©
Әйелдің жүкті кезіндегі және босанғаннан кейінгі кезеңдегі жедел хирургиялық патология ана мен іштегі шарананың денсаулығына қауіп төндіреді. Аяқ асты пайда болып, тез өтіп, ерекше жағдайда байқалатындықтан ауруды диагностикалау қиынға соғады да, соның салдарынан дер кезінде медициналық көмек көрсету де қиындап кетеді.
Биылғы 16-18 қаңтарда осы мәселеге орай Маңғыстау облыстық перинаталдық орталықта «Жүкті әйелдердің жедел хирургиялық және қантамырлық патологиясы» тақырыбында дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған көшпелі циклы өтті. Оны Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің мамандары, «Хирургия курсымен колопроктология» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Әуезхан Жұмабеков пен «Ангио және эндоваскулярлы хирургия» кафедрасының меңгерушісі Серік Тұрсынбаев жүргізді. Сабаққа өңіріміздің барлық медициналық ұйымдарынан 57 акушер-гинеколог пен хирург қатысты.
Оқу бағдарламасы хирургиялық және қантамырлық патологиядан болатын ауру мен өлімді азайтуға бағытталған. Өйткені мұндай науқас тап болған сәт — дәрігерлердің асқан зейінділігі мен шұғыл ота жасауға дайындық деңгейі сынға түсетін кез.
Дәріске қатысқан мамандардың айтуынша, цикл тартымды ұйымдастырылған. Лекция барысында дәрігерлер сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА