Биыл қазақ мұнайына – 120 жыл, Қаламқас мұнай кен орнына – 40 жыл. Осы жылдар ішінде туған жердің табиғи байлықтарын игеруді мақсат етіп, мұнайшы мамандығын таңдаған азаматтар аз емес. Сондай алдыңғы буын ағаларымыздың бірі – Өрен Сағындықұлы. Ол 1946 жылы 20 сәуірде Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылының Тұшығұй деген жерінде Шоңай Қожамбет баласы Сағындықтың шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Қожамбетұлы Сағындық Жыңғылды өңірінде 1897 жылы дүниеге келген, мұсылманша сауатты, орыс әлібпиін өз бетінше ауылдағы татар молдадан үйренген, ФортАлександровскідегі мұғалімдер дайындайтын курста оқып елді сауаттандыру жұмыстарына араласып, мұғалім болып, аудандық милицияның Үстірт-Сам бөлімінде де қызмет еткен. Соғыс кезінде жұмысшылар батальонында болған, елге келгеннен кейін аудандық қаржы бөлімінде салық инспекторы, аудандық ауруханада шаруашылық меңгерушісі болып қызметтер атқарады. Анасы Әріп Қожамбетова 1906 жылы туған. Колхоздың әр түрлі жұмыстарын атқарып, кейін үй шаруасында болады. Әріп анамыздың айтуынша, Өрен ағамыз кішкентайынан тынымды, сабырлы, көп жылап мазаламайтын бала болған. «Қоралы қойды сауып келгенше бесігінде жыламай жататын» деген анасының сөзін Өрекеңнің өзі де еске алып отырады. Өрекең 1953 жылы Жыңғылды ауылындағы жеті жылдық мектептің бірінші сыныбына барып, белгілі ұстаз Шәңкәри Қодановтан дәріс алып, төртінші сыныпты бітіріп, 1958 жылы Таушықтағы Шахта орта мектебінің бесінші сыныбына оқуға келді. Осы мектепте елімізге белгілі ұстаздар – Торғай Шоңқалов, Диар Төлебаев, Кетебай Қиынов, Тұраш Озғанов, т.б. дәріс алып, 1964 жылы 11 жылдықты бітіріп, өмірге жолдама алып шықты. Бұл жылдар Маңғыстау өңірінің бүкіл КСРО-ға, тіпті дүние жүзіне белгілі болып жатқан жылдары еді. Маңғыстау түбегінен мол мұнай қоры табылып, ел болашағының мұнайға байланысты болатынын мектеп бітірген жастар да сезіне бастаған. Осы кезде мектеп бітірген 47 баланың көпшілігі білім іздеп жан-жақтағы білім ордаларына аттанды. Солардың бірі болып Өрекең де қасында сыныптасы Ізберген Жаржанұлы бар Таушыққа демалысына бір рет пошта әкелетін АН-2-мен Атырауға, одан әрі пойызбен Алматыға барып, Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне құжаттарын тапсырады. Сынақтан мүдірмей өтіп, екеуі де осы институттың студенті атанады. Әрине, таңдаған мамандығы – мұнайшы болу, бірге түскендердің көпшілігі Форт-Шевченко мен Атыраудың балалары екен. Сонымен студенттік жылдар да сынаптай зырғып өте шықты. 1969 жылы аталған институттың мұнай факультетін «Мұнай және газ кен орындарын кешенді игеру және механикаландыру» мамандығы бойынша бітіріп, жас маман ретінде жолдамамен «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігіне жұмысқа жіберілді. Мұнда жас мамандарды кадр бөлімінің басшысы Алым Жаңбуршин жылы қабылдап жаңадан құрылған «Өзенмұнайгаз» басқармасына жолдайды. Сөйтіп, Өрекеңнің еңбек жолы Өзен кен орнынан басталған. «Өзенмұнайгаз» басқармасында мұнай өндіру операторынан бастап, аға оператор, мастер, смена бастығы, цех бастығының орынбасары, цех бастығы, бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарды. Өрекең, Өзен кен орнында жұмыс істеген кездерінде көптеген облысымызға белгілі мұнайшылармен қызметтес болып, олардан көп нәрселерді үйренгенін еске алады. Олар – Юрий Корчагин, Өтепқали Тажіғалиев, Нұрлыхан Бекбосынов, Мұрат Саламатов, Махамбет Батырбаев, Мақсат Боранбаев, Құрақ Тлеуқұлов т.б. Өрекең басқарған Өзендегі №3 кәсіпшіліктен елімізге белгілі көптеген мұнайшы еңбек озаттары тәрбиеленіп шықты. Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, Еңбек даңқы орденінің екі мәрте иегері Ақжан Кадымова, Құрмет белгісі орденінің иегері, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Әбенов, Құрмет белгісі орденінің иегері Қаржаубай Сенгралин және т.б. мұнайшылар. Сөйтіп, Өрен Сағындықұлы Өзен кен орнында он бес жыл (1969–1984) қызмет етіп, 1984 жылдың соңында Бозашы түбегіндегі Қаламқас кен орнынан ашылған Комсомольскнефть кейіннен «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасына бас инженерлікке бекітілді. Бұл кез – Бозашы түбегіндегі мұнай өндірісінің игерілуін жеделдету жөніндегі партияның тапсырмасын орындауға байланысты жаңа Мұнайлы ауданы құрылып, кен орнындағы жұмыстың қызу қарқынмен жүріп жатқан кезі болатын. Осы жылдары мұнай өндіру көлемі жылына 6 млн. тоннаға жетіп, өндіріске көптеген жаңа техникалар, технологиялар енгізіліп, кәсіпшілік аралық асфальт жолдар, кен орнын теңіз суынан қорғайтын дамба салынды. Бұл жұмыстардың басықасында әрқашан Өрен ағамыз жүрді. 1992 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. Осы жұмыста 2010 жылға дейін жасап (арасында 34 жыл «Маңғыстаумұнайгаздың» бас аппаратында Қаламқас кен орны бойынша менеджер болып істеді), 2010 жылы бас директордың кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 2011 жылдың аяғында өз қалауы бойынша зейнеткерлікке шықты. Сол 2011 жылдан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқу-әдістемелік кешенінің меңгерушісі қызметін атқаруда. Білгені мен түйгенін осы саланы игерсем деген жастарға үйретуге атсалысуда. Өрен Сағындықұлы қысы-жазы өндірістің тынымсыз жұмыстарында жүрсе де әлеуметтік, қоғамдық шараларға белсене араласты. Ол 1989–1994 жылдарда Ақтау қалалық кеңесінің, 2004–2007 жылдарда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Оның есімі 2009 жылы шыққан «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енді. Бұл жылдарда Өрен Сағындықовтың Маңғыстау мұнайын игерудегі еселі еңбегіне орынды мақтаулар да болды. ВЦСПС-тің Құрмет грамотасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Президентінің алғыс хаттары (2001, 2009). Сондай-ақ облыс, мекеме әкімшіліктерінің Құрмет грамоталары, алғыс хаттары, «Қазақстан мұнайына – 100 жыл», «Маңғыстау мұнайына – 50 жыл», «Маңғыстау облысына – 35, 40 жыл» төс белгілерімен наградталды. Өрекеңнің өз сөзімен айтсақ, адам үшін ең қымбат қошемет – қызметтес болған адамдарыңның, дос-жарандарыңның, халықтың «Ой, кәпір! Бұл жаман адам, осыдан қорлық көрдік» демегені. «Рақмет, көп жаса!» деген ақ тілегі мен батасы. Өрекең өмір бойы өзі қызмет еткен мұнайшы мамандығы бойынша мол тәжірибесімен бөлісу үшін бүгінгі жас әріптестерімен жиі жолығып, кездесулерге қатысып, ақылкеңесін беріп келеді. Ө.Сағындықұлы 1973 жылы Жолболдина Айсұлу Мұханмедиқызына үйленіп, шаңырақ көтерді. Айсұлу да – жоғары білімді инженер. Өзен қаласындағы қазақ газ өңдеу зауытында алғашқы кірпіші қаланғаннан көп жылдар жұмыс жасап, кейін «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінен зейнеткерлікке шықты. Екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де – жоғары білімді мамандар, әке жолын қуған мұнайшылар. Үлкен ұлы Жеңісбек Қансу мекемесінде бас инженер, қызы Жазира «Ойл сервиз» мекемесінің жоспарлау департаментінде жетекші экономист, кіші ұлы Нұрлан «Қаламқасмұнайгазда» жетекші маман, келін, күйеу балалары да жоғары білімді мамандар – мұнайшы, механик, санитарлық дәрігер. Ө.Сағындықұлы мен А.Мұханмедиқызы – немерелері мен жиендерінің ортасында бақытқа бөленіп отырған мерейлі отбасы иелері. 2014 жылы Сағындықовтар әулеті облыстық мерейлі отбасы байқауына қатысып, жүлделі орынды иеленді. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін, ауыр бейнеттің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлеріне тек қана денсаулық тілейміз!
Нағбду ҚАМАРОВА, Yessenov University профессоры