Өңірімізде Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай облыстық «Тіл–ұлт қазынасы» фестивалі өтеді. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейтуді көздеген осынау ауқымды шара қарсаңында Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Айгүл Ықыласқызы журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. - Фестиваль мақсаты—облыстағы тұрғындарды, барлық қоғамдық ұйымдарды, түрлі әлеуметтік топтарды мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге атсалысуға шақыру, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, отандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге жұмылдыру, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағының кепілі ретінде, қазақстандық жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіндегі мемлекеттік тілдің рөлін насихаттау, - деді ол. - Сонымен қатар фестивальдің міндеттері—өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ана тілдерді дамыту, дарынды жастарды анықтау, оларды мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жұмыстарына тарту, дамуына жағдай жасау. Айгүл Ықыласқызының айтуынша, жұмыстар бір ай бойы жүргізілмек. Шара аясында «Тілге құрмет–елге құрмет» мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының форумы, «Тіл мәртебесі - ел мәртебесі» атты пікірсайыс, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбында флэшмоб, жаңа қазақ әліпбиін насихаттау мақсатында «Жаңа әліпби–рухани жаңғырудың негізі» акциясы, Тіл туралы алғашқы заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай «Тіл – мәдениет, тіл – әдебиет, тіл – тарих» әдеби кеш, «Ұлт қазынасы – бірлік» этнобірлестіктер арасында конкурс, орыс тілін меңгерген қазақ жастары арасында «Ой-сана», үш тілді меңгерген жастар арасында – «Тілдарын», «Тіл шебері», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқаулары ұйымдастырылады. - Облысымыздың қалалары мен аудандарында, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарында, барлық орта, арнаулы орта және жоғары білім беру ұйымдарында, кітапханаларда Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл апталықтары», А.Байтұрсынұлының туған күніне орай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған тәрбие сағаттары, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы», «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі», «Тіл білімінің атасы», «А.Байтұрсынұлы тағлымы», «А.Байтурсынов–гордость казахского народа» атты әдеби-сазды және танымдық-тарихи кештер, көрмелер, «Жаңа әліпби – рухани жаңғыру талабы», «Жаңажазу емле ережелері» тақырыбындағы дәрістер, «Рухани жаңғыру: үш тұғырлы тіл!», «Ана тілім–бабалар мұрасы» атты дөңгелек үстелдер, «Тілі бірдің–тілегі бір»,«Тіл-халық қазынасы», «Туған тіл–намысым» атты кітап көрмелері, мемлекеттік тілдің пайдаланылу аясын кеңейту, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Тіл–достықтың алтын көпірі», «Тәрбие басы-тіл» тақырыптарына эссе жазудан облыстық байқау, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді, латыннегізді жаңа қазақ жазуы емле ережелерін түсіндіру бойынша көшпелі кеңес-кездесулер, барлығы 150-ден аса шаралар өткізіледі, - деді А.Ықыласқызы. - Ал фестивальді қорытындылау шарасы 27 қыркүйек күні өтеді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА