Балалар қауiпсiздігі бақылауда ма?
[ 2019 ] 24 қыркүйек, 06:41 | Қоғам
Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету—адамдардың өмiрi мен денсаулығын, меншiгiн, ұлттық байлық пен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi мемлекеттiк қызметтiң ажырамас бөлiгi саналады. «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес бұл міндеттер, яғни мемлекеттік өрт бақылау мен елді мекендерде және аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінде өртті сөндіру, сондай-ақ стратегиялық саланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және функцияларын іске асыру төтенше жағдайлар органдарына жүктелген.
Жақында Маңғыстау облысының білім басқармасы уәкілетті органдармен бірлесіп, 2019 жылға арналған білім беру нысандарына қатысты түрлі мәселелер бойынша дөңгелек үстел өткізді. Басқосуда Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Мұханов «Білім беру нысандарының өртке қарсы жағдайы туралы» баяндады.
- Берілген санаттағы нысандар төтенше жағдайлардың болуы мүмкін болжамы бойынша жоғары тәуекел дәрежесіне жатады, - деді ол. - Бұл көлемді аудан, қабаттар санымен, жайғастыру шешімінің күрделілігімен, яғни оттың таралуы мен түтін және жоғары температура түрінде, оның теріс факторларын сүйемелдейтін жолдардың көптігімен анықталады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласы бойынша жылына екі рет Маңғыстау облысының білім беру нысандарына тексеру жүргізеді. Білім беру нысандарында қалыптасқан екі кезеңнен тұратын бақылау үлгісі жаңа оқу жылы басталар алдында білім беру нысандарын өрт қауіпсіз жағдайға келтіруге бағытталған. Бақылау-тексерудің 1-кезең, ақпан-мамыр айларында ерекше тәртіппен және 2-кезеңі маусым-тамыз айларында жүргізіледі. Бұл жазғы демалыс кезінде, яғни, оқу процесіне әсерін тигізбей, өртке қарсы күрделі іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес білім беру объектілеріне өрт қауіпсіздігі саласында келесідей талаптар қойылады:
- Жалпы бiлiм беретiн нысандарда өрт қауiпсiздiгi қағидаларын зерделеу бойынша нұсқаулық сабақтарын өткiзу қажет;
- Бөлмелерде жиһаздар мен жабдықты орналастыру кезiнде адамдарды кедергiсiз эвакуациялау және өрт сөндiру құралдарын алуы қамтамасыз етiледi;
- Ғимараттың автоматты өрт дабыл қондырғыларына мамандандырылыған ұйымдар техникалық қызмет көрсетуі қажет, өрт сөндіргіштер мен ішкі және сыртқы өртке қарсы су желілерін жарамды күйде ұстау керек;
- Оқу сыныптары мен кабинеттерiндегi парталар (үстелдер) саны жобалау құжаттамасында белгiленген саннан аспауы тиiс.
Осы ережелерге бойынша азаматтық қорғау органдары тарапынан білім беру нысандарынөрт қауіпсіз жағдайға келтіру мақсатында жан-жақты практикалық көмек көрсетілді. Азаматтық қорғау органдары практикалық көмек көрсету аясында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау және өрт туындаған кездегі іс-әрекет тақырыптарында білім беру нысандарының 1 500 астам қызметкерін қамтыған 35 практикалық жаттығу және 77 нұсқаулық өткізді. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінің 32 ш/а 17 қабатты ғимаратында өрт-техникалық жаттығу өткізіліп, оған 170 адам қатысты.
Жыл басында департамент білім беру басқармасымен бірге оқушылармен төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік сезімін тәрбиелеу мақсатында 2019 жылға интерактивті сабақтар жоспары бекітті. Осы бағытта 500-ден астам мектептегі 19 мыңнан астам оқушыны қамтыған 62 интерактивті сабақ өткізілді.
Жаз маусымында сауықтыру лагерлерінде департамент қызметкерлері балалар мен тәлімгерлермен бірге 47 өрт-техникалық сабақтар, дәрістер және әңгімелесу жұмыстарын өткізді. Сондай-ақ шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын атап өткен жөн. Балаларға қызықты болуы үшін ондай шаралар әр түрлі форматта ұйымдастырылады.
Басқосуға қатысушылар балалар қауіпсіздігі үшін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тындырылған жұмыстарды талдап, алдағы жоспарларды тағы бір пысықтап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
867
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.