Маңғыстау облыстық әкімдігінде әлеуметтік сала бойынша облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында Мақсат Нұрлыбекұлы денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің және қала әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізген шараларының есебін тыңдады.
Бірінші болып сөз алған Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының даму жөніндегі орынбасары Күлән Әмірқызы денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында нендей істердің атқарылып жатқанына тоқталды.
Былтыр халыққа 7 түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, 20 семинар, 11 дөңгелек үстел өткен. Ақ халаттылардың сыбайлас жемқорлыққа баруының алдын алу мақсатында жұмыс компьютерлеріне арнайы фондық суреттер қойылған. Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер мен халықтың сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу үшін арнайы ролик түсіруге кіріскенімен, конкурс қорытындысы әлі шықпапты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ардагерлер тұрған үйлерге ескерткіш тақталар орнатылдыӨткен жылдан бері денсаулық сақтау басқармасы сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша 8 адамға тәртіптік шара қолданған.
Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының балалар құқықтарын қорғау және тәрбие жөніндегі орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызы пара алу және берумен күресу үшін «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылғанын және оған белсенді, оқуда озат оқушылардың тартылғаны туралы айтты. 2017 жылдан бастап басқарманың сенім телефоны жүйелі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде былтыр жемқорлық туралы 10 дерек, биыл 7 дерек анықталып, шара қолданылған.
Қызметін асыра пайдаланған білім беру саласының 2 қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттетілген.
Ақтау қаласының әкімдігінде әлеуметтік саладағы жұмыстардың атқарылуында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін арнайы штаб құрған. Штаб ҰОС ардагерлері, мүгедектер мен тұрмысы төмен отбасыларға баспана беруде пара алу және беру фактісінің болмауын бақылайды.
Баяндамашылардың есебін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов жемқорлықтың біздің қоғамдағы өршіп тұрған мәселе екенін қатаң еске салып, онымен күресу үшін тиімді жүйелі жұмыстар жүргізуге тапсырма берді.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ