©
Өмір бойы бір салада тұрақты жұмыс істеу үшін де адамға асқан шыдамдылық, табандылық керек-ау! Егер адам өзінің істеп жүрген жұмысынан еш қанағат алмайтын болса, жұмысты тек күнкөрістің қамы үшін ғана жасаса, ондай жұмыстың сапасы болмайтындығы және ынтамен істемейтіндіктен өз мамандығының шебері бола алмайтындығы белгілі. Ал Мирастан Мұқановты отбасында, еңбекте бақытын тапқан жан деп айтуға болады. Жұмыс жасына жеткелі шойын жолдың қамында тер төккен оның жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асса, жартысынан көбінде жүйткіген отарбаларды қабылдап-жөнелтуші, станция кезекшісі қызметінде болды. Мирастан Қоғамбердіұлы 1956 жылы 11 тамызда Ақтау бастап құралып жатқан кезде жертөледе туыпты. Жас сәби отбасындағы 11 баланың екіншісі болып дүниеге келеді. Шалдардың: «Әкесінің аузынан түскендей бәтшағар!» дегеніндей, нәрестенің тек түр келбеті ғана емес, өсе келе мінез-құлықтары да соған тартады. Ол 1 сыныптан 3 сыныпқа дейін Таушықта, 4 сыныптан 8 сыныпқа дейін Ақшымырау ауылында 9-10 сыныпты Жармыштағы интернатта жатып, оқып бітіреді. Ол кезде пойыз жол жоқ. Жүк Форт-Шевченкодан баржамен келеді екен. Әкесі бір мекемеде шопыр боп жұмыс істеп жүреді. Бірақ 12 разьезге көшіп келгеннен кейін шопырлықты қойып, сол жерге станция кезекшісі болып жұмысқа орналасады. Бұл 1970-1971 жылдардың шамасы екен. Мектепті бітіргеннен кейін жасы 18-ге толмаса да әкесі Мирастанды теміржолға, өзінің қасына көмекші қылып жұмысқа кіргізеді. Сөйтіп әкелі-балалы екеуі бірі ұстаз, бірі шәкірт ретінде күрделі кәсіптің шұңғыл тетіктерін біргелікте қазуға тырысып бағады. Әкеден асқан қамқор, одан асқан жанашыр болған ба? Әкесінің қасында көмекші боп жүргендіктен Мирастан мектеп бітірмей жатып-ақ оның жұмыстарын тез-ақ үйреніп алады. - Әкем 1918 жылы туған. Соғысқа қатысқан. Мұнай саласында өрт сөндіруші қызметін атқарды. Біраз жылдар шопыр болып жасады. 1970 жылдан бері қарай теміржолдан нанымызды теріп жеп жүрміз. Марқұм, 82 жасында өмірден қайтты. Көп сөйлемейтін. Еңбекті, тәлім-тәрбиені ұқыпты ісімен көрсететін сабырлылығымен есте қалды. Ағаларым да теміржолшы. Жалпы әулетімізбен теміржолшымыз. 2007 жылға дейін станция кезекшісі едім. Одан кейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» №12 қалпына келтіру пойызына слесарь-электрик мамандығы бойынша ауыстым. Біздің негізгі жұмысымыз ─ жолда апат не тосын жағдай болған кездерде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу. Қараңғы уақыттарда далалық жерлерде қапелімде жарық болмайды. Сондай кездерде дизельді қыздырып, жарықтандыру жұмысымен айналысамыз. Майын, суын қарап қоямыз. Прожекторларды құрамыз. Ұзын кабельдердің көмегіне жүгінеміз, – деп әңгімесін бастаған теміржолшы жүзіндегі көңілді күлкі табынан-ақ оның өз жұмысын жанындай жақсы көретінін аңғаруға болады. Ауылдық жерлерде тілге ілігетін бірді-екілі жұмыстар ғана бар. Әсіресе өлмейтін мамандық теміржолшылық болғандықтан сол жерлердің азын-аулақ халқы осы кәсіптің шеңберіне әбден байланады. Мирастан мырза айтпақшы, «Ол кезде жеке үй тұрғызу деген біздің мағлұматымызда жоқ. Бәленбай жыл вокзалдың бір жақ шетін қоныстандық. Мезгіл-мезгіл гүрсілдеген пойыздардың дауысы мен қос темірдің майының иісі сіңіп өскесін де бұл салада жұмыс жасау үлкен мәртебе секілді көрінетін». - Күнде төбемізден тарсылдап пойыздар өтіп жатады. Ондайға құлағымыз үйреніп кетті. Селк етпей ұйықтай беретін болдық... Бірде Қызаннан нағашым қонаққа келіп, сыртта құрулы тұрған ағаш үйде ұйықтады. Түн ортасы ауып, бәрі қалың ұйқыға кеткенде кенеттен тасырлап пойыз өте шықпасы бар ма?!. Нағашым апыл-ғұпыл орнынан атып тұрып, не боп жатқанын ұйқылы-ояу дұрыс түсінбей, сасқалақтап аспаға жабыса беріпті. Дауыл тұрып кетті, енді ағаш үйді ұшырып әкететін болды деп ойлаған ғой. Оны естіген біздің ішек-сілеміз қатты. Теміржолдың тіршілігі сондай қызықты сәттерден тұратын, – дейді әңгіме арқауымызға айналған кейіпкеріміз. Айтуынша, өмірдегі ең сенімді досы, қызықта да, қиыншылықта да бірге болуға серттескен жұбайы Айгүлмен де осы теміржол таныстырып, табыстырыпты. Сүйкімді әрі сұлу телефоншы қызбен 1979 жылы шаңырақ көтереді. Бір терінің пұшпағын илеген жас жұбайлар отбасында да, жұмыста да жарты сөзбен ұғынысып, бала-шаға өсіріп, тату-тәтті ғұмыр кешеді. Кейбіреулер «Теміржолда істеген адам не байып кетпейді, не аштан өлмейді», – деп айтып жатады. Ал «еңбектің жауы – жалқаулық» деп санайтын сұхбат иесі болса, өмірде әрдайым өз орныңды табуға ұмтылып, өз қызығушылығыңды айқындап, айналысатын ісіңді жақсы көру керек деп есептейді. Жұмыстан бос уақыттарда «Совершенно секретно», «Свобода слова», «Аргументы и факты», «Республика» сынды облыстық, республикалық басылымдарға көз жүгіртіп отырады. Демалысында немерелерін жетектеп, ойын алаңдарында серуендейді. Қолындағы 83 жастағы қарт анасына көңіл бөлуді де ұмытпайды. Үлкен кісілерден атамның не әжемнің ерке баласы болдым дегендерін естіп жатамыз. Әуелі Құдайдың, сосын әке-шешемнің баласымын дегенді осы кісіден естідім. Көп тыңдап, аз сөйлегенді ұнатады екен. Десек те «Базарда мың кісі, әркім танығанына сәлем береді» демекші, теміржолға тиесілі мекемелерде қаншама қарапайым еңбек адамдары жүр. Бірақ қызметте адал, ортасына сыйлы бола білген ардақты азаматтар қаламға тартылса, қане?! Бүкіл объектінің рәзеткісі, ләмпішкелері бар. Қай жердің сымы тозып тұр? Ауыстыратын, жанбай қалған тұстары бар ма?! Солардың бәрін тексеріп қарап, ауыстырып-оңдау айтуға ғана оңай. Қауіпті аймақ саналатын теміржол торабында маңыздысы – әркім өзінің техникалық қауіпсіздігін сақтап, үкіметтен берілер жұмыс киімдерін киіп, нұсқаулықтағы ережелерді бұлжытпай орындауды құнт қылса, апат арпалыстырмас, қозғалыс тоқтатылмас па еді?!Әсел ТАҢАТАРОВА