Ақтау қаласының 9-шағын ауданында «Тәрбия» сән үйі халыққа өз есігін айқара ашты. Әуезді ән сүйемелдеуімен қызыл лента қию құрметі сән үйінің директоры Тәрбия Айдымбаева мен ел ағасы Алқажан Еділханға тиді. Алқажан аға ұлттық киім үлгілерінің мәртебесін арттырып, халықаралық деңгейде насихаттап жүрген Тәрбия апаға ақжарма алғысын жаудырып, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Сән үйінің ашылу салтанатында Тәрбия апаның тілеулес достары, әріптестері мен тұрақты тұтынушылары бас қосып, кәсіптің көркеюіне көл-көсір тілегін жеткізді. «Тәрбиенің талантына бас иіп, ерекше бағалай білген қала тұрғындары, күрделі жөндеуден өткен жаңа сән үйіне қош келдіңіздер! Ісмер, талғамы жоғары, бес саусағынан өнер тамған Тәрбияның еңбек жолымен етене таныспын. Оның әр алуан киім топтамалары халық тарапынан зор сұранысқа ие. Сән-салтанатқа киілетін, сахна төрінде жүрген әйгілі өнерпаздарға арнап тігілетін костюмдермен қатар облыстық мұражай төріне экспонаттар ретінде көрермен назарына ұсынылған туындылары бар. Тәрбияның сан түрлі киім үлгілерінің көрсетілімі көптеген Еуропа, Азия елдерінде ұйымдастырылды. Ұлттық мәдениетімізді бүткіл әлемге мойындатуда табанды еңбек етіп жүрген жанға алғысымыз шексіз. Ендігі кезекте тарихтың қат-қабат парақтарында есімдері алтын әріппен тізілген Тұмар ханшайым мен Бопай ханымның бейнесін жасап шығаруды көздеген екен. Жаңа бастамалар табысты болғай», – деді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы П.Сармурзина. Сондай-ақ салтанатты іс-шараға арнайы келген қонақтар Тәрбия Айдымбаеваның талабына сәттілік тіледі. Бас қосу барысында жаңа топтама көрсетілімі көрермен көзайымына айналды. Күлгін, күрең қызыл, көк барқытқа жалт-жұлт, жарқ-жұрқ еткен маржан*жақұт, коралл-ақық асыл тастар тізген, алтын түстес зерлі таспа бедерлеген, жағасы мен жеңіне сеңсең, тиін, сусыр жапсарлаған көз жауын алар бешпент, қамзол, кәжекей, жадағай – бәрі дерлік хас шебер ұшқыр қиялы мен өн бойындағы сөзсіз талант әрі ерекше қарым-қабілеттің ұштасуынан түлеп ұшқан дүниелер. Қазақы ұлттық киім үлгілері бала жарық дүние есігін ашып, тәй-тәй басқаннан өмірдің барлық кезеңінде жас ерекшелігіне орай әралуан түрреңке бөленіп, салт-дәстүрдің аса маңызды бөлшегі, ажырамас элементі ретінде бірге жасайтыны белгілі. Соның ішінде екі жастың отау құру салтанатына орай арнайы дайындалатын киім үлгілері ерекше сән салтанатымен көзге түседі. Тәрбия Айдымбаеваның жаңа топтамасында осы бағыттағы ұлттық киімдер көз жауын аларлық көркемдікке ие еді. Сондай-ақ жаңа сән үйінің ашылу салтанатында түрлі ойындар ұйымдастырылды. Ұлттық киім түрлеріне қатысты қызықты сауалдар қойылып, жауабын дәл тапқан тұрғындарға «Тәрбия» сән үйі тарапынан сыйлықтар табысталды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ