Ақтауда ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен «Парасатты полицей» дәстүрлі оныншы республикалық байқауы өз мәресіне жетті. ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізілген байқаудың мақсаты – ішкі істер органдарында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, полицейлерді Отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, сондай-ақ полиция мамандарының мәртебесін көтеру болып табылады. Биыл «Парасатты полицей» байқауына әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған 21 топ қатысты. Олар түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің алғырлықтарын, актерлік шеберліктерін көрсетті. «Парасатты полицей» байқауының қорытындысында әділ қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының «15-өңір», Жамбыл облысының «Тараз қырандары» және Ақмола облысының «Көше сақшылары» иеленді. Ал екінші орынды Шымкент қаласының «Мегаполис» пен Ақтөбе облысының «Серт береміз» командалары өзара бөліссе, жүлделі бірінші орынға көліктегі полиция департаментінің «Көлік сақшылары» тобы ие болды. Республикалық байқауда ең үздік өнер көрсеткен Алматы облысының «Жетісу арландары» командасы бас жүлдені қанжығасына байлады. «Актерлік шеберлігі үшін» номинациясымен Батыс Қазақстан облысының «Жетінші аймақ» командасы, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясымен Павлодар облысының «Сарыарқа сақшылары» командасы, «Көркем сөз шебері» номинациясымен Қостанай облысының «Алаш ұлы» командасы марапатталды. ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының «Полиция ажары» командасына «Ұйымшыл команда» атағы берілсе, Қызылорда облысының «Сыр сарбаздары» командасы ерекше өнерімен «Өнерлі команда» атанды. Атырау облысының «Елдің баласы» командасы ерекше көзге түсіп «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар облыс әкімі Серікбай Трұмов барлық жеңімпаздарды құттықтап, байқауда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда белсенділік танытқан Шығыс Қазақстан облысының «Алтын Алтай», Түркістан облысының «Түркістан қырандары», Нұр-Сұлтан қаласының «Елорда», Алматы қаласының «Полиция жастары», ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының «Алатау қырандары», ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Қабылбаев ұрпақтары», ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы заң институтының «Бөкенбаев барыстары», Қарағанды облысының «Алаш айбыны» командаларына Маңғыстау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар табыстады. Келесі байқау 2020 жылы Ақмола облысында өтеді.
Арай ЖАУПЕРОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84993,84995,84996,84994,84998,84997,84999,85000,84991,84992"]