Отбасының ұйытқысы, әулеттің ұрпағын жалғастырушы деп ата-бабамыз келіндеріне ерекше құрметпен қараған. Бүгінде мейірбан жүзді, ізетті, он саусағынан өнер тамған, сөзі шырын, сәлемі түзу, ата-анасынан көрген тәрбиесімен қайынжұртының ықыласына бөленіп, үйдегі тірлік пен өз қызметтерін қоса атқарып жүрген келіндеріміз аз емес.
Қазақ мәдениетін жаңғырту, отбасы тірегі – әйел-аналарымыздың рөлі мен міндеттерін айшықтап, ұмыт қалған салт-дәстүріміздің құндылықтарын арттыру мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Шаңырақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай» сайысы өтті. Әйел бойындағы әдемілікті, жан сұлулығын, ақыл пен парасатты көрсететін сайысқа мекемелерден және үй шаруасындағы үлгілі келіндер қатысып, өзара бақ сынасты. Олар өздерін көпшілікке таныстыру, сұраққа жауап беру, өнерлерін ортаға салу, ұршық иіру, нәрестені құндақтап, бесік жырын айту және ұлттық тағам түрлерін әзірлеуден сайысты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жамандықты жүректегі имандылық жеңедіШара барысында қазақ келіндерінің ибалылығы мен инабаттылығына, халқымыздың салт- дәстүрін сақтай білуіне, жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәдениетіне, білімділігі мен біліктілігіне және киім кию үлгісіне баса назар аударылды. Сәні мен салтанаты жарасқан келіндер сайысында қазылар алқасын ақ жаулықты аналар құрады.
Сайыстың алғашқы бөлімі таныстыруда келіндер жеке басын ғана емес, өзі түтінін түтетіп отырған әулетті, келген жерінің белгілі тұлғаларын таныстыру керек болатын. Бұл сыннан сүрінбей өткен келіндер «Қазіргі қоғамдағы қазақ келіні» образын сомдауда жан-жақтылығын көрсете білді.
«Әлди, әлдиге» салып бесік жырын да шебер орындады. Қазақтың ырым-тиымдарын, киіз үйдің құрылымын айтуда келіндер тосылып қалмады. Алайда «Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің» бөлімінде әдемі ұршық иіре алмаған келіндерге бұл үлкен сын болды. Расымен де бүгінгі күні ұршықтар тек көрменің экспонаты іспеттес.
Сайыс соңында үздік деп танылған «Жаңа өмір» газетінің тілшісі, Бәйімбет ауылының келіні Рахметова Айгүл бас жүлдеге ие болды. «Өрлеу» МКҚ әдіскері Айткүл Бектұрғанова - І орын, бала тәрбиесіндегі Кедей ауылының келіні Сандуғаш Төлебаева – ІІ орын, М. Атымов атындағы орта мектептің мұғалімі Құндыз Әбдиева – ІІІ орын, Онды орта мектебі атынан қатысқан Жаңай ауылының келіні Жадыра Доғдырбайқызы – ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айнагүл АХТАШОВА