Бұдан 50 жыл бұрын
- Мен 1950 жылы Таушықтағы Шахта мектебін бітіріп, жоғарғы оқу орнынан білім алуды мақсат тұтып, Алматыға екі жігіт болып аттандық, - деп бастаған Бектұрған қарт әңгімесін әрі қарай жалғастыра түсті. — О заманда қазіргідей ерсілі-қарсылы ағылып тұрған көлік жоқ. Жол жүру қиын кезең. Ауылдан бірден-бірге ілесіп, бұрынғы Гурьевтен самолётпен Алматыға жеткенбіз. Осындағы маңдай тіреп келген жеріміз — ҚазПИ біз жетем деп жүргенде оқушы қабылдауды аяқтап қалған екен. Қабылдау комиссиясына жағдайымызды айтып, физмат факультетіне документ тапсырдық. Емтихандардан сүрінбей өтіп, жақсы баға алдық. Сол жылы физмат факультетіне қабылданып, оқып кеттік. Бізге сол кездегі белгілі математик Орынбек Жәутіков, әдебиетші Мәлік Ғабдулин және ғалым Қаныш Сәтбаевтың туысы (атын ұмытып қалдым) Сәтбаев деген ұстаздар лекция оқып, дәріс берді. Біздер институтты 5-пен бітірдік. Қасымдағы ауылдас жігітте 5-ке оқып, бірге бітіріп шықтық. Институтта оқып жүргенімде, яғни 1952 жылы СССР ҒА-ның жанынан шығатын «Математик» журналындағы жарияланып тұратын шешуі қиын есептерді шешімін тауып, жолдап тұрдық. Ол кезінде журналға жарияланды. Менің осындай ғылымға қызығушылығым мен талабымды байқаған профессор-оқытушылар «Аспирантураға қал» деп қолқа салды. Солардың бірі - академик Фисунко еді. Мен денсаулық жағдайыма байланысты аспирантураға қала алмай, ауылға үздік дипломмен келдім. Сөйтіп, мен алғашқы ұстаздық жолымды Үштаған деген жерде жаңадан ашылған Маңғыстау көлеміндегі 3-інші орта мектепте бастадым. Бұл — 1954 жылдың оқу жылы еді. Мен сол кезде 22 жаста екенмін. Бұл мектепте сол жылдарда Маңғыстау ауданы Сам өңірінің, Қаратау бойының ауылдарының балалары келіп, 8-інші, 9-ыншы сыныптарда оқиды екен. Сол оқушылардың қатарында 1956-57 оқу жылында Әбіш Кекілбаев та келіп оқи бастады. Әбіш мектепте барлық сабақтарды жақсы оқумен қатар математика сабағынан да зеректігі байқалып отыратын. Мектептің қоғамдық өміріне де белсенді араласып жүрді. Өлең шығарып, шығарма жазатын. Кітапты көп оқитынын білетінбіз. Бір де оның қолындағы Л.Толстойдың «Анна Каренина» кітабын көзім шалғаны бар. Оның А.Хангелдин деген жазушының шығармасын сынап, газетке жазғаны да осы тұс. Және Әбішке қатысты есімде қалған оқиғаның бірі - сол кезде жергілікті советке депутаттыққа кандидат болған Қошық Қазиев деген азаматпен кездесу жиыны болды. Мен мектепте завуч едім. Мектеп басшылары болып ақылдасып, жас сайлаушы ретінде Әбіш Кекілбаевты сөйлетуді ұйғарғанбыз. Жиналған көпшілік те бұл ұсынысымызды мақұлдап, Әбіш сөз сөйледі. Сонда «Сен сөйле» дегенде іркілмей өлеңді де, сөзді де ағытып, ақтарылып, жаста болса жұртты риза етті. Негізінен Әбіш мектепте оқып жүргенде шығармашылығын өлең жазудан бастағанынан хабарымыз бар. Кезінде мал шаруашылығында еңбек еткен шопан қауымы елге сыйлы болды ғой. Ауылдың сол шопандарына Әбіш те арнау өлең жазып жүрді. Әбіш қай сабақты да жақсы оқыды. Ауылдың орыс көрмеген баласы болса да орыс тілінің тігісін жатқызып сөйлеп, меңгеріп кетті. Сол кездегі көркемөнерпаздар қатарында Гурьевте өткен облыстық өнер фестивальдеріне қатысып, өнерімен танылып жүрді. Осындай шараларға байланысты мектеп бітіретін жылы мемлекеттік емтиханды Үштағандағы мектепте емес, Шахта мектебінде тапсырып, бітірген еді.50 жылдан кейін
- Содан 50 жыл өткеннен кейін, яғни 2007 жылдың маусым айында 1957 жылы мектеп бітірген түлектердің Үштаған жерінде кездесуі болды. Бұл кездесуге мен де шақырылып, барып қайттым. Оған сол кезде мектеп бітірген 40-тай оқушының жартысы келген екен. Олардың ішінде Әбіш Кекілбаев та болды. Қасында Мырзатай Жолдасбеков те бірге келген. Әйелдері де бар. Және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлнар Сейітмағанбетова, Сайын Назарбек, Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Албытов, т.б. азаматтар болды. Кезде- су жиынын Маңғыстау аудандық оқу бөлімінің бастығы К.Үйсінбаев жүргізді. Сөз кезегінде мінбеге шыққан Мырзатай Жолдасбеков бұл шараның маңыздылығын айта келіп, Әбішке тоқталды. Әбіштің сан қырлы таланты мен адамгершілік қасиеттеріне пікір білдірді. «Маңғыстаудың 363-інші әулиесі» деген болатын. «Данышпан» деп бағалаған. Маған да сөз берілді. Мен өткен кезеңдерді еске түсіріп, сөйледім. О баста оқу бітіріп келген кезеңде шын ықыласымызбен білім беруге жұмыстанғанымызды айттым. «Бізден сабақ алып, осы кездесуге қатысып отырған азаматтардың көбі математик болды» дедім. Сөз арасында ұстаздық жайлы бір ғұламаның «Оқушы мұғалімнің барлық кемшілігін кешіреді, ол тиянақты білім бере алмаса, кешірмейді» деген қанатты сөзін еске салып, сөйледі. Өзімнің көзім көрген Әбіштің мектеп өміріндегі зеректігін, дарындылығын, қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенділік танытқанын тілге тиек еттім. «Мырзатайдың бағалап айтқан әлгі сөздеріне менің қосып, аларым жоқ, Әбіш жақсы математик, бәрі де оқуға алғырлыққа, зеректікке келеді» дедім. Сол бір өткен жылдардағы жастық шағын, оқушы кезін еске алып, сөз сөйлеген Әбіш ұстаздары жайлы тебіреніп толғады. Әрқайсысына өз пікірін білдірді. Менің атыма да жылы сөздер айтты. «Бекең ағамыз кішіпейіл, мінез танытып, шәкірт кезімізде бізге қатты келген жоқ. Ұстазға тән мәдениетті, негізінен ғалым математик болатын адам еді» деді. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, кезінде Шахта және Үштаған мектептерінде оқып, білім алған шәкірттердің бәрі де қазіргі кезде Маңғыстау өңірінің сан алуан саласында елге қызмет жасап жүрген танымал, абыройлы азаматтар. Олардың қатарында Әбіш Кекілбаевтан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сәбит Әбішев және ауыл шаруашылығының мамандары, колхоз бастықтары, совхоз директорлары мен ферма меңгерушілері Сисен Әбдірахманов, Жомарт Нұрлаев, Қойшы Түркменбаев, Өтелген Нұрқашев, Ерғазы Қоғанбаев, Бердібек Шаңдақбаев, сәулетші, ақын Сайын Назарбек, ұстаздық жолында еңбек етіп, бала тәрбиелеуге үлес қосқан Көшім Көшкінбаева, Үміт Тайманов, Ораз Телемгенов, Алдаберген Нұрманов, Ақсындар Нәсірқұлова, әдебиетшілерден Злиха Шамкелова, Бақыт Балов, Саламат Нұров Ақтауда, Қанат Аманиязов, Іргебай Жарылғасынов, Тілектес Асқарова, Есболай Есенқосов, Штапбай Дүзенов, Мақаш Басшиев, Шеркешбай Тәуірбаев, Мүзой Алдияров, Сүлеймен Қоқанов, Амангелді Тасқараев, Орысбай Төлесінов, Жаңбырбай Төлесінов, Амангелді Орысбайұлы, Сайын Ләтіпов Сайөтесте, Бердібек Амандықов Мерген Өтеулиев, Абат Нығманов сынды еңбек етіп жүрген кәсіпкер азаматтар бар. Олардың кейбірі өмірден өткен. Көпшілігі қазір ара- мызда жүр, - деп әңгімесін аяқтаған еді.Жазып алған Кәрісбай Әділ