Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары 1 қазан - қарттар күніне орай «Үлкенге бізде ізет бар» деген тақырыпта құрмет күнін өткізді. Оқушылар ата-әжелерін мектепке шақырып, олардың өмір туралы түйіп келген терең ойларын тыңдады. «Дара жол» бағдарламасы форматында ұйымдастырылған жүздесуге 10 «D» сыныбының оқушысы Камила Оразғалидың атасы Оразғали Өтеулиев, 10 «А» сыныбының оқушысы Бағдат Күреңтаевтың атасы Күреңтай Ізбергенов, 10 «С» сыныбының оқушысы Нұрберді Мырзабайдың атасы Сайлау Қалиев,12 «І» сыныбының оқушысы Жансая Балхаеваның атасы Жұманұр Балхаев келді. Олар бозбала шақтары, армандары, еңбек жолдары, өмір және отбасылық құндылықтары туралы айтып, жиналған оқушыларды әңгімеге ұйытты. Ал балалар аталарына арнайы көрініс қойып, қазақтың киелі домбырасынан күй күмбірлетті. - Мектебімізге келген аталарымыз көпті көрген, өнегелі өмір жолынан өткен, терең ойлы ақсақалдар екен. Маңғаз Маңғыстаудың қариялары көптеген тұшымды ойлар айтып, балаларды да, өзімізді де рухани байытып, үлкен тәрбиелік сағатын өткізді. Кеш соңында балалар тіпті кездесуден кеткісі келмеді, - дейді мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова. Сондай-ақ, зияткерлер ордасында қарияларға ізет көрсету мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Оқу ғимаратының бас дәлізінде балалардың ата-әжелерімен түскен суреттері қаз-қатар ілініп, ыстық лебіз білдіру тақтайшасы орнатылды. Қарттарға құрмет осымен бітпек емес. Қазанның 5-і күні оқушылардың «Мейірім өскіні» қайырымдылық тобы Маңғыстау облыстық қарттар үйінің ақсақалдарына «Bookcrossing» жобасы аясында кітаптар мен осы күнге дейін бірлесе өткізген кездесулерден естелік альбом сыйламақ. Сонымен қатар, қариялармен Каспий жағасына және қала ішіне экскурсия жоспарланған.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА