©
Мен осы қалада қырық жылдан астам уақыт тұрамын. Оның қаз басуы мен кемелдену кезеңдеріне куәмін. Нақ осы мекенде жан жадыратар жақсы кезеңдер де, қиын күндер де басымнан өтті. Әр кез біздер, байырғы тұрғындар, осы мекенмен бірге жасап, сол кезеңдерді бастан кешірдік. Олай болса, жаным мен жүрегіме айырықша жақын, әрі ыстық бұл қаланың өз тарихы, өз қалыптасу кезеңі бар. Сонау бір жылдары ақ шаңы аспанға айналып жатқан ашық алаң, оған тұрғызылған ақшаңқан қала, алыстағы мұнай мұнаралары, онда жұмыс жасаған абзал ағаларым мен апаларым күні бүгінгідей көз алдымда! Содан бері де арада бірнеше жылдар жылжып өтті.
Бір кездері 48 мың тұрғынмен қала статусына ие болған Жаңаөзен қазіргі күнде, өсті, өркендеді. Халық саны жүз қырық екі, қырық үш мыңға жуықтады. Бұл өсім мұнымен де тоқтап қалмайды. Өйткені қалада табиғи өсім жоғары. Жыл сайын бес мыңнан астам бала дүниеге келеді. Қаншама өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар салынды. Осы игіліктердің барлығы осы қалада тұрып, еңбек етіп жатқан адамдардың алтын қолымен жасалды, жасалып та жатыр, жасала да береді...
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары қалада кәсіпкерлік қарқынды дами бастады. Бұған негіз болған жергілікті билік болса, қалаға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы өкілдері халықпен кездесіп, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жайлы жүргізген әңгімесі елеулі рөл атқарды. Қазір қалада оның бір бөлімшесі жұмыс жасайды. Жаңа кәсібін ашқысы келетін жандарға ақыл, кеңестерін айтып, шаруасын бастап кетуге барынша көмектесіп отыр. Соның арқасында кәсіпкерлік субьектілер мен кәсіпкерлер саны жыл санап артып келеді. Қаржылай демеу де жетіле түсті. Қазіргі күнде жұмысқа жарамды қала халқының 30%-ы осы салада еңбек етіп, отбасы, балашағасын асырауда.
Қолда бар мүмкіндікке орай кәсібін ашқан кәсіп иелеріне орындар берілуде. Соның бірі – қалада бұрын мұнайшыларға шипажай, кейіннен аймақтағы ең таңдаулы балалар үйі орналасқан келісті нысан. Онда қазіргі күнде елуге тарта жеке кәсіпкерлер орналасып, өз шаруасын дөңгелетіп отыр. Әдістемелік орталық қастарында. Онда қала жұртшылығына қажетті қызметтің қырықтан астам түрі көрсетіледі. Бұл – осыншама жұмыссыз отырған адам жұмысқа орналасып, өзін де, өзгені де жарылқап отыр деген сөз. Мұның барлығы – біріншіден, қаладағы тыныштық пен бірліктің және осы саланы дамытуға қолдау білдіріп, дамытуға жағдай жасаудың жемісі екендігі сөзсіз. Қамқорлықты бағалай білген жеке кәсіп иелері қаланы көріктендіруге айырықша атсалысып отырғанын да айтпасқа болмайды. Ай сайын бір, екі мәрте сенбіліктер ұйымдастырып, тазалық айлығын ойдағыдай өткізуге атсалысуда. Жыл сайын осындай игі іс қолға алынуда...
Жаңаөзенді көркейтіп жатқан – кәсіпкерлер деген сөзді тұрғындар аузынан жиі еститін болдық. Расында да ол – солай. Кейінгі жылдары «Көктем» шағынауданынан бой көтерген «Нұр», «Зиба» сияқты сауда, көңіл көтеру орталықтары – шын мәніндегі қала көркіне көрік қосып, сән беріп отырған нысандар. Қаланың белгілі кәсіпкерлерлері, елге сыйлы азаматтар Көшбай Қызанбаев кезінде түрлі себептермен құрылысы тоқтап қалған Әбіш Қожа мешітін салып берсе, Серікбай Бердияров құны 2 000 000 теңге тұратын адамдар демалуға барлық жағдайы бар келісті паркті қала тұрғындарына тарту етті. Осы қос азаматтың ізін қуып, өнегелі ісін жалғастырған жандар қалада жетіп артылады.
С. Трұмов Жаңаөзенің тізгінін ұстаған кезде қала тұрғындары одан «демалыс күндері балаларын ойнатып, түрлі қызықтар көрсету үшін Актауға алып кетеміз. Осы мәселені өз қаламызда шешуге мүмкіндік бар ма?» – деп сауал тастағанда, «бар, соны іске асыруға жеке бір кәсіпкермен әңгімелесіп шешетін болдық» деген болатын. Серікбай Өтелгенұлы Ақтауға әкім болып ауысып кетсе де, уәдесінде тұрды және орнына келген азаматтар бұл жұмысты аяқсыз қалдырған жоқ, дамытты. Бірер жылда жаңа ғана айтқан көрікті әлеуметтік қос нысан пайдалануға берілді. Жақында ғана немересін ертіп жүрген әжемен жүздесіп қалғаным бар. Өзім танитын, қала тұрғыны әрі, замандас жан еді. «Қалай, демалыс орны ұнады ма?» деген сауалыма «Ұнағанда қандай, әр сенбі сайын мына немерем осында әкел деп маза бермейді. Қуанышым да, қызығым да – осыны осын да әкеліп ойнату. Бүлдіршіндердің ойнауына ойластырылып салынған қолайлы орын екен» деген тұщымды жауап алдым. Осындай жақсы сөзді қаланың көптеген тұрғындарының аузынан естідік.
Адам тірлікте тек жақсылықты ғана армандайды. Отбасым аман, тұрған мекенім көрікті болса екен деген ой қазір әр адамның бойында, ойында бар. Бұрынғыдай тек қарын тойғызудың қамын ғана ойлап жүрген қазақ арамызда аз. Бүгінгі күннің қазағы өзгерген, өмірдің бағасын білетін, білікті, өнегелі қазақ. Ол жақсылық бізге еліміздің қарыштап дамуымен және тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудың жаңа әдісі мен мектебін өмірге әкеліп, қалыптастырған білікті саясаты негізінде келді... Соған орай мұнайлы қала тұрғындарының да көзі көркемдікке үйрене бастады.
Кейде мен қаламыздағы өзгерістерді көріп, көңілімді байыту үшін сол көрікті орындарды аралап келе жатқанымда қасымдағы жүргізушіден «қаламыз күннен күнге жақсарып келеді емес пе, сіз қалай ойлайсыз?» дегенімде, осы пікірді оның да құптағанын талай рет естідім.
Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, қаланы көркейтіп жатқан, негізінен алғанда – кәсіпкерлер. Қазір қала халқының 30-ға жуығы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдау да аз емес. Солардың алтын қолымен бой көтерген қаншама сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету орындары мен мейрамханалар бар. Барлығы бірімен бірі жарыса салынып, көркемдігі көңілдерге нұр ұялатады. Сонда Елбасы мен жергілікті билік орындарының орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту саясаты адамға жұмыс тауып беру, іскер адамдар арқылы қала бюджетін қалыңдату ғана емес, елді, тұрған мекенді көркейтудің бір амалы екендігін біліп, сүйсінесің.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Зейнетақы жүйесіндегі оң өзгерістерБасқаларын айтпағанда қала бюджетіне осы саладан жылына миллиардтаған теңге түсім түседі. Бұл – тыңнан салынатын мектептер мен балабақшалар, емханалар мен ауруханалар. Осындай қаражатты тиімді пайдалану арқасында қаланың біраз мектебі кеңейтіліп, оқушылардың үш ауысыммен оқуы мүлдем тиылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да тоқтап қалмайды. Ай санап, жыл санап кәсіпкерлік субьектілер көбейіп, қатарға қосылып жатыр. Одан түскен қаражаттың бір тиыны да шашау шықпай, қаланы көркейтіп, абаттандыруға жұмсала береді. Жаңаөзенді көріктендіріп жатқан кәсіпкерлер дейтініміз де сондықтан!
Егер дұрыстап ойлап қарайтын болсақ, осы жақсылықтардың түп қазығы тереңде жатыр. Адамдардың санасы өзгере бастады. Рухани жаңғыру басталды. Бұрын тек басқа жақтан тауар әкеліп, қап арқалап алыпса тарлықпен айналысып жүргендердің көбі өзі өнім өндіріп, өзі жасаған істің өзіне және еліне көбірек пайдасы барлығын түсінді. Мемлекетіміз бен жергілікті билік көпшіліктің, соның ішінде, кәсіп иелерінің көзін осыған жеткізе білді. Бұл – үлкен жеңіс. «Жеті қазына», «Шаңырақ», «Атамекен», «Айсұлтан» секілді мейрамханалардың аты қандай әдемі болса, іші де, сыртқы көркі де айналаға нұр шашып тұр. Тек бұлар ғана емес, мұнайлы қалада соңғы кездері жаңару көп, жақсылықтар көп. Бұл салаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге ұсынған кешегі «Рухани жаңғыру» мақаласы мен жыл сайынғы халқына арнаған Жолдауларының әсері болғанын ашып айтуымыз керек. Ол бізге, біздің халқымызға осындай жасампаздық істер мен жақсы нәтижені дамыта түсудің жолдары мен амалын айқындап берді емес пе? Біз және еліміз осы жолмен жүріп келеді. Жақсы нәтижелер аз емес. Оған жаңа ғана айтқан Жаңаөзен қаласындағы оң өзгерістер куә. Осы игі істердің басын құрап, бағытын айқындап дамытуда қала билігі мен жекелеген іскер азаматтардың мұрындық болып отырғаны қуантады. Ешқашан да жоқтан бар пайда болмайды, бар жоғалмайды. Сол секілді мұнайлы қаладағы оң өзгерістер де дамиды, жалғаса береді.
Ақында қала әкімі Ә.Дауылбеав жеке кәсіп иелерімен кең көлемді кездесу өткізді. Онда алдымен Мемлекет басшысының салаға көрсетіліп отырған қамқорлығы мен қолдауы айтылып, қаламызда оны дамыта түсудің жолдары мен мүмкіндіктері сараланды, бағдарлама белгіленді. Оның алғашқы игі нәтижелері де жоқ емес. Соңғы кездері кәсіпкерлікке жастар көптеп мойын бұра бастады. Бұл – мұнайлы қалада әлі де талай кәсіпкерлер қолымен тұрғызылатын тұрғындарға қызмет көрсететін көрікті орындар бой көтеріп, көпшілік игілігіне беріледі деген сөз. Қуанарлық нәрсе, әрине! Соның игілігін көруге жазсын делік.
Қазақ халқы әлемдік бәсекеде өзгелерден ұтылып қалмас үшін білімді болумен бірге іскер, тиянақты, мақсаткер болуы керек. Ол қасиеттер қанымызда бұрын да болған, қазір де бар. Тек соны заманға сай жаңартып, дамытып, нәтижесін барша халық пен жерлестеріміз көрудің өзі бір ғанибет!
Закария ИСАҒҰЛОВ Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы