Жыраудың алтын қазынасы
[ 2019 ] 24 қыркүйек, 06:24 | Қоғам
Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының өнер бөлімінде «Маңғыстаудың Гомері» атанған Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Өнері – өмірінің жалғасындай» атты сұхбат кеш өтті.
Кешке жыршы Жеткізген Сейтов, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері Нұргүл Дабысова, Дариға Аманиязова және Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы гуманитарлық колледж студенттері қатысты.
Ал №9 орта мектеп оқушылары көрермен ретінде керемет әсерде болды, олар студенттердің «Қырымның қырық батыры» жырынан оқыған үзінділерін оқып, тыңдаушыларға Аңшыбай батыр, Парпария, Орақ және Мамай батырлар туралы деректер айтты.
Мұрын Сеңгірбекұлы (1859–1954) – жырау, Қазақ халқының рухани асыл қазынасының бірі «Қырымның қырық батыры» жырын Сыпыра жыраудан бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға жеткізіп, «қазақтың Гомері» атанған ұлы жыршы.
Жырау туралы жарық көрген деректерге сүйенсек, өз аты Тілеген болғанмен, жеңгелері «Мұрын» деп тергеуіне байланысты, солай аталып кеткен Мұрынның әкесі Сеңгірбек, атасы Айғыр – белгілі ұста, зергер болған адамдар. Әкесі Мұрынды жас кезінен ұсталық, зергерлік өнерге баулығысы келгенмен, жас шағынан жырға құмартқан баласы Нұрым, Мұрат, Қашаған, Ақтан секілді атақты ақын-жыршыларға еріп, өзбек, қарақалпақ елін аралап, жыраулық өнерді өмірлік мұрат тұтқан.
Табиғат ерекше есте сақтау қабілетін берген талантты жыршы 18 жасынан бастап Маңғыстау түбегінен асып, Бұқара мен Хиуаның, Әмудария мен Сырдарияның бойын жайлаған жалпақ елге халықтың қымбат қазынасын төкпей шашпай саф күйінде жеткізе білді.
«Қырымның қырық батыры» жырының дүниеге келуі турасында Мұрын жыраудың өзі «Бұл жырлардың бірінші шығарушысы – осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау» деп мәлімдеген. Сыпыра жыраудан жеткен жауһар жырлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса келе Абыл жырауға ұласып, Абылдан Нұрым жырауға, одан Мұрын жырауға жеткен.
Қырық тараудан тұратын жырдың әрқайсысы жеке-жеке батырларға арналған және алдыңғы батыр кейінгі батырдың ұрпағы болып жырланады. Сондықтан қырық батыр жайлы жырлар тұтас бір-бір дәуірдің тарихи шежіресінен хабар беретін деректі оқиға жиынтығы секілді.
Ғалымдар тұжырымдауынша, «Қырымның қырық батыры» туралы жыр деп аталатын циклді жырлар өзінің құрылысы жағынан қырғыздың белгілі «Манасын» еске түсіретін, бірақ көлемі бойынша одан екі есе үлкен, қалыпқа түскен тұтас бір мәдени дүние...».
1942 жылы Мұрын Сеңгірбекұлы Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті, академик Қаныш Сәтпаевқа ауыз әдебиетінің айтулы мұрасын тапсыратын жалғастырушысының жоқтығын айтып хат жазады. Сол кезде Қаныш Имантайұлының көмегімен, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанына, елдегі әлеуметтік қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан үкіметі қазынадан қаражат бөлгізеді. Мұрынды Маңғыстаудан сонау Алматы қаласына алдыртып, жатын-жай, ас-сумен қамтып, хатшылыққа ақын Мәриям Хакімжанованы қосып, жыраудың барлық жағдайын жасайды. Нәтижесінде жыршы «Қырымның қырық батырының» 36 батыры туралы жырларын он ай бойы ауызша айтып, сол жерде қол жазба күйіне түсіріледі, одан кейін қосымша 4 батыр туралы жырды 1947 жылы қосымша жаздырып жіберген.
1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия түркі тілдес халықтарының фольклоры туралы Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияда Мұрын жырлаған «Қырымның қырық батыры» эпосының дүниежүзілік маңыздылығы туралы айрықша айтылды. Орасан мол қазынаны 45 тәулік бойы талмай жырлап, көзінің тірісінде «Маңғыстаудың Гомері» деген атаққа ие болған Мұрын жырау Сеңгірбекұлы 1954 жылы 29 тамызда дүние салды.
Халық мұрасын ұрпаққа жеткізуші ұлы жыраудың 150 жылдығы қарсаңында НұрСұлтанда өткен жиында белгілі жазушы, зерттеуші Әнес Сарай: «Маңғыстаудағы Мұрын жыраудың мұражайын үлкейтіп, республикалық деңгейге көтеріп, «Қырымның қырық батырының» мүсіндерін жасатып, мұражайға кірген адам өзіндік бір батырлар әлеміне еніп кеткендей әсер алатындай етіп орналастыру керек» деген ұсынысын білдірген болатын.
Осы оңды ұсыныс жақын болашақта аяқсыз қалмай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай шаралар жүйесімен жүзеге асып жатса, Мұрын жыраудың әруағы ырза, қазақтың қазыналы жырының мерейі үстем болар еді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
1429
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.