Бүгінде әлем елдерінің қарым-қатынас тілі ағылшын болса, әлем тұрғындарының бестен бірі қолданатын халықаралық тілдердің бірі – араб тілі. БҰҰ-дағы ресми тілдердің бірі санатындағы бұл тіл жиырма екі араб елінің мемлекеттік тілі болып табылады. Еліміздің араб елдерімен оқу-мәдени, сауда т.б. ынтымақтастығын нығайтуда, сондай-ақ халықаралық қоғамдастыққа интеграциялануында тіларалық коммуникацияны қамтамасыз ететін өз тіліміздегі аударма саласында жасалып жатқан еңбектер саусақпен санарлықтай. Аударма сөздіктерге, тілашар кітаптарға деген сұраныстар күн өткен сайын артуда. Жуырда осы бір олқылықтың орнын толтыратын еңбек жарық көрді. Ерлі-зайыпты еңбекқор ғалым жерлестеріміз Нияз Тобыш пен Жұмагүл Пилтанның қазақша-арабшаағылшынша тілашар кітабы бүгінгі күн талабына сай қажеттілікті өтейтін құрал ретінде ұсынылған. Тілашарда күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері, сөйлеу әдебіне қатысты оралымдар, уақыт, апта күндері, сандар, түстер т.б. сөз құрастыруға қажетті қысқа сөздер мен сөйлемдер қамтылған. Кітап негізінен қазақ тілді бауырларымызға арналғандықтан араб, ағылшын тіліндегі сөздер мен сөз тіркестері қазақ тілінің ерекшеліктері ескеріле отырып оқылулары (транскрипциясы) берілген. Әр тақырыптың қысқаша сөздігі беріліп, қажеттілігіне қарай практикалық транскрипциясы көрсетілді. Дейтұрғанмен, ағылшын тілі мен араб тіліндегі есімдер мен атауларын кирилл әріптерімен транскрипциялау қиындық тудырғаны рас. Өйткені бұл тілдердің көптеген дыбыстары қазақ тілінде аналогтары жоқ, сондықтан олардың дәлме-дәл айтылуын арнайы белгілерсіз беру қиын. Әр тілдің өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, сөйлесу, пікірлесу үшін тілдік қолданысқа керекті лексикалық қатар түзілді. Оқырман бір сөз немесе ұғымның қазақ, араб, ағылшын тілдерінде берілу ретімен танысып, салыстырма жасауға мүмкіндік алады. Ағылшын тілі, шет тілі болып есептелетін кез келген елге, сондай-ақ араб елдеріне әр түрлі себептермен сапар шегетін қазақ тілді оқырманға арналған бұл еңбектің тигізер көмегі зор деп есептейміз.
Өз тілшіміз