Маңғыстауда балалар санының өсуі балабақшаға деген сұраныстың артуына себеп болатыны белгілі. Бүлдіршіндерін балалар бақшасына сеніп тапсырып, өздері білімін жетілдірумен немесе жұмыс істеп, табыс табумен айналысқысы келетін аналар үшін балабақшаның аса қажет екендігі аян.
Жақында Ақтау қаласына қарасты Рауан елді мекенде су жаңа балабақша ел игілігіне берілуіне арналған салтанатты шара өтті. Жиында Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағарыс Аманжол Қартбаев рауандықтарға құтты болсын айтып, игі тілегін жеткізді.
- Мен барша өзім сияқты ата-аналармен бірге зор қуаныш құшағындамын, - деді ата-аналар атынан сөйлеген Данагүл Қуанышқызы. - Бұл балабақша біз көптен бері күтіп жүр едік. Ауылымыздың балалы отбасыларына осындай мүмкіндік берген азаматтарға ризамыз. Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін.
Құттықтау тілектерден кейін ауыл ақсақалы Талап Жанжігітов пен балабақша құрылысын салған жеке кәсіпкер Нұржан Мамадияров таспа қию рәсімін жасап, қала әкімі Ғалымжан Ниязов бастаған қалалық бөлімдер қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, салтанатты шараға жиналған жұрт ішке еніп, балабақашаны аралап көрді.
«Рауан» мектепке дейінгі балалар мекемесінің басшысы Салима Айнабекованың айтуынша, 4 топқа бөлінген балабақша 100 балаға арналған. Балабақша 20 шақты адамды жұмыспен қамти алады.
Ең бастысы, мұнда әр баланың денсаулығына назар аударылып, олардың патриоттық сезіммен ер жетіп, отанды сүйіп, ата-ананы құрметтеу бағытында тәлім-тәрбие беріледі. Сондай-ақ түрлі әдістемелік құралдар арқылы бөбектердің тілі мен ой-өрісін дұрыс дамытуға басымдық берілетінінен үміт бар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА