Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен еліміздің су айдындары мен учаскелерінде «Аулардан таза су айдындары» атты экологиялық акция өтті. Ондағы мақсат—су айдындарында иесіз қалған немесе броконьерлік балық ауларынан тралдау арқылы тазалау. Осынау игі бастамаға маңғыстаулықтар да үн қосты. Акция аясында Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге Каспий теңізінің су айдындарында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Акцияға 65 адам қатысып, 25 дана қайық шығарылды. Түпқараған ауданының Сартас жерінен Асан жеріне дейін және Үш-ауыздан Бұрыншық жеріне дейін жүргізілген тазалық жұмыстарының нәтижесінде теңізден 1700 шаршы метр ау алынып, теңіз жағалауынан 500 кг қоқыс шығарылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА