ҚР Президентінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі "Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жылма-жыл қаңтар-ақпан айларында аудан, ауыл тұрғындары алдында есеп беріп келеді. Көптеген өзекті мәселе шешімін тапты. Аптаның бірінші күні Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Айтуаров жылдағы дәстүр бойынша халық алдында есеп беру жиынын Ақшымырау, Қызан ауылдарынан бастады. Есепті кездесуге облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев, мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты. Есеп беру жиынын аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев ашып, жүргізіп отырды. Жиналған ауыл азаматтары алдымен Ақшымырау ауылының әкімі Айдос Шамығұловтың есебін тыңдады. Қызметке келгеніне 1 жылға жуық уақыт болса да ауылдың тыныс-тіршілігіне етене араласып кеткен ауыл әкімінің жасаған жұмысына халық қанағаттандырарлық деп баға беріп жатты. Ауыл әкімі бір жылда атқарылған істер туралы егжей-тегжейлі тоқталып, «Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді» деп, алда тағы да атқаратын жұмыс көп екенін айтты. Мұнан соң мінберге көтерілген аудан әкімі Ж.Айтуаров 2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын айтты, 2019 жылға арналған міндеттерді саралаған аудан әкімінің биыл да жетістіктердің еселенетіндігіне сенім білдірді. - Аудан бойынша аудандық бюджеттен қаржыландырылатын 77 мекеме, оның ішінде 50 мемлекеттік мекеме, 20 қазыналық коммуналдық кәсіпорын, 4 коммуналдық мемлекеттік мекеме, 3 коммуналдық кәсіпорын бар. 2018 жылға арналған аудан бюджетінің кірістер бөлімі 6 882 507,6 мың теңге болып бекітілді, жыл ішінде үш рет нақтыланып 8 890 258,5 мың теңгені құрады. 2017 жылдың қорытындысымен ауданның нақтыланған бюджеті 6 629 337,1 теңге болған еді, яғни 2017 жылмен салыстырғанда бюджеттің кірістер бөлімі 134,1%-ды құрап отыр. 2018 жылға арналған аудан бюджетінің шығыстар бөлімі 6 882 507,6 мың теңге болып бекітілді, жыл ішінде үш рет нақтыланып, 8 864 041,0 мың теңгені құрады. Бюджеттің шығыстар бөлімінде де өткен жылмен салыстырғанда (2017 жылы 6 910 855,2 теңге) 34,5%-ға өсім бар. 2018 жылға арналған аудан бюджетіне республикалық бюджеттен 1 084 789,0 мың теңге бөлінді. Жылдық жоспар 1 084 761,6 мың теңгеге орындалып, 100,0 пайызды құрады. Ауданның ауыл шаруашылығының негізі – мал шаруашылығы, оның ішінде қой, түйе, жылқы шаруашылықтары. Аудан көлемінде 425 шаруа қожалығы, 10 ұйымдасқан шаруашылық қызмет етеді. Оның ішінде 36 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен, 389 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы 2018 жылы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 4 700 млн. теңгені құрады. Мал басын өсіру, аман сақтау, мол өнім алу үшін берік жем-шөп қоры болуы міндетті жайт. 2018 жылы жер қуаңшылық, шөп ала болды. Шөп дайындау науқанына 33 бригада қатысып, 25007 тонна шөп дайындалды. Қоспалы мал азықтық жем әкелумен тұрақты түрде 7 жеке кәсіпкер айналысады. Мал азықтық жем жеткілікті мөлшерде келіп тұр. Жекелеген шаруа қожалықтары да вагондап жем алдыруда. 2018 жылы 316 вагон, 15 800 тонна кебек жем келді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер қоймасында 700 тонна мал азықтық жем бар. 2018 жылы «Маңғыстауагросервис» ЖШС-інен 12 тұлғаға 12 113 939,94 теңгеге лизингіге техника, несиеге тауарлар алынып берілді. Автокөліктің малмен соқтығысуының алдын-алу мақсатында ірі қара малға шағылыстырғыш элементі бар лента тағу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда барлығы 1836 бас ірі қара малға, оның ішінде 775 бас жылқы, 735 бас түйе, 326 бас ірі мүйізді қараға лента тағылды. Сонымен бірге жылқы малын чиптеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес чип алынып, аудандық ветеринариялық станса мамандары арқылы 9422 бас жылқыға чип салынып, базаға енгізілді. Ауданда 12 ауылдық округке қарасты 21 елді мекен болса, соның қазіргі уақытта 10 ауылдық округ, 14 елді мекеніне орталықтандырылған су жүйесі тартылған. Ауылдық елді мекендердің орталық сумен жабдықтау бойынша үлесі 2018 жылдың қорытындысымен 67% құрап отыр. Сонымен қатар Шетпе–Қызан автомобиль жолының 49-85 шақырым (Тасмұрын – Мәстек аралығы) аралығын қайта құрылымдау жұмысына «Алтынқұрық» ЖШС-і 2 492,69 млрд. теңгеге жеңімпаз ретінде танылып, 2018 жылы 5 шақырым автокөлік жолының негізі салынды. 2019 жылға 2 469,5 млрд теңгесі қаралып тұр. 276,640 млн. теңгеге Қызан ауылішілік 5,7 шақырым жол асфальттанып, пайдалануға берілді. Ақшымырау ауылішілік автокөлік жолы құрылысы жұмысының ЖСҚ жасақталды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуы тиіс. Жоба құны – 365,987 млн. теңге, асфальтанатын ауылішілік жолдың ұзындығы 6 шақырым. Шетпе-Тиген-Қызан автокөлік жолының 0-21 шақырым аралығын (370,508 млн. теңге), Қызан-Ақшымырау (403,631 млн. теңге) және Онды аулына кіре беріс 8 шақырым автокөлік жолын орташа жөндеу (153,365 млн. теңге) жұмыстарының жобалық сметалық құжаттары дайын. Менің Ақшымырау, Қызан ауылдарында атқарылуы тиіс ең бірінші кезекте тұрған жұмысым осы жол мәселесі мен интернет байланысын жақсарту болмақ» деп сөйлеген аудан әкімі Ж.Айтуаров өз есебінде аудан өмірінің барлық тұсын түгел қамтыды. Өткен жыл ауданымыз үшін толайым табыс, ауыз толтырып айтар жаңалығы мол, жемісті жыл болды. Ең бастысы бұл жеткен межеміз алдағы жылдарда да еселене берсін деп тілек айтты. Кездесу барысында ауыл ақсақалдары сөз алып, атқарылған істер мен межеленген міндеттерге қанағаттандырарлық деп баға берді. Сондай аудан әкімінің есепті кездесуінде аудан тұрғындары өздерінің толғамды ой-пікірлерін білдірді. Бұл ауылда ағымдағы жылы біршама шаралар атқарылды. Десе де ауыл тұрғындарын ауыз суды түпкілікті шешу жайы, емдеу мекемесінің жұмысын жандандыру, ауыл ішіндегі келеңсіз жағдай туғызатын жарық бағаналары, мал азығы, жайылымдық жерлердің қорғалуы алаңдатады екен. Осы және өзге де сұрақтарға аудан әкімі Ж.Айтуаров және сала басшылары қойылған тиісті жауаптарын берді. Қызан ауылындағы болған кездесу де алдымен ауыл әкімі Қ.Сүлейменовтың, аудан әкімі Ж.Айтуаровтың есебі тыңдалып, тұрғындар ашық сұхбат алаңын ұйымдастырды. Мұнда да ауыл ішіндегі тозығы жеткен КТП-ларды ауыстыру, емхана бөлімінің түнгі ауысымын ұйымдастыру, мал азығының жеткілікті, арзан бағада болуы, интернет, көше тәртібі туралы мәселелер қозғалып сұрақтар қойылды. Көкейде жүрген сауалдарына тұшымды жауап ала алған ауыл азаматтары кездесуге оң бағаларын беріп тарасты.
Айгүл РАХМЕТОВА