©
Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен өткен аппарат жиынында Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы және 5 қазандағы Жолдауларының іске асырылу барысы, «Электрондық үкіметті» дамыту, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері және т.б тақырыптар талқыға салынып, шешу жолдары қарастырылды. Ел Президентінің Жолдауын жүзеге асыру үшін облыста іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Соның бірі – жұмысшылардың жалақысын көтеру. Осыған орай өңірдегі 1400 жеке ұйымға ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1338 кәсіпорында 8166 қызметкердің жалақысы көтерілген. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Индира Құрман мәлімдеді. Сонымен қатар талдау қорытындысына сәйкес облыстағы ірі кәсіпорындардағы ең төменгі жалақы бұрын 98 мың теңгені құраса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 129 мың теңгеге дейін көтерілген. Орта кәсіпкерлік саласында ең төменгі жалақы былтыр 60 мың теңге болса, осы жылы ол көрсеткіш 75 мың теңгеге жеткен. Сондай-ақ осы уақытқа дейін жалақылары 42 мың теңгеден аз бюджеттік ұйымдардағы 24 251 қызметкердің жалақысы бір жарым есе өскен. Елімізде тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін жалақының өсуі, коммуналдық қызметтердегі тарифтер мен тұтыну тауарларының бағасының төмендеп, азық-түліктің құнарлылығының жоғары болуы маңызды. Осы орайда облыс басшысы «Бағалар мен тарифтер көтерілсе, жалақыны көтерудің мәні қандай? Біз тауарлардың бағасын негізсіз өсіруге жол бермейміз», – деді. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдан бастап тұрғындар үшін электр энергиясы, су және жылу, лифті қызметтеріндегі тарифтер төмендетілді. Әлеуметтік сала бойынша да білім беру сапасын арттыру жөнінде шаралар қолға алынып, нәтижесінде 2018 жылы 36 жекеменшік балабақша ашылды. 3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту 97,1% құрады. 2019 жылы бұл көрсеткішті 100%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ өңіріміздегі сұранысқа ие мамандықтардың тізімін жаңартып, колледж және университет бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткішін арттыру үшін маңызды шаралар қолға алынбақ. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталығының тұрғындарға арналған қызмет түрлері электронды форматқа көшіп, дайын болу мерзімдері де қысқаруда. Сондай-ақ шетел азаматтары үшін де көрсетілетін қызметтер жеңілдетілген. Бұл өз кезегінде еліміздің инвестициялық климатын жақсарту үшін пайдалы болмақ. Бұл туралы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының директоры Ербол Байжігіт мәлімдеді. «Оны іске асыру үшін Мемлекеттік корпорация Ішкі істер министрлігімен бірлесіп көшіқон ХҚКО-ны ашу бойынша жұмыс жүргізілді. Мұндай орталықтар шетел азаматтарына еңбек етуге рұқсат алу процесін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік берді. Егер бұрын мигрант 6 ұйымға барып, кемінде 5 жұмыс күнін жұмсайтын болса, енді барлық қажетті қызметтер мен ұйымдар бір жерде жинақталып, рұқсат алу мерзімі 1 сағатқа дейін қысқарды», – деді. Дегенмен бұл қызметтің сапасын одан әрі жақсарту мақсатында олқылықтар да жоқ емес. Ол мәселелер аппарат жиынында әкімнің назарына беріліп, шешу жолдары қарастырылып, тиісті органдарға тапсырма берілді. Сонымен қатар азаматтар ендігі жерде операторлардың көмегіне жүгінбей, өз бетінше қызмет ала алады. Бұл ретте «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» курсы бойынша оқыту бағдарламасы мен қажетті материалдар әзірленді. 2018 жылдың 27 желтоқсанында Ақтау қалалық №1 бөлімінде «Электронды қызметтер» орталығы іске қосылды. Аталған орталықтың негізгі артықшылықтары: азаматтардың өз бетінше қызмет алуы, электронды қызметтерді портал арқылы алу принциптерін үйрену бойынша класстардың болуы. «Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде көптеген жылдам әрі сапалы қызмет алу мүмкіндіктері бар екендігін айтамын. Оның бірі – жеке куәліктер мен төлқұжаттарды жедел түрде алу мүмкіндігі, яғни 4 күн ішінде дайын құжаттарды алу, екіншіден, электронды үкімет порталы арқылы жүргізуші куәлігін алу мүмкіндіктері, үшіншіден, онлайн түрде көлік құралдарын тіркеу, төртіншіден, әкімшілік айыппұлдарды онлайн тексеру мүмкіндігі, бесіншіден, компазитті түрде соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтамаға апостиль қою қызметі», – деп атап өтті Ербол Байжігіт. Сонымен қатар тұрғындар арасында көбіне сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді телеграмм мобильдік бағдарламасы (@Egov KzBot) арқылы алуға да болады. Оларға: мекенжай анықтамасы; жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама; соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтамалар және жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтамалар кіреді.Айгүл ОРЫНБАЕВА