал т.с.с. болады. Музейдің нақты аумағы – 7 800 шаршы метр. Инвестор – «НКОК» Солтүстік-Каспий жобасының операторы, халықаралық консорциум. Құрылысқа қажетті барлық қаражатты осы компания көтереді. Яғни мемлекет бюджетінен шығын болмайды. Жоба авторы – елордада орналасқан Қазіргі заман сәулет орталығы», – деді «Еврострой» компаниясының директоры Р.Өтегенов. Мәдени кешен аумағында салынатын жаңа кітапхана ғимараты музейге қарама-қарсы бой көтереді. Кітапхана қоры 304 мың кітапты қамтымақ. Бұл – жобадағы екінші кезеңде атқарылатын жоба. 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. Сонымен қатар музей мен кітапхана аралығында 2 мың орындық театр салынады. Құрылысы осы жылдың ақпан айында басталған. «Әбіш Кекілбайұлы атындағы музейдің ерекшеліктері көп. Жоба жоспарына сәйкес ғимараттың ішінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихын танытатын экспонаттар болады. Мұнда киіз үйлер, қасиетті Маңғыстау өлкесіне, оның тарихына қатысты құнды жәдігерлер, жазушы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын танытуға арналған бөлмелер қамтылады. Осы бағытта қазір суретшілер жұмыс жүргізу үстінде», – дейді мердігер ұйым басшысы. Ал жаңа театрға қатысты жоба жұмысы қазірде жасақталу үстінде. Жобаны 2020 жылы іске асыру жоспарланған. Бұл ғимаратта инвесторлар қаржысымен тұрғызылады.
Жайық НАҒЫМАШ