Мемлекет басшысының 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыруға және мұғалім мәртебесін көтеруге ерекше назар аударылған. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Қазіргі қазақстандық мұғалімдердің мәртебесі» тақырыбында спикерлермен еркін сұхбат түрінде жиын өткізді. Жиын барысында «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасының облыста жасалып жатқан жұмыстары туралы ашық есік сағаты ұйымдастырылып, жастар арасында «Ағылшын тілін дамыту» және туған өлкенің көрікті, қасиетті жерлерімен таныстыру мақсатында «Movie club» атты шара ұсынылды. Жиынға спикерлер: облыс мәслихатының депутаты Абзал Меңдібаев, ардагер ұстаз Насуха Жанайұлы, «Үздік ұстаз – 2018» байқауының жеңімпазы, Жаңаөзен мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зылиха Мақсұтқызы қатысып, кезектесе сұхбат құрды. Алғашқы сөз ардагер ұстаз Насуха Жанайұлына берілді. – Жиынымызға қатысып отырған жастар болашақ біздің әріптестеріміз екен, сондықтан ардагер ұстаз ретінде жастарға білгенімізді айтуға тиіспіз. Біздің бала кезімізде мұғалімнің беделі өте жоғары болатын. Ауылда мұғалім келе жатса, ешбір бала мұғалімнің алдын кесіп өтпейтін. Ол заманда мұғалім биік тұлға ретінде елге танылды. Қоғам өзгереді, саясатта әртүрлі өзгерістер болады, сондықтан адамдардың көзқарастары да әртүрлі бағытта өзгеріп тұрады. Мен еңбек жолымды бастаған кезде мұғалімнің жалақысы инженерлердің жалақысынан артық болатын. Біз 180 сом алсақ, олар 130–150 сом айлық алатын. Ол кезде зауытта қара жұмыс жасайтын жұмысшы, еңбекақыны бастықтан көп алатын. Заман сондай болды. Енді тәуелсіздігімізді алған жылдары еліміздің экономикасы қатты құлдырап кетті, соған байланысты ұстаздар қауымына көңіл бөлінбей қалды. Қаражат мәселесінде мұғалімдердің жағдайы төмендеп, көптеген мұғалімдік мамандық иесі ер азаматтар, көптеген жақсы ұстаздар өндіріске жұмысқа кетуге мәжбүр болды. Таңдаған мамандығына өте берік санаулы азаматтар ғана өз орындарында қалды. Содан бастап мұғалімдердің қоғамдағы статусы түсе бастады. Оның үстіне құзырлы орындар мұғалімді кез келген жұмысқа жұмсап, қолбалаға айналдырды. Мысалы, сайлау науқаны кезінде олардың тізімін жасақтау мұғалімдерге жүктелді. Ауылға депутат келетін болса, кездесуге арналған залдарды мұғалімдер толтыратын болды. Оған қосымша, олар мұғалімнің қызметіне жатпайтын қосымша жұмысқа жегіліп, 6–18 жас арасындағы балалардың тізімін алу үшін үй-үйді аралап көше кезіп кететін болды. 1997 жылы Елбасымыздың ең алғашқы Жолдауында Үкіметке 8 тапсырма берілді, соның сегізіншісі мектепке қатысты болды. Себебі қалалық жерлерде балалардың мектепке келмеуі көбейіп, мұғалімдер енді соларды іздеу жұмысына жегіле бастаған. Ауылдық жерде ондай жағдай көп болған жоқ. Елдің күнкөріс жағдайы төмендеуіне байланысты балалар мектепке келмей, базарда тәшкі айдап, су сатып жүрді. Елбасы осы жағдайдың ушығып бара жатқанын біліп, мектепке келмейтін бірде-бір бала болмауы керек, мектеп жасындағы бала түгел сабаққа қатысуға тиіс деген тапсырма берді. Атқарушы орган оны тағы мұғалімнің мойнына іліп тастады. Өз қызметіне жатпайтын осындай көлденең жұмыстар мұғалім беделін біраз түсіруге себепші болды. Жуырда мұғалім мәртебесін көтеру жөнінде жаңа заң қабылданайын деп жатыр. Мұғалім мәртебесін өсіру керек деп жатыр. Бұл – әрине, өте керек заң. Менің кіріспе сөз ретінде айтарым осы... Облыстық мәслихат депутаты Абзал МЕҢДІБАЕВ: – Болашақ ұстаздар қатысып отыр, жиынға жас ұстаздарды да шақырған жөн болар еді. Себебі олардың да ұстаздық баспалдақтың бәрінен өткен ардагер ұстаздарымыздың ақыл кеңесін алғандары теріс болмас еді. Ертең заң қабылданғасын оның жемісін көретін сіздер боласыздар. Бұрынғы ұстаздар қоғамда белгілі тұлға болды. Біз кезінде мұғалімнің көзіне түспей, айналып өтуге тырысатынбыз. Ол қорыққандық емес, сыйластық, ұстазға деген құрметтен болатын. Кейін күнкөріс қамы үшін, мұғалімдерді кез-келген жұмысқа жіберіп, беделін түсіріп алды. Енді сол бұрынғы ұстаздар мәртебесі қалпына келтірілсе жақсы. Құранда да білім ал деп айтылған. Мұсылманның 40 парызының бірі – зекет. Зекетті бай адам береді, бай болу үшін білім керек. Ұстаз бен шәкірт арасында сыйластық болуы керек. Жақсы маман болыңыздар, өз ұстаздарыңызды қалай сыйласаңыз, сіздерді де шәкірттеріңіз солай сыйлайтын болады. Сіздерге айтатынымыз, өз ісіңіздің шебері бола біліңіздер, таңдаған мамандықтарыңызды терең игеріп алыңыз. Сәттілік тілейміз. Жаңаөзендік мұғалім Зылиха МАҚСҰТҚЫЗЫ: – Мен Жаңаөзен мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен сабақ беремін. 1989 жылдары көшіп келіп, мектепке жұмысқа кіргенде ағылшын тілінің апталық жүктемесі бар-жоғы 5 сағат болатын. 30 жылда мен жоғарғы деңгейге жеттім. Мұғалім болу үшін шыдамдылық керек. 30 жылдық еңбек өтілімде 15 сайысқа қатысыппын. «Тілші мұғалімдер олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атандым. Сонда жеңімпаз мұғалімдерге Теңге кентінен жер орын берілді. Бұл да мұғалім мәртебесін көтерудің бір жолы емес пе? Қиын кезеңдерді бастан өткіздік. Мұғалімнің бос уақыты жоқ. Үйде араладық, сабақтан қашқан балаларды іздеп, үй астындағы жертөлелерге түсіп, оқушыларды жинап сабаққа қатыстырдық. Түрлі топтарға кіріп, тентектік жасап жүрген балаларды сабаққа тарттық. 2018 жылы облыс әкімінің ұйымдастыруымен «Сала үздігі – 2018» байқауы өтті. Оған 10 номинация бойынша 142 мұғалім қатысып, Маңғыстау әкімінің сыйлығын алдым. Мен бұл дәрежеге 2-3 жылда жеткенім жоқ, 30 жылда жеттім. Мұғалім – шығармашыл тұлға, оның теориялық сауаты жоғары болуы керек. Қазір жаңа технология заманы, мұғалімдерде барлық жағдай бар, біз сабаққа пайдаланатын көрнекі құралды қолдан жасап, қаламмен жазатын едік. Насуха ЖАНАЙҰЛЫ: – Мұғалімнің беделді болу-болмауы өзіне байланысты. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бір сөзі бар. «Мұғалім өз ісінің әуейі-фанаты болуы керек» деген. Сонымен бірге мұғалім мінезді болуы керек, ортада өзін-өзі ұстай білуі керек. «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар» деген бар. Сіздер өте білімді болуларыңыз керек, себебі қазіргі шәкірттер озық ойлы. Оларда ақпараттар көп, компьютерден бәрін қарап, біліп отыр. Сондықтан мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отырмаса, баланың алдында ұятқа қалуы мүмкін. Мен Шетпеде №1 мектепте орыс тілінен сабақ бердім. Таза қазақы ортада орыс тілін оқыту оңай болмады. Ауыл балалары орыс тіліне өте шорқақ болды. Оларды сабаққа қалай қызықтыру керек? Екі күн ойланып, үшінші күні келіп балаларға айттым. Орыстар өз тілін өте бай тіл деп санайды. Сол орыс сөздігінде соңы «со» дейтін әріппен бітетін тек 4 сөз бар соны табыңдар дедім. Мясо, колесо, просо, төртіншісі не? Өзім білсем де айтпадым, соны әуелі класс болып, кейін бүкіл мектеп болып іздеді. Міне, оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру деген – осы. 1993 жылы Алматыда орыс тілі пәні мұғалімдерінің сайысы өтті. Содан мен үздік шығып, «Оқу ісінің үздігі» деген атақты жеңіп алдым. Ол кезде министрліктің одан басқа беретін қаржылай сыйлығы болған жоқ. Соңғы жылдары колледжде өндірістік оқу ісінің орынбасары болып лауазымды қызмет атқардым. Сабақ берумен бірге, балалардың жағдайын жасауға ден қойдым. Заңда «кез келген кәсіпорын немесе меншік иесі шетелдік не, отандық екеніне қарамастан жер қойнауын тесіп,жер байлығын алғаны үшін өзінің тапқан табысының 1%-ын Қазақстан азаматтарын оқытуға жұмсауы керек» дейтін бір бап бар. Осы заңды басшылыққа ала отырып, колледж директоры атынан мұнай-газ министрлігіне хат жазып, «Ерекше қажетті маманға сұраныс» деген заң талабына сәйкес олардың жауапты хатшысы арқылы жауап алдым. Сол мекемелер оқу ақысын колледж қорына түсіріп тұрады. Мен политехникалық колледжге 70 млн. теңге қаржы түсірдім. Өз ақысымен оқып жатқан көптеген мүжәлсіз отбасы балаларының төлемақысын мекемеге төлеттіретін болдым. Сол балалардың ата-аналары маған келіп рақметін айтты, менің беделім өте қатты өсіп қалды. Оларды жұмысқа орналастыруда көп еңбек сіңірдім. «ҚазАзоттың» көмегімен 35 баланы жұмысқа алғызып, соның ішінде 10-15 жетім бала жұмысқа кірді. Сөйтіп, олардың тегін оқып, жұмысқа орналасуына себепші болдым. Содан соң балалар «Мына ағай жұмысқа орналастырады» деп, менің қасымнан шықпайтын болды. Мен оны мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Егер сен мектепке кіріпшығып, тек сабақ берумен айналыссаң, басқа қоғамдық іске қарамасаң, сенің беделің болмайды. Бір кеме апатқа ұшырап, бір бай көпес пен білімді ғалым елсіз жағаға шығып қалса керек. Өкіріп жылап отырған ғалымға бай айтыпты: «Сен неге жылайсың? Мен бар байлығымнан айырылдым, сенің байлығың басыңда ғой» деп. Сол айтқан, білім – жұтамайтын байлық. Балалардың алдында беделің жоғары болуы үшін, білімің мол болуы керек. Зылиха МАҚСҰТҚЫЗЫ: – Қазақстанда мұғалімдердің 83 пайызы – әйел адамдар. Білім саласында ер азамат өте аз. Өте жақсы оқыған оқушылардың тек 5–7 %-ы ғана мұғалімдік мамандықты таңдайды. Келешекте ұрпақ тәрбиесіне қатысты жұмысқа ер азаматтарды тарту ойымыз бар. Мұғалімдік мамандықты сауаты төмен, мектепте нашар оқыған балалар таңдайтын болды. Осының нәтижесінде, жаңадан оқу бітіріп келген мұғалімдердің 3 ай істеп, шығып кетіп жатқан жағдайлары да кездесіп тұрады. Оқушылармен тіл табыса алмайды, теориялық сауаты өте төмен. Ол мұғалімге «Жұмыстан неге шықтың?» десе, мамандықтың қағазбастылығына, сағатпен санаспайтындығына төзбейді екен. Енді мұғалімдерге жағдай жасалғалы отыр, біз оған қуанып отырмыз. Мен өзім балалармен жұмыс жасағанды жақсы көремін. 90 жылдары өте жақсы ағылшын тілі мамандары мемлекеттік мектепті тастап, жеке мектептер ашып, ҰБТ-ға бала даярлап, мектептен шығып кетті. Болашақта жақсы мамандарды мектепте ұстап қалу үшін жұмыстанып жатырмыз. Насуха ЖАНАЙҰЛЫ: - Мектепте ер мұғалімдердің аз болуы – өте үлкен проблема. Қоғам індетіне айналып барады, әйел мұғалімдердің көптігі Батыс Еуропада қызтекелердің көбеюіне әкеліп соқты. Соның шеті Қазақстанға да келіп жатыр. Әскерге барған жігіттер турникке тартыла алмайтын әлжуаз болып өсіп жатыр. Бұл жағдайды бүкіл қоғам болып тоқтатуымыз керек. Мектептегі мұғалімдердің қатарын ер мұғалімдермен толықтыру өте қажет. Елбасы бастауымен жүзеге асып жатқан «Жаңа серпін» бағдарламасының маманы Майра СЕНБАЕВА: - «Жаңа серпін» бағдарламасы 2015 жылдан бері халыққа қызмет етуде. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс таппаған азаматтарды 1–6 ай арасында қысқа мерзімдік курста оқытып, жұмысқа орналастыру. Оқу тегін, оқып шыққан мамандарды жұмысқа орналастырамыз. Оқу барысында жатақханамен қамтимыз. Қазіргі таңда Шығыс-1, 31 және 3Б шағынаудандарында орналасқан 3 жатақханамыз бар. Жастардың 1 жыл мен алты ай арасында жатақханада тұру мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша табысына қарай 1 жыл мен 3 жылдың арасында жатақханамен қамту ойымыз бар. Біз өткен жылы 1609 жұмыссыз жүрген азаматты оқытып, жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыспен қамтып отырмыз. Қазіргі таңда соның 900-ден астамы сол жұмыстарында істеп жатыр. Кондитер, аспаз, бет әрлеу, шаштараз, массажшы т.б. жұмыс істеп жатқан 20-дан астам жас оқыған мамандықтары бойынша өздерінің жеке кәсіптерін ашып, табыс табуда. Алдағы уақытта өндіріс мамандарын, аспаз, кондитер т.б. кәсіпке оқытуды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіздің отбасыларыңызда жұмыссыз отырған жастар болса, айтуыңызға болады. Біздің мекен-жайымыз: 35-шағын ауданда орналасқан «Кәсіпкерлер палатасы». Насуха ЖАНАЙҰЛЫ: - Омарта деген не? Омартада не болады? Адам өмірде бал арасы құсап бал жинап, еңбек еткенмен, ара жиған балдың қызығын омарташы көреді. Мына «Жаңа серпін» сол омарта шыны даярлайды. Сіздердің өз кәсіптеріңізді ашуыңызға жәрдем береді, кәсіпкерлікке үйретеді. Өмір бойы біреуге қызмет жасап, бал арасы болғанша, омарташы болған дұрыс. Жастар «Жаңа серпінмен» тығыз байланыста болу керек. Оқып жүрген кезден бастап, осы кісілермен тығыз байланыста болып, кәсіп ашқыңыз келсе «Жаңа серпін» көмек береді. Бұл – үкіметтің сіздерге беріп отырған мүмкіншілігі. Сол мүмкіндікті пайдаланып, омарташы болып алыңыздар. Жиыннан соң жастар спикерлермен сұрақ-жауап алмасып, естелік фотоға түсті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ