«Ұлт жоспары – Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» елімізге «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады» деп көрсетілген. Осы құжаттың 13-қадамында «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» басты назарда ұсталған. Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылы өңірдің барлық аудан, қалаларын қамти отырып, «Адал жол» марафоны бастау алған болатын. Жақында осы эстафета облыстағы Қарағия ауданынан Жаңаөзен қаласына берілді. Марафонның мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді халыққа адал қызмет етуге шақыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің негізгі ережелерін түсіндіру. Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою. Сондай-ақ, құқықтық сауаттылығын ашу. Осыған байланысты Жаңаөзен қаласына кіреберістегі стелла алдында осы марафонның символдық туы мен «Адал жол» альбомын қабылдау рәсімі болды. Оны қала әкімінің орынбасарлары, қала ардагерлері мен жастары қабылдап алды. Қабылдап алу салтанатында Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары И.Сағынбаев мемлекеттік қызметшілерді адал болуға шақырды.
- Біз бүгін эстафетаның туын Қарағия ауданынан қабылдап отырмыз. Бұл жәй ғана бір күндік шара емес, - деп сөз бастаған Исахан Қайнарбайұлы. - Әрбір мемлекеттік қызметшіні халыққа адал қызмет етуге, тиісті қызметін адал да, тиянақты атқаруға үндейтін бірден-бір акция. Сондықтан құрметті әріптестер! Бүгінгі акция аясында Жаңаөзен қаласының барлық мемлекеттік қызметкерлері өз жұмыстарын адал атқарады деп сенемін. Осы айлық акция кезінде халыққа өз қызметтерін жоғары деңгейде көрсететініне сеніміміз мол. Бүгінгі акция қатысушыларын адал қызмет етуге шақырамын. Сондай-ақ, акция айлығын үлгілі дәрежеде өткізіп, кезекті Мұнайлы ауданына өнегелі түрде тапсыруға барлығыңызды шақырамын. Сол үшін мол жетістіктерге жету үшін адал болайық!
2014 жылы Қазақстан Республикасының «2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Осы стратегияда да қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. «Нұр Отан» партиясы, Үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер ұйымдары да бұған ерекше мән беріп келеді. Осы орайда шығып сөйлеген қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қуандық Бекмағанбетов те мемлекеттік қызметшілерді және жастарды адал болуға шақырды.
Стратегияда «Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек» делінген. Қазір еліміз бойынша сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру бағытында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Оны өз кезегімен сөзге шыққан жас мемлекеттік қызметші, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлегі, Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратының бас маманы Есболат Имашаев айтып беріп, жастарды адал болуға және осы бір айлық марафонды қолдап, үлгілі өткізуге шақырды.
Елбасы «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жәй құқық бұзушылық емес, ол – мемлекеттің тиімділігіне, ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады» деген болатын. Сондықтан жастар арасында осындай маңызды акция, марафондар өткізу арқылы мемлекеттік қызметшілерді адал болуға шақыру тиімді жол болып есептеледі. Сол үшін қабылданған марафонды іске асыру үшін жастар қала көшелерінде автошерулер ұйымдастырып, жұртшылық көп шоғырланатын жерлерде «Сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ!» атты кітапшалар мен парақшалар таратуға кірісіп кетті.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН