Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині, өсімдіктерді қорғау және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалары және Қазақстан Республикасы аумағына карантинге жатқызылатын өнімдерді әкелуге қойылатын фитосанитариялық талаптарға сәйкес, Республика аумағын және облыс өңіріне карантиндік нысандардың, яғни зиянкестердің, арамшөптердің және аурулардың енуінен қорғау мақсатында Еуразиялық экономикалық одағының сыртқы шекарасында орналасқан фитосанитариялық бақылау бекеттерінде мемлекеттік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізіледі. Өсімдіктер карантині дегеніміз Қазақстан Республикасының өсімдік ресурстары мен өсімдіктен алынатын өнімін карантинді нысандармен қорғауға бағытталған, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүйесін көздейтін құқықтық режим. Табиғатта өсімдіктер зиянкестері, арамшөптер және аурулар көптеп кездеседі, соның ішінде аса қауіпті карантиндік зиянкестер, арамшөптер және ауруларды, анықтау, оқшаулау және жою, сонымен қатар өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау жасау өсімдіктер карантині қызметінің негізгі міндеті болып табылады. Өсiмдiктер карантинi жөнiндегi уәкiлеттi орган өсiмдiктер карантинi саласындағы басшылықты және мемлекеттік саясатты іске асыратын, сондай-ақ өз өкілеттілігі шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын атқарушы орган Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы болып табылады. Облыс өңірінде бес түрлі карантиндік нысан түрлері тараған, оның үшеуі карантиндік энтомологиялық нысан - комсток сымыры, шығыс жеміс жемірі, калифорниялық қалқанша сымыры, қауын шыбыны және екі түрлі карантиндік арамшөп – у кекіре және сарышырмауық. Облыс аумағы өндірістік аймақ болғанына қарамастан, деректер бойынша бұл карантиндік нысандар 1963-1964 жылдары Ақтау қаласының ірге тасы қаланған жылдары қала маңындағы саяжайлар мен қаланы көгалдандыру мақсатында Кеңес Одағының басқа Республикаларынан тасымалданған көшеттер арқылы тараған, облыс орталығында өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган 1974 жылы ашылған. Сонымен қатар, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы және Қарақия аудандарының шаруа қожалықтарында карантиндік нысан - қауын шыбыны таралған, аталған зиянкес көкөніс және бақша өнімдерін залалдайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер зиянкесті болдырмау, оны жою үшін, көктемде және егін орымы біткен уақытында агротехникалық жұмыстар, соның ішінде өсімдіктер қалдықтарын жойып және жерд тереңдеп қазу жұмыстарын жүргізу қажет. 2014 жылдан бастап, қауын шыбыны таралған шаруа қожалықтырының жер бөліктеріне Респубикалық бюджеттен қаражат бөлініп, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Көктем-жаз айларында қала, облыс аумағын және фитосанитариялық бақылау бекеттері аумақтарында карантиндік зиянкестердің арамшөптердің және аурулардың таралмауын қадағалау және уақытында анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жыл сайын «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі Маңғыстау облыстық филиалы мамандарымен бірлесіп жүргізіліп, тиісті орындарға агротехникалық және химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нұсқамалар беріліп, олардың орындалуы қадағалануда. Осы атқарылып отырған іс-шаралардың нәтижесінде, бұрыннан облысымыздың аумағында тіркелген карантиндік нысандар, атап айтқанда жеміс ағаштарының зиянкестері калифорния қалқаншасы, шығыс жеміс жемірі облыс аумағында көлемі жойылды. Ауылшаруашылығы өнімдері, жеміс-жидектер және орман ағаштары облысымызға еліміздің басқа облыстарынан, жақын және алыс шетелдерден тасымалданатын болғандықтан, фитосанитариялық талаптарға сәйкес, карантинге жатқызылатын өнімдерге экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметімен берілетін фитосанитариялық сертификаты, мемлекет ішінде тасымалданатын өнімдерге карантиндік сертификаты болған жағдайда рұқсат етіледі. Соның ішінде көгалдандыруға тасымалданатын импорттық көшеттер, гүлдер флорамызда қалатын болғандықтан және тұқымдық материалдар отырғызылмас бұрын, карантиндік тексерістен соның ішінде жасырын жұғуын анықтайтын арнайы жерсіндіру-карантиндік көшеттіктер бақылауынан өтуі тиіс. Соңғы жылдары мемлекеттік фитосанитариялық бақылау және қадағалау барысында шетел мемлекеттерінен әкелінген карантинге жатқызылған өнімдерден аса қауіпті карантиндік зиянкестер анықталды, олар - қызанақ күйесі, тұт ағашының қалқанша сымыры, калифорниялық қалқанша, картоптын алтын түстес жұлдыз құрты, жерорта шығыс жеміс шыбыны, комсток сымыры және батыстың гүл трипсі. Анықталған нысандар елімізде жоқ зиянкестер болып табылады. Заладанған өнімдер Түркменстан, Иран, Азербайджан, Өзбекстан және Түркия елдерінен келген жүктерден анықталды. Өсімдіктер карантині саласындағы заңдылықтарына сәйкес, аталған өнімдерге карантиндік іс-шаралар жүргізілді. Өсімдіктер карантиніне жатқызылатын өнімдердің тасымалдануы кезінде карантинге жатқызылатын өнімдерге, тауарлардың орамасына және көлік құралдарына карантиндік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде карантиндік өнімнің жай-күйін растайтын карантиндік тексеру актісі беріледі және кедендік ресімдеу жоғарыда аталған фитосанитариялық бақылаудан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, карантиндік нысандарды және бөтен текті түрлерді анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнімдерге зерттеу жүргізу «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» мемлекеттік мекемесінің Маңғыстау облыстық филиалы арқылы өткізіліп, карантиндік сараптама куәлігі беріледі. Карантинге жатқызылатын өнімдердің тасымалдануы кезінде өсімдіктер карантині заңнамалары мен талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік Құқық бұзушылық» Кодексінің 400 бабына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жаза қолданылады. Өсімдіктер карантині саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету 29.05.2015 жылғы №4-4/500 Стандартына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсетеді, яғни өсімдіктер карантиніне жатқызылатын өнімдердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге фитосанитариялық және Республиканың басқа облыстарына тасымалдануына карантиндік сертификаттарды беру. Мемлекеттік қызметті алушы жеке және заңды тұлғалар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының кеңсесіне өтінімдер бере алады. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекен жайлары және анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары министрліктің www.mcx.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған. Сонымен қатар, электрондық үкіметтің www.egov.kz порталы арқылы өтінімдерін беруге болады. Фитосанитариялық және карантиндік сертификаттар бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі бойынша, карантинге жатқызылған өнімдердің карантиндік жай-күйі анықталғаннан кейін ресімделеді. Карантиндік нысандар Қазақстан Республикасы аумағына таралған жағдайда өсімдіктер ресурстарын бүлдіріп және өнімді өсірмей оның сапасын төмендетеді, оның ошақтарын жою, еліміздің экономикасына орасан зор шығын келтіреді. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы аумағын карантиндік нысандарды уақытында анықтау және таралуынан қорғау мақсатында, қызметі карантинге жатқызылған өнімді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға және тасымалдау мен өткізуге байланысты мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар карантиндік нысандар анықталған жағдайда өсімдіктер карантині жөніндегі аумақтық инспекцияның байланыс телефондарына (60-50-41) дереу хабарлап және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың ұйғарымы бойынша карантиндік нысандардың таралу ошақтарында оларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды орындауға белсене қатысуы тиіс. Жер ресурстарының карантиндік нысандырдан зақымдануынан қорғау, облысымыздың әлеуметтік және экономикалық өсуіне қосқан үлесіміз деп білейік.
Ақжарқын МЕНДИГЕРЕЕВА Өсімдіктер карантині, өсімдіктерді қорғау және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі басшысы