Азия құрлығының жүрегі – еңселі елорда төрінде 4–6 қыркүйек аралығында тұңғыш рет «Азия қаламгерлерінің I форумы» өтті. Ауқымы зор, халықаралық мән-маңызға ие іс-шараға Азияны қоныс еткен 44 елден тоқсанға таяу ақын-жазушылар, сондай-ақ республикамыздың түкпір-түкпірінен ҚЖО (Қазақстан Жазушылар одағы) мүшелері белсене атсалысты. Мемлекетіміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға Маңғыстау өңірінен қаламгерлер Ғалым Әріп пен Светқали Нұржан қатысты. Халықаралық форумның мән-маңызы, Азия қаламгерлерінің ортақ диалог алаңында қызу талқыға түскен түйткілді тақырыптар, ойтүйіндер туралы ҚЖО Маңғыстау облыстық филиалының директоры, танымал ақын, жазушы Ғалым Әріппен сұхбат құрған едік.
- Ғалым Бисембіұлы, Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы қалың жұртшылықты, соның ішінде көркем әдебиет саласында қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларымызды елең еткізген оқиға болды. Бүкіл бір құрлық қаламгерлері - зиялы қауым өкілдерінің басын біріктірген жиынның елдікті нығайтудағы, руханият саласына соны серпін берудегі маңызы қандай? – Еліміз тәуелсіздік тұғырына орныққалы беделді халықаралық қоғамдастыққа бірігу- кірігу ісіне белсене кірісіп келеді. Біріккен ұлттар ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен күні кешегі Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, сондай-ақ «ЭКСПО– 2017» өткізуі, халықаралық конфессияаралық келісім орнатуы, Сириядағы қақтығыстарды реттеуге байланысты Астана процесі аясында келіссөздер жүргізуі, жалпы саяси шиеленіс туындаған аймақтарда бітімгерлік миссиясын жоғары деңгейде атқаруы еліміздің халықаралық саяси аренадағы беделін бекіте түскені анық. Кең тынысты экономикалық интеграциялық және қоғамдық-саяси үдерістерге үдемелі қарқын беру, шын мәнісіндегі демократиялық қоғам құру нәтижесінде ерекше реформалық жолмен өркендеу – мемлекетіміздің көпвекторлы, яғни сан қырлы саяси бағытының айқын айғағы. Соның бір дәлелі ретінде ел аумағында түрлі салалар бойынша әлемдік, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралардың жиі өтуі деп бағамдауға болады. Мәселен, көршілес Ресейде жуырда бокстан әлем чемпионаты кеңес дәуірінен бері араға жарты ғасырдан аса уақыт салып тұңғыш рет өткізілуде. Ал Қазақстанда әлемдік ауқымды қамтитын спорттық іс-шара 2013 жылы өткізілген еді. Жуырда күрестің бірнеше түрлері бойынша әлем чемпионаттары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында дүркіреп өтті. Мұның бәрін қысқаша тілге тиек етудегі басты ой – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өзін әлемдік қауымдастықпен етене байланыстағы, алайда өзіндік салихалы саясаты, соны сүрлеуі, түп-тамыр тарихы, рухани-мәдени мол мұрасы бар, ұлттық болмыс-бітімі толысқан байырғы ел, Ұлы Даланың иесі ретінде танытып келе жатыр. Елбасының әрі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және ҚР Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен «Азия қаламгерлерінің халықаралық форумы» елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын ауқымды іс-шараның бірегейі бола білді. Маңызды бас қосуға танымал жазушының ұлық ұлы, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы ат басын бұрып, мазмұнды баяндама жасап, өте өзекті мәселелер төңірегінде көшелі пікір, өрісті ой өрбітті. Әлем әдебиетінің даму көшіне ілескен төл әдебиетіміз, адамзат тарихының ажырамас бөлігіне айналған Азия өркениеті жайында кең толғап, көсіле сөйледі. Жаңа бастамалар көтеріп, тың идеялармен бөлісті. Азия мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлерді біріктіретін бас қосуларды дәстүрлі түрде Азия елдерінің бірінде үш жылда бір мәрте өткізуді ұсынды. Азия халықтары әдебиетінің шығармашылық үдерісіне тың серпін беруге ықпал ету мақсатында Халықаралық әдеби сыйлық тағайындау және Азия елдері әдеби бірлестіктерінің байланысын нығайту, алтын көпір орнату үшін Азия елдері қаламгерлерінің Халықаралық қауымдастығын құру жөніндегі Президент ұсынысы қаламгерлер қауымы тарапынан қызу қолдау тапқаны қуантарлық жайт. Сонымен қатар Азия елдерінің классикалық және заманауи әдеби туындыларының алтын сандығына айналар ортақ электронды кітапхана жасау секілді аса маңызды шешім қабылданды. Соңғы уақытта қамқорлық пен қолдаудан шеттеп қалған ел қаламгерлерінің мәртебе-мерейін көтеруге бағытталған мұндай баянды бастамалар ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісіне соны леп, ал қасиетті қалам иелеріне шалқар шабыт әкелеріне сенім мол. Ауқымды халықаралық шаралардың қазақ жерінде өткізілуі табиғи заңдылық секілді. Бұған бір себеп қазақ халқының ұлан-ғайыр даласындай кеңпейіл, қонақжай, дарқан көңілі, ұстамдылығы десек, өзгесі-алғашқы қауымдық құрылыстан бастап тіршілік ұясына айналған, жаратылыстағы бүкіл наным-сенімнің, діл мен діннің, ұлттық мәдениет пен дәп-дәстүрдің, тектіліктің өзегі – көшпенділердің өмір сүру кеңістігі – Ұлы Даладан нәр алатындығында. Әрине, бағзы сақтар мен ғұндардың, көктүріктердің, Алтын Орданың мұрагері саналатын, аясы киелі Маңғыстау мен Алтайға, Алатау мен Арқаға, төрт құбылаға түгел жол тартып жатқан күретамыр – Қазақстанның барлық гуманистік идеялардың бастауында тұруына негізгі қозғаушы күш те, міне, осы. – Ел Президенті өз баяндамасында Қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде» деген еді. Осы орайда күллі түркі жұртына ортақ өркениет әрі руханият турасында өз ойыңызды білдірсеңіз. – Руханият төңірегінде ой сараласақ, әңгіме желісі адамзат дамуының бастауына баланған Азия мәдениетінен тамыр тартатыны мәлім. Бүгінгі таңда өткенімізді екшеп, түп тарихымызды тануда археологиялық-этнографиялық зерттеулер кеңінен жүргізіліп, қоғам өмірінде тарихи-мәдени жаңғырулар мен рухани сілкіністер бірінің ізін бірі жалғай орын алып жатыр. Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы – мұның тағы бір кепілі іспеттес. Әлі есімде, мектепте оқып жүрген бозбала кезімізде, 1973 жылы Алматыда Азия жазушыларының форумы өтті. Әрине, ол тұста кітапқа, газет-журналдарға халықтың ықыласы, құштарлығы ерекше еді ғой, идеологияның мықты кезі. Мерзімді басылымдарды үзбей оқып, қоғамдық әрі саяси өмірде орын алып жатырған маңызды оқиғалардан әр кез құлағдар болып жүреміз. Сонда бұл форумға сол тұстағы ең бір беделді жазушылар қатысқанын мерзімдік басылымдардан оқыдық. Қаламгерлерге, көркем әдебиетке деген Үкіметтің қолдауы аса зор болатын. Мұндай маңызды әрі салмақты бас қосулар мемлекетаралық мәдени-әлеуметтік, экономикалық, ғылыми-техникалық, жаһандық интеграцияны дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Себебі адамзат баласы жер бетінде жаралғалы бері бірінен бірі үйрену, іздену, озық үлгіні сіңіру арқылы өмір сүру сапасын арттырып, алыс-беріс, сауда-саттық, экономикалыққарым-қатынастарды орнату, инновациялық жаңғырулар нәтижесінде даму жолын жалғап келеді. Ал томаға-тұйық елдер өзімен-өзі оқшауланып, жан-жақты өрлеп-өркендеуден кенже қалып жатады. Мәселен, сонау Ұлы Жібек жолы бойындағы жаһанның сонау шеті мен мына шетін жалғаған елдердің өзара сауда-саттық қатынастары саяси және мәдениетаралық ынтымақтастық пен өзара ықпалдастыққа негіз болғанына дәлел жетеді. Ендеше, толайым табысқа жетудің басты қайнар көзі жалпақ дүниеге жіті көз салу, оқшауланбау, нарықтық қатынастармен бірге адами қатынастарды да парасатты жолға қоюда болып отыр. Әрине, елдік мүддеге қатысты қай мәселеде де, әсіресе жер мен тілден бастау алатын ұлттық құндылықтарды әспеттеуде қателесуге, сынық сүйем шегінуге де құқымыз жоқ! Бұл – аруақты ата- бабалардың аманаты! Көрнекті жазушы Дүкенбай Досжанның «Мұхтар жолы» деген кітабы бар. Менің көкейімде осы кітаптың бір тұсы ұмытылар емес. Оның желісі мынадай еді. 1959 жылы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов күншығыс еліне Азия-Африка жазушыларының форумына сапар шегеді. Жанында бір топ жас қаламгерлер. Қонақ үйге орналасады. Ертесі күні жанындағы жас жолдастары Мұхаңның сынық өңіне қарап, халін сұраса керек. Сонда жазушы жанындағы жолдастарына: «Жігіттер, мына дүниеде ең қор нәрсе не?» деген сауал қойса керек. Сәлден соң өзі «Білесіздер ме, бұл дүниедегі ең қор нәрсе халқыңның санының аз болғаны екен» деп жауап қатыпты. Бұл ғұлама жазушының соның алдында ғана атом бомбасы соққысынан зауал шегіп, соған қарамастан тез есін жиып, еңсе тіктеген, өркениет көшінің алдыңғы легіне шығып үлгерген Жапон елінің халық саны (110 млн.), сан салалы даму үрдісін ой таразысына салып, қайран қазақтың басынан кешкен тағдыр талайы, сол тұстағы хал-күйімен салыстыра келе көңілге түйген пайымы болса керек. Сол айтпақшы, елдер арасындағы таныс-біліс, барыс-келіс ой-сана серпілісі мен толысуына, қоғамда жаңашыл бастамалардың бас көтеруіне түрткі болатыны белгілі. Азия ақын-жазушыларының форумына 44 елден қабырғалы қаламгерлер қатысты. Олардың қатарында Нобель сыйлығынан үміткер болғандар, басқа да талантты қаламгерлер, ұлт әдебиетіне сүбелі үлес қосқан сөз өнері тарландары бар. Форум аясында көптеген баяндамалар оқылды. Тың идеялар, соны ойлар, философиялық тұжырымдар ортақ талқыға салынды. Бас қосуда бас көтерген баршаға ортақ негізгі идея – жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығын қайта қалпына келтіру, Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу. Ал түркі дүниесінің бірігуінің басты себебі – түбі бір түркі жұртының бүгінгідей қауіп-қатері мол алмағайып дәуірдегі мақсат-мұраты мен өткенін түгендеу, болашағын барлау, баянды-базарлы ету деп білеміз. Тарих тереңіне бойласақ, ел Президенті баяндағандай, бүкіл адамзат дамуындағы құндылықтардың басым бөлігі Азия құрлығынан бастау алғаны даусыз. Шыны керек, 17-ғасырдан бастау алатын аса зор қарқынды ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде Батыс өркениетіне бой ұру белең алды. Ал адамзат өркениетінің қайнар бастауы, тал бесігі – Азияның алтын тамырлы тарихы туралы насихат жетіңкіремей жатты. Адамзат тарихының дамуы металл өңдірісі дамуымен тікелей байланысты десек, металл өңдеу ісі де ең алғаш түркілерде пайда болғандығына тарихи деректер куә. Ерте антикалық дәуірге жататын грек-рим мәдениетіндегі металл өңдеу, құюды, теңіз жағалауын мекен етсе де қарапайым темір зәкірді істеуді де олардың көне түркілерден үйренгені жайлы сирек кездесетін құнды тарихи құжаттар баяндайды. Ежелгі Грекияда өмір сүрген ұлы данышпан, скифтердің ұрпағы Анарыс пен Тоқсары металды балқытып өңдеуді, ғылымды үйретеді. Күллі түркіге ортақ тарих пен рухани құндылықтар туралы шежірелі толғамды шексіз жалғай беруге болады, әрине. Ендеше, қаламгерлер форумына қайта оралсақ. Сүбелі ой-түйіндер, пәлсапалық пайымдаулар тиегі ағытылған алаңда жоғарыда айтылғандай көне дәуірдегі Азия мәдениеті, оның әлемдік мәдениеттегі алатын орны жайлы кеңінен әңгіме қозғалды. Бұл ретте Елбасының терең қатпарлы тарихы ықылым замандардан тамыр жайған, бір өкініштісі жазба әдебиеті болмаған, әрине, сына жазуларды айтпағанда көшпенділер өркениеті жайлы құнды тарихи жазба деректерді Қытай, Иран, Түркия, Ресей, Сирия, Египет, Еуропа т.б. елдердегі мұрағаттардан жинақтау, 100 том етіп жарыққа шығару сынды игі істерін жұртшылық жоғары бағалады. – Ғалым аға, форум аясында оффсайт сессия өтті. Қаламгерлер кесек ойларын білдіріп, тың тақырыптарда баяндамалар жасады. Сізге ерекше әсер еткен баяндама болды ма? Өзге елдерден келген қаламгерлермен жүздесіп, пікір алмасуға мүмкіндік туды ма? – Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумына қатысуымыздың өзі үлкен бір мақтаныш, мерей деуге саяды. Үш күнге созылған форумның аясында корей, түрік, моңғол, орыс, араб ұлттарының зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, өмір тәжірибесі, қаламгерлік қабілетті шыңдау турасындағы ой-пікірлерінен құлағдар болдық. Жас қаламгерлермен де кездесу орын алды. Бір-біріне таңсық мәдениеттердің өзара үн қатысуы тың тақырыптар аясын кеңейтуге, жаңа идеялар легін толықтыруға сеп болған секілді. Корей елінің жазушысы, Нобель сыйлығының номинанты Ко Ын рухты, зор серпінмен баяндама жасады. Өз сөзінде Шығыс әлемінен шыққан қаламгер ретінде корейлер мен көшпенділердің түп-тамыры ортақтығын, өз бабаларының сақ даласынан шыққанын мақтан ететінін айтып өтті. Қаламгердің ұлт тарихын жетік білуі, тарихи салмағы зор туындыларды дүниеге әкелуі – қоғам қайраткері ретінде қалыптасуының негізгі алғышарты. Ұлттың түп-тамыры мен құндылығын, оның мұң-мұқтажын терең қаузай зерттеп, жазу арқылы адамзатқа ортақ мәселені көтеруге болады. Осы орайда Қабдеш Жұмаділов ағамыздың пікірі көкейіме қонды. Ол әлемдік мәдениет әрі әдебиет туралы сөз қозғай келе, әлемдік әдебиет деген жеке-дара ұғымның жоқтығын алға тартты. Әлем әдебиеті ұлттар әдебиетінен құралары сөзсіз, кез келген қаламгердің ұлттан асып ешқайда бара алмайтындығы, ұлттан тыс әдебиеттің мүлдем болмайтындығы да рас. Ұлттық құндылықтар – кез келген ұлттың асыл діңгегі. Мәселен, Францияда жылма-жыл ұлттық мәдениет байқауы ұйымдастырылады. Бір жолы байқауға Маңғыстау өңірінен домбыра құлағында ойнайтын дәулескер күйші Сержан Шәкірат ағамыз қатысып, аса шебер виртуоз ретінде француздар құрмет-қошеметіне бөленген еді. Биыл 80 жасты алқымдаған Серағаңның 50 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға жетекшілік еттім. Сол кезде Абай атындағы мәдениет сарайында күй құдіреті мен күйші шеберлігіне тәнті болысқан өзге ұлт өкілдерінің түрегеп тұрып тыңдап, рухани ләззат алуы, толассыз қошемет бір сәтке үзілмеуі әлі күнге дейін көз алдымда. Міне, осының өзі – қазақтың ұлы мәдени мұрасының құдіретіне деген шексіз құрметтің бір көрінісі. Форумда өзге ұлттың қаламгерлерімен сұхбат құруға, пікір алмасуға тілдік барьер кедергі келтірді. Қазақта төрт құбыла деген түсінік бар. Адамның басты тірегі – Отаны, отбасы, ошақ-қасы. Екіншісі, ақыл-ойы. Үшіншісі – тіл білуі. Тіл білмесең, жат жерде жағың байланып қалады. Өзін-өзі дамытам деген жан бірнеше тіл білсе кең жаһанды талтаңдап жүріп кезеді. Көптілділіктің пайдасын сезеді. Ал әлемді кезсең, әрі рахат табасың, әрі адамзат өркениеті, бәсеке дегеннің не екенін түйсінесің. Қолынан іс келетін, елі мен жерінің, халқының бақуатты тірлігін ойлайтын ерлерге сүйсінесің. Әрине, ана тіліңді бәрінен жоғары қою және оны жете біліп, сол тілде сөйлеу, ұрпағыңа дарыту – азаматтық парызың әрі ана сүті алдындағы қарызың. – Қатысушылар форумды ұйымдастыру деңгейіне жоғары бағасын берулі. Бұл – Қазақстан Жазушылар одағының нәтижелі жұмысы. Бүгінгі таңда Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалына жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда филиал жұмысының басты бағыты жайлы баяндап өтсеңіз? – Адамзатқа дарыған жеті өнердің өзегі – әдебиет (поэзия). Адам бойына ізгі адамгершілік қасиеттерді дарытатын да, ой-өресінің өсуіне, ұлттық рухтың оянуына, санасының серпілісіне сеп болатын да – көркем сөз құдіреті. Қазіргі таңда қоғам көркем әдебиетке, кітап оқуға қайтадан бетбұрыс жасап келеді. Жас буын бойында кітап оқуға деген қызығушылық қайта оянуда. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен форумның қазақ ақын-жазушыларының қоғам алдындағы бедел-мәртебесін көтеруде, қазақ әдебиетін насихаттауда маңызы зор болғандығы рас. Бүгінгідей сәті келгенде, Жазушылар одағының өңірлік филиалының қызметіне тоқталып өтуге әбден болады. Ескере кететін бір жайт, бұл өз алдына жұмыс жасап тұрған жеке мекеме емес. Арнайы қаржыландыру көзі жоқ, мен барлық жұмысты ақы-пұлсыз, тек қоғамдық негізде ғана жүзеге асырамын. Бір кездері Темірхан Медетбек ағамыз Қазақстан Жазушылар одағының консультанты деген лауазыммен ұзақ жылдар бойы штатпен қызмет атқарды. Қазіргі таңда шағын ұйым заңды филиал ретінде қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында біздің ұйымның қызметі нәтижесінде жергілікті 19 ақын-жазушы – Одаққа мүше. Жазушылар одағына өту, өткізу оңай шаруа емес. Тісқаққан жазушылардың талабы қатал, жіті. Мәселен, көрші Атырау облысында 12-13 қаламгер ғана Жазушылар одағының мүшесі. Соңғы жылдары Отыншы Көшбайұлы, Әбілқайыр Спан, Медет Дүйсенов, Мырзатай Болат, Үміт Жәлеке, Наталья Задерецкая секілді қаламгерлер Одаққа өтті. Қалбай Әбдіраман Өзбекстанның Жазушылар одағына мүше екен, өзімізге ауыстырдық. Алдағы уақытта республика көлеміне кең танымал сатирик Әзірбайжан Қонарбаев ағамызды, талантты ақын Ислам Қосжанды, прозаик, сатирик Ерекен Қорабаевты, ақын Айнахан Есет пен жас ақын Асылбек Жаңбырбайды Одақ мүшелігіне өткізуді ұсынып отырмын. Әрине, өлкемізде мықты, талантты қаламгерлер өте көп. Дегенмен бәрін бірдей Одақ мүшелігіне өткізу мүмкін бола бермейтіндігі өзінен-өзі түсінікті. Мұның барлығы – алдағы уақыт еншісіндегі дүниелер. Облыстық филиал құрылғалы жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын насихаттау мақсатында мерейтойларын атап өту секілді маңызды іс-шараларды атқаруға мұрындық болып келдік. Соның қатарында Айтуар Өтегеновтің 70 жасқа, Темір Мыңжастың 60 жасқа, Бектұр Төлеуғалидың 75 жасқа шығуына орай шығармашылық кештерді ұйымдастыруға ұйытқы болдық. Бұдан өзге Маңғыстау қаламгерлерінің кітаптарының жарық көруіне, талантты жас буын өкілдерінің облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жариялануына түрткі боламыз. Мәселен, республикалық «Ана тілі» газетінде арнайы бет ұйымдастыру арқылы жас ақын-жазушылар шығармаларын насихаттау сәтті жүзеге асқан істің бір парасы ғана. Республика көлемінде өтіп жатқан неше түрлі айтулы шараларға маңғыстаулық қаламгерлер тобының қатысуына, шетқақпай қалмауына бар күш-жігерімді салып келемін. Астанада Ұлттық кітапханада Маңғыстау қаламгерлерінің 50 томдығының тұсаукесерін өткізіп, Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен академик, жазушы жерлесіміз Жұмат Тілеповтің 70 жылдығы, Жазушылар одағында өткен Мірзағали Іңірбаевтың 60 жылдығына арнайы барып құттықтап, атсалыстық. Бұндай жүйелі қызметті жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсетіп келе жатқан облыстық әкімдікке, меценат кәсіпкерлер мен мұнай саласындағы компанияларға алғысым шексіз. Тағы бір айтарлығы, бірқатар облыстарда жыл сайын жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеу, творчествосына қолдау көрсету, рухани салаға соны серпін беру мақсатында облыс басшылары еркін тұрғыда кездесулер өткізіп, Жазушылар одағының мүшелеріне бір реттік сыйақылар тағайындалып тұрады. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені жоғарғы жақтағы көптеген сыйлықтарға шалғайдағы жазушылардың қолы жете бермейді. Ал өзіміздің барымызды бағалау аймақ тұтқасын ұстаған ұлтжанды, өрелі азаматтардың өнегелі ісі болмақ. Сондай-ақ «Жыл жазушысы» жөніндегі мәселені белгілі ақын қарындасымыз Анар Шамшадинова орынды көтеріп жүр. Біз бұл бастаманы өте құптаймыз. Көркем әдебиетсіз ұлт көктемейді. Сана-сезімі жетіскен ұрпақ өркен жая алмайды. Өйткені көркем әдебиет адам баласын адалдыққа, адамгершілікке, ізгілікке, қайырымға, ұлттық діл-дәстүрді сақтауға тәрбиелейді. Құр сөзбен емес, көркем тіл, көркем образбен баурайды. Жаманнан жеріндіріп, жақсымен сүйіндіреді. Бес-алты жылдықта көршілес Ресейдің Түмен облысына бір топ журналистер сапар шектік. Түменде мұнай өндірісі мықты дамыған. Сапар барысында Түмен облысының ішкі саясат басқармасының басшысымен әңгіме-дүкен құрып, Жазушылар үйіне де арнайы бас сұқтым. Сырты келісті, іші жайлы ғимаратта жазушылар бас қосады екен. Бір-бірімен арқаны кеңге салып, әңгіме-дүкен құрысқан жазушыларды көріп, қызыққаным рас. Бұдан бөлек екі қабатты Журналистер үйі де бой көтерген. Бір ғимаратта газет-журналдар редакциясы, полиграфиялық баспа құрылғылары орналасқан. Ал қаланың сыртқы аумағында медициналық қалашық бой көтерген. Медицинаның сан саласы бойынша арнайы бөлімдер ең озық үлгідегі құрал-жабдықтар, құрылғылармен жасақталған. Мұнда Ресей елінің ең үздік медицина мамандары қызмет етеді екен. Не керек, керемет дүние! Мұнай табысын тиімді жұмсау, ел игілігіне, кәдесіне жарату, «қара алтын» қазынасы арқылы әлеуметтік-рухани саланы қолдау ерекше жолға қойылғаны тәнтті етті. Менің айтпағым, біз де сондай мұнайлы өлкеміз, жерімізде қазба байлықтың бәрі бар. Ендеше, рухани байлықты жасап отырған, ел рухын көтеретін шоқтықты шығармалар жазып жүрген қаламгерлерге де қолдау қашанда қажет. Жазушылар одағының филиалына арналып бір не екі бөлмелі кабинет беріліп жатса, жазушылардың бас қосып, заманауи идеялар төңірегінде ортақ ой-пікір алмасуына, тың туындыларды талқылауына керемет мүмкіндік болар ма еді?! Өз кезегінде жазушылар да ел тыныштығына, бірлігі мәселесіне билікпен бірге араласып, қасиетті Маңғыстау байтағының аты шартарапқа таныла беруіне сөз құдіреті, қалам қасиетін таныта бермек.Сұхбаттасқан Голрох ЖЕМЕНЕЙ