Әлеуметтік желілердің күнделікті желден жүйрік жаңалықтарынан хабардар болып отырған жаңаөзендік тұрғындар ел аумағына шетелдерден өндіріс, құрылыс, ет пен дақылдар өңдеу және басқа шаруашылық салалары бойынша 55 зауыт салу туралы шешіміне қарсылық білдіріп, 2 қыркүйек күні қала әкімдігінің алдына жиналды. Қала әкімі Әділбек Дауылбаевтың сөздеріне қанағаттанбады. Сосын Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың келуін талап етті. Аймақ басшысы 3 қыркүйек күні таңертең Жаңаөзен қаласына келіп, Тәуелсіздік алаңында жиналғандармен кездесті. Олардың уәждеріне құлақ салды. Сосын басу айтып, сабырға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 күн бұрын жария болған халыққа тұңғыш Жолдауында шетелдіктерге ешқандай жер сатылмайтындығын шегелеп айтып, жер туралы соңғы нүктені қойғандығын алға тартты. - Біз тек ғана шикізатпен өмір сүре алмаймыз. Ел экономикасын дамыту үшін, бізге өнім өндіру керек, өңдеуіміз керек. Ол тек Қытай емес, Америка, Ресей, Иран, Индонезиялармен келісімшарттар бар. Біз көршілерсіз өзімізден-өзіміз дами алмаймыз. Солармен бәсекелес болсақ ғана экономикамыз өркендеп, өндірісіміз алға басады. Қытайдың 55 зауыты бізге салынбайды. ҚР Әділет министрлігінің вице-министрі күні кеше орталықтан сұхбат берді. Өздеріңіз де тыңдаған шығарсыздар. Оның айтуына қарағанда 55 зауыт туралы мемлекетте ешқандай бағдарлама жоқ. Ол зауыттарды Қазақстанға салынады дегені қазірше бекер әңгіме. Бірақ азаматтар, біз экономикамызды әртараптандыруымыз керек. Күніміз мұнай мен газға қарап қалуға тиісті емес. Маңғыстаудың қазіргі ішкі жалпы өнімінің 90%-ы тікелей мұнай мен газға байланысты. Яғни, тек ғана шикізатқа тәуелдіміз. Сондықтан ел байлығын арттыру керек», - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов. Әрине, алаңға жиналған халық қайткенде де қытайларға сенбейтінін ашық айтып тұр. Олар біздің елімізге ескі-құсқы темір-терсектерін әкеледі,- дейді көпшілік. - Ол бекер. Кез келген құрылысты салу үшін қоғамдық тыңдау болады. Қазір Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен ұлттық кеңес құрылып жатыр. Қай жерден, қандай ірі жобаларды жасақтау үшін әуелі сол кеңеспен ақылдасады. Соның ішінде біздің киелі мекеннен Жәнібек Қожық та бар, - деп Серікбай Трұмов барынша түсіндіріп бағуға тырысты. Сөйтіп алаңға жиналған қала тұрғындары ендігі жерде аймақ басшысына біздің осындай талаптарымызды жоғарыға, тікелей мемлекет басшысына жеткізуді тапсырды. Елордадағы Ақордадан ақжолтай хабар күтетіндерін айтты. Мұнан кейін өңір басшысы жеке бастың мәселелерімен келген тұрғындарды да қалалық әкімдіктің залында қабылдады. Әрине, олардың мәселелерінің негізгі дені – жұмыссыздық.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН