Өмірзақ ауылының әкімі Ербол Сарыев осы ауылға қарасты елді мекендер тұрғындары алдында 2018 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысы және 2019 жылға арналған іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттары туралы есеп берді. Жиналысты Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов кіріспе сөзбен ашып, қалалық мәслихат хатшысы Сембіғали Зәкенов жүргізіп отырды. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы және өкілетті органдарының ең негізгі басты бағыты–халық мүддесі үшін адал қызмет атқару екендігін атап өткен Е.Сарыев өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне және түрлі себептермен жүзеге асырылмаған шараларға тоқталды. - Ауылымыздың әлеуметтік мәселелеріне тоқталатын болсақ, қазіргі таңда Өмірзақ ауылында бір дәрігерлік амбулатория және Рауан тұрғын массивінде бір медициналық пункт жұмыс жасайды, - деді ол. - Халыққа дәрігерлік қызмет көрсететін 13 адам жұмыс істейді. Ауылдағы білім саласын арттыру бір жолға қойылған. Білім бұл тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, бұл ең алдымен интеллектуалдық әлеуметтік дамыту. Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Мектепте бүгінгі күні 77 мұғалім қызмет жасайды. 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша 23 бала мектеп бітіріп, соның ішінде бала 1 алтын белгі, 1 түлек үздік аттестат иегері атанып, 20 оқушы жоғары оқу орнына түскен. Қазіргі уақытта ауыл мектебінде 685 бала оқиды. Оның ішінде 438-ге жуық бала Рауан тұрғын үй массивіне қатынап оқиды. Өмірзақ ауылына қарасты Приозерный, Приморский, Рауан елді мекендерінде 400-ден астам мектеп оқушылары Ақтау қаласындағы №2, 3, 6, 8, 22, 23, 28 мектептеріне қатынап оқиды. Оқушыларды тасымалдауға облыс әкімдігі жанындағы іс басқармасынан бөлінген 7 автобус қызмет көрсетіп отыр. Сондай-ақ, 108 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 96 бала — 1-сынып оқушылары, 12 бала–аз қамтылғын отбасының балалары. 2017-2018 оқу жылынан бастап 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша қазіргі таңда ауыл мектебінде 162 бала оқуға қабылданып, қазіргі заман талабына сай білім алуда. Сонымен қатар, ауыл жастары мен тұрғындардың салауатты өмір салтын құруға, спортпен шұғылдануға және мәдени шаралар өткізуге 2018 жылы 979 мың теңге көлемінде қаржы қаралған болатын. Бөлінген қаржы бекітілген жоспарға сай жылдың атаулы мереке күндері қарсаңында гала концерт, әр түрлі мерекелік шаралар мен ұлттық спорт түрлерінен және дзюдо күресінен, шағын футболдан, қыздар арасында волейболдан спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілді. Сондай-ақ, мектеп спорт залының ғимаратында орналасқан «Алау» аула клубында 120 астам жас волейбол, футбол, баскетбол, тоғыз құмалақ, қазақ күресі және басқа спорт түрімен шұғылданады. Ауыл жастары әлемдік, республикалық, облыстық және қалалық деңгейде өткізілген жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Сондай-ақ, ауылымызда жеке кәсіпкерлердің өз қаржысына салынған 5 балабақша қызмет көрсетеді. Олар — Өмірзақ ауылындағы 75 орындық «Алтынай», Приморский елді мекеніндегі 100 орындық «Інжу-Маржан», Приозерный-1 елді мекеніндегі 75 орындық «Балапан», 45 орындық «Ақниет», Приозерный-3 елді мекеніндегі 40 орындық «Сұлтан» балабақшалары. Бұлардың барлығы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет жасап келеді. Әр балабақша да 10-нан астам адам жұмыс істейді. Осылайша кәсіпкерлер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға өз үлестерін қосып келеді. Өмірзақ ауылы мен оған қарасты елді мекендердегі тұрғындардың жалпы саны – 6445 адам. Былтыр туған балалар саны – 204, ал әлеуметтік көмек алатын 190 мүгедек бар. Жеке кәсіпкерлікпен 129 адам айналысады. 2018 жылдың басынан бастап жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде 323 адам тіркелген. Соның ішінде жұмысқа 235 тартылса, 29 адам жұмыспен қамту орталығының тіркеуінен бас тартып шығып кеткен. Бүгінде 59 адам жұмыссыздық тіркеуінде тұр. 2018 жылға бекітілген бюджеттік жоспар бойынша «Өмірзақ ауылы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жергілікті бюджеттен 233 028 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. Сол қаржыдан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 108 158 мың теңге, ауыл көшелерін жарықтандыруға 2592 мың теңге, мәдени шараларға 979 мың теңге, спорттық шараларға 980 мың теңге, ауылды көгалдандыруға 4500 мың теңге, абаттандыруға 3200 мың теңге (мердігер Соқырлар қоғамы), санитарлық тазалық жұмыстарына 9634 мың теңге (мердігер «West Mangystau» ЖШС), Приозерный су құбырларын жылыту бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстарына 7018,7 теңге, Приозерный тұрғын массивіндегі су құбырларының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 28863,82 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, жыл соңында бюджеттің орындалысы 100% болды. Ақтау қаласы әкімінің тапсырмасымен 2016 жылдан бастап «Ақтау тұрғын үй» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Өмірзақ ауылы әкімінің аппартының басқаруына берілді. Қазіргі таңда кәсіпорында 38 адам қызмет жасайды. Сондай-ақ кәсіпорын қызметтік қажеттіліктері үшін арнайы 8 техникамен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын қазіргі таңда Өмірзақ, Приморский, Приозерный тұрғын масситервін жылу, су, кәріз құбырларын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетеді. Орталық жылу қазандығынан Өмірзақ ауылынан 76 пәтер және 7 заңды тұлға жылумен қамтамасыз етіліп отыр. Тұрғындардардың тәуліктік су пайдалану мөлшері 410 м3 көлемінде пайдаланады. Өткен жылдың маусым айынан бастап республикалық бюджеттен ауылдық елді мекендерге 20 миллион 208 мың теңге көлемінде суға берілетін субсидия бөлінді. Қазіргі таңда жеке тұлғаға судың 1 м3 шаққандағы төлем бағасы 30 теңге, заңды тұлға үшін 321,07 теңге болды. Өмірзақ, Приморский, Приозерный, Рауан тұрғын масситервін электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша «МАЭК», «АЭЖБ, «МЭБК» ЖШС қызмет көрсетеді. Елді мекеннің электр қуатына төлем қабылдау жұмыстарын жүргізуші делдал мекеменің жұмысы тоқтатылып, төлемді қабылдау қызметі «МАЭК» ЖШС көрсететін қызметіне қосу арқылы Өмірзақ елді мекенінде электр энергиясының құны 2017 жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда біршама төмендеп, халыққа қолжетімді бағамен берілуде. Электр қуаты жеке тұлға үшін 18,23 тг/кВт, заңды тұлға үшін 22,01 тг/кВт. Жолаушылар тасымалы бойынша Өмірзақ ауылына №4, №4М, №7 маршруттары Өмірзақ ауылы, Приозерный, Приморский Рауан тұрғын массивтеріне қызмет көрсетеді. Аталған маршруттардың халыққа қызмет көрсетіп жүргені баршамызға мәлім. Барлық автобустарға GPS жүйесі қондырылған және Infobus мобильдік қосымшасы арқылы автобустардың қай маршрут, қай уақытта, қай жерде келе жатқанын қалта телефоны немесе компьютер құрылғылары арқылы көруге болады. Сонымен қатар, Өмірзақ ауылында ауыл тұрғындары мен жеке шаруа қожалықтарының есебін жүргізіп отыратын Ақтау қалалық ветеринария бөліміне қарасты ветеринарлық станция жұмыс жасайды. Өмірзақ ауылы мен оған қарасты елді мекендерде 19 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Оның ішінде 9 мал шаруашылығы, 10 егін шаруашылығы (жылыжай, бау-бақша). Жалпы шаруа қожалықтары мен үй шаруашылығындағы мал саны 2018 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша 2017 жылмен салыстырғанда, мал санының өскендігі байқалады. Ауылдың азық-түлік дүкендерінде негізгі азық-түлік тауарларының түрлеріне бағаның өсуін тежеу мақсатында күн сайын бағаларға мониторинг жүргізіліп отырады және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында үнемі бақылауға алынған. Сондай-ақ әр аптаның бейсенбі күндері Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі төменгі бағада азық-түлік түрлерінен үнемі жәрмеңке өткізуді ұйымдастырады. Жыл басынан кәсіпкерлерді қолдау, ауылшаруашылығын дамыту мақсатында және жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған көптеген семинар өткізілді. Атап айтқанда, бұл семинарлар Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы мен «Жаңа серпін» КММ мамандарының қатысуымен Өмірзақ ауылы мен оған қарасты Приозерный, Приморский, Рауан тұрғын массивтерінде тұратын тұрғындарға ауыл шаруашылығын дамытуға несие беру жөнінде және жастарға қолжетімді сапалы білім беру, мамандарды даярлау, сонымен қатар солтүстік облысқа көшу бағдарламасы жөнінде түсінік беруге, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының қаржылық қолдау бөлімі, «Даму» қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы мамандарының қатысуымен Өмірзақ ауылы мен оған қарасты Приозерный, Приморский, Рауан тұрғын массивтерінде тұратын тұрғындарға ауыл шаруашылығын дамытуға несие алу жайын түсіндіру мақсатында; Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі, Ақтау қалалық ветеринариялық стансасы ветеринариялық бақылау және Ақтау қалалық аумақтық инспекциясы, Маңғыстау облысы ветеринария басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі бөлімдерінің басшыларының қатысуларымен ауыл тұрғындарына үй жануарларының көлік жүретін жолға шығу салдарынан аппаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында, жарық шағылыстырғыш таспалар кигізу жөнінде түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Ауыл аймақтарында жүрген иесіз иттерді ату Ақтау қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық және ветеринария бөліміне сұраныс беру арқылы жүргізіліп келеді. Тұрғындардың қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп бойынша азаматтардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету, қоғамдық тәртіп және заңдылықты күшейту бойынша шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Ауыл аумақтары бойынша 2018 жылы 56 қылмыстық оқиға тіркеліп, оның 43-і ашылып, 13 қылмыс ашылмай отыр. Әр түрлі дәрежедегі 183 әкімшілік хаттамалар толтырылды, 31 тұлғаға қорғау нұсқамасы қойылды. Былтыр Өмірзақ ауылы мен оған қарасты елді мекендерге ағаш отырғызу мен өсіп тұрған көшеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2018 жылдың басынан бері 350 дана ағаш, 8000 дана бір жылдық гүлдер, 800 түп раушан гүлдері отырғызылды. Абаттандыру бойынша қоршауларды ақтау және сырлау, автобус аялдамаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоқыс жәшіктерін орнату, билбордтарды жаңарту, спорт және балалардың ойын алаңдарын жөндеу, орындықтарды жөндеу, сырлау, қырлы кеспелерді күтіп ұстау және қалпына келтіру, жол жиектемесін ақтау жұмыстары жүргізілді. Ауылдың санитарлық тазалық жағдайы бойынша қаңтар-шілде айларында «West Mangistau» ЖШС өз жұмыстарын атқарып келді. Сонымен қатар биыл ауыл бойынша сәуір айында айлық сенбілік ұйымдастарылып, ауылды тұрмыстық қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға аймақтағы Ақтау теңіз сауда порты, «Қазтрансойл» АҚ, «Ынта» ЖШС және басқа өндірістік мекемелер қызметкерлері қатысты және қазан айында да сенбілік жұмыстары жүргізіліп, оған жеке кәсіпкерлер мен мекемелер ат салысып, қоқыстар шығарылды. Осы сенбіліктер кезінде жалпы елді мекен бойынша 150 тонна қатты тұрмыстық қоқыс шығарылды. Өмірзақ ауылының 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму іс-шаралар жоспарына сәйкес Ақтау қаласының барлық атқарушы органдарының, оның ішінде Өмірзақ ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша іс-қимылдары қала әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесулерінде азаматтардан түскен ұсыныстарды есепке ала отырып үйлестірілгеніне назар аударған ауыл әкімі алдағы уақытта да осы жұмысты жоспар негізінде жұмыстар жүргізетініне сендірді. Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қала бойынша есепті баяндамасымен Өмірзақ ауылы әкімінің есепті баяндамасын толықтырды және Ербол Сарыевтың есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Әкімдер есебін тыңдаған тұрғындар өз ауылдарындағы жайттар бойынша сауалдарын қойды. Олардың сұрақтары негізінен қоғамдық көлік тасымалы, көшені жарықтандыру, көгалдандыру секілді мәселелерге қатысты болды. Қойылған сауалдардың барлығына тұшымды жауап беріліп, шешу жолдары айтылды. Жиналыста жауабы анық, шешілу алдында тұрған мәселенің бірі—Приморский елді мекенінің атауын өзгерту. Таяу уақытта тұрғындар тағы бас қосып, өздері қалаған атауды ортаға ұсынатын болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА