Аймақ басшысы Серікбай Трұмов облыс активімен өткен жиында ҚР Президентінің Жолдауындағы негізгі бағыттары мен міндеттеріне тоқталып, облыс деңгейінде атқарылуы тиіс шараларды айқындады. Ең алғашқы мәселе – тиімді заманауи мемлекет. Яғни билік пен азаматтық қоғам арасында тиімді қарым-қатынас орнатуда мемлекеттік органдардың рөлі жоғары болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2020 жылдан бастап дайындықтан өткен жас мамандарды тарту және оларды ынталандыру жүйесін енгізу арқылы мемлекеттік қызметкерлер саны кезең-кезеңімен қысқартылатын болады. Екінші міндет – азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсету органына айналады. Президент полиция жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделіне байланысты болатындығын атап көрсетті. - Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қызметін реформалауға үш жыл ішінде 173 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаражат олардың жалақысын арттыруға, тұрғын үй жалдауына, халыққа қызмет көрсету орталығының принципі бойынша полицияның қазіргі заманға сай фронт-офистерін құруға жұмсалады. Полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда облысымызда көші-қон қызметтерін көрсетеу орталығы мен 4 фронт-офис ашылып азаматтарға қызмет көрсетуде, – деді облыс әкімі. Өңір басшысы тоқталып өткен үшінші міндет – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші – ішкі өңірлік өнім. Аймақ экономикасында орын алып отырған кейбір жағдайларға қарамастан (мұнай өндіру көлемінің түсуі есебінен өнеркәсіп өндірісінің төмендеуі) оның нақты көлем индексі жыл сайын оң динамика көрсетуде. - Өздеріңіз білесіздер, облыс экономикасы мұнай өндірісіне тәуелді. Президент өз Жолдауында шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта экспортқа бейімделген өндірістерді дамыту бойынша арнайы бағдарлама жасақталатын болады. Президент 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру мақсатын қойды. Бізде бұл көрсеткішті 2 есеге жеткізуге мүмкіндік бар, – деді С.Трұмов. Шағын және орта бизнес – халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты азайтуға және жергілікті бюджеттің базасын нығайтуға мүмкіндік беретін сала. Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғау мәселесі де Президент Жолдауында айтылды. – 2020 жылдан бастап бизнес жүктемесін азайту мақсатында шағын бизнес субъектілері 3 жыл бойы өз кірістеріне салынатын салықтан және тексеруден босатылады. Алайда бизнес те тұтынушылар алдындағы өз жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Алдағы уақытта бизнесті дамыту бағытында негізгі басымдылық – жанұялық бизнес құруға, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін әлеуметтік аспектіге негізделген жобаларға берілуі тиіс, – деп атап өтті аймақ басшысы. Маңғыстау өңірі үшін экономиканы әртараптандырудың потенциалды саласының бірі – туризм. Жағажай туризмін дамытуға негіз болатын «Туризмді дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы жасақталды. Бағдарламаға сәйкес Ақтау теңіз курорты республикадағы туристік аймақтардың ТОП-10 қатарына енгізілді. Осы орайда аймақ басшысы өңірдегі туризм нысандары орналасатын жағажай аумағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етіп, қазіргі таңда жолдар құрылысы, су, газ және электрмен қамту жобалары жасақталып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталғанын айтты. Төртінші міндет – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Президент мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпай білім сапасын арттыру мүмкін еместігін атап өтті. Үкіметке келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысын 25 пайызға өсіре отырып, алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды. Бұл қолдаумен біздің облыста 14 мыңға жуық ұстаз қауымы қамтылатын болады. Бесінші міндет – қуатты өңірлер – қуатты ел деп аталады. Жолдаудың бұл бөлігінде бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалау айтылды. Тұрғын үй саясатындағы негізгі мақсат – тұрғындарды, оның ішінде халықтың әлеуметтік тұрғыдағы осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамту. Бүгінде біздің облысымызда аталған категорияда 5 585 отбасы бар. Өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 220 отбасы баспаналы болады. - Тағы да бір мәселе – халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалдамалы тұрғын үй салуды ұлғайту. Осы сала бойынша Жолдауда көп пәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу де айтылды. Өңірлерге 2 жыл ішінде тұрғын үй қорын модернизациядан өткізуге 30 млрд. теңге бөлінетін болады. Көп қабатты үйлерді модернизациядан өткізу тәжірибеде бар механизм. Облысымыздағы көп қабатты тұрғын үйлер саны – 1 654, оның 291-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан біз мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай мүмкіншіліктерді ұтымды пайдалануымыз керек, – деді әкім. Жолдауда Президент арнайы басымдық ретінде өңірлік және қалалық инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аударды. Жергілікті маңыздағы жолдарды салу және ауылдық жерлерді сумен қамту мәселесі – саланың басты басымдығы. - Облыстағы ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жыл соңына дейін 75%-ға жеткіземіз. Бұл – ауылдық тұрғындардың 93%-ы қамтылады деген сөз. Жолдарға келер болсақ, оларды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен жыл сайын 9 млрд. теңгеге дейін бөлінеді. Қазіргі таңда ауданаралық жолдардың көп бөлігінің жағдайы жақсы, сондықтан алдағы уақытта қаражаттың басым бөлігін ауылішілік жолдарды салуға бағыттайтын боламыз, – деп атап өтті облыс әкімі. Сондай-ақ жиында әр саланың өкілдері Жолдауға қатысты ой-пікірін білдірді. Олардың қатарында «Саламатты ел» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлзира Есетова, Мұнайлы ауданы №5 Шоғы Мұңалұлы атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Замира Алдабергенова, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының әртісі Сағадат Сейітқожаева, «АБК Транс» ЖШС директоры Мұстафин Қуаныш, «Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры Мұқаш Бекенұлы бар. Қорытындылай келе, облыс әкімі Серікбай Трұмов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, әріптестерін Президенттің алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға шақырды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА