Еркінсіп кең далада, елде өскенде, Білмеймін Қажымұқанмен теңдескен бе?! Қазақты мойындады түрікмен елі, Талайды еркін жыққан белдескенде. Аспанға көтеретін қазақ атын, Дастанға кейіпкер қып жазам атын. Мына кең нұрлы өмірге бір туылған, Тұмекем - ел басқарған азаматым! ...Алатаудай қар қонған шың басы бар Қосқұлақ, Шыңыраудың суындай тұнбасы бар Қосқұлақ. Спортсмен, директор, Сам совхозын гүлденткен, Ел ағасы, елеулі Тұмашы бар Қосқұлақ! Рахмет Аяпбергенұлы
Мен бұл естелігімді мәнді де сәнді өткізген жарты ғасырлық ғұмырында көп іс тындырып, ел, халқының алғысына бөлену арқылы артына өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, оқу ісінің үздігі, ардақты ана, еліне қайталанбас биік адамгершілік, имандылық қасиеттерімен танылған, отбасының ұйытқысы, тұтқа, тірегі бола білген аяулы да асыл жар, өмірден өткеніне 19 жыл болған, Құлманқызы Нұрила апама арнаймын.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісінің иегері кезінде Сам совхозын он жыл басқарып, оның жеті жылында Кеңестер одағының ауыспалы «Қызыл Туын» жеті рет жеңіп алған совхоз басшысы, саналы өмірінің соңғы жылдарында аудандық басшылықтарда абыройлы қызметтер атқарып, 74 жасқа қараған шағында өмірден озған нағашы ағамыз Тұмаш Ауданбаевтың жер қойнына тапсырылғанына 1 жыл болғалы тұр. «Мезгілсіз өмірден озған Нұрила Құлманова туралы естелік-әңгіме қозғау артында қалған замандастары - біздер үшін әрі ауыр, әрі қиын» деп бастапты өз естелігін кезінде сол Нұрила жұмыс жасаған мектепте директор қызметін атқарған, облысқа белгілі азамат, марқұм Сағындықов Жалғас.
Сол айтқандай, маған да екі ұлы тұлға жайлы естелік жазу оңай болған жоқ.
Ауданбай Тұмаш Әбибуллаұлы 1943 жылы 10 қаңтарда Түрікменстан Республикасы, Ташауыз облысы, Көне Үргеніш ауданы, Мәдениет елдімекенінде дүниеге келген. 1949 жылы мектепке барып, 1959 жылы Көне Үргеніш ауданындағы №49 қазақ орта мектебін бітірген.
1959-1961 жылдары ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған. Атамекенге аңсары ауған Ауданбаевтар 1961 жылы Маңғыстау ауданындағы, Ленин атындағы колхозға қоныс аударды.
1961 жылы Түрікмен ауыл шаруашылық институтының ветеринарлық бөліміне оқуға түсіп, 1967 жылы қаңтарында бітірген.
1967-1969 жылдары Маңғыстау ауданының Сам - 2 жеріндегі малдәрігерлік емханасының аға дәрігері, меңгерушісі қызметін атқарған.
1969 жылдың қазанынан 1973 жылдың аяғына дейін Маңғыстау совхозының бас мал дәрігері.
1974 жылдан 1977 жылдың шілдесіне дейіне Сам совхозының бас мал дәрігері.
1977-1979 жылдың тамызына дейін Бейнеу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы.
1979 жылдың тамызынан 1979 жылдың қарашасына дейін Маңғыстау облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы.
1979 жылдың қарашасынан 1987 жылдың қыркүйегіне дейін Бейнеу аудандық Сам совхозының директоры.
1987 жылдың қыркүйегінен 1991 жылдың сәуіріне дейін Бейнеу аудандық малдәрігерлік лабораториясының директоры.
1991-1994 жылдың мамыр айына дейін Бейнеу аудандық кеңестің төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары.
1994-1999ж. аудандық малдәрігерлік мекемесінің бастығы.
1999-2005 жылдары тамызыдан, аудандық аумақтық ауыл шаруашылығы басқармасының малдәрігерлік бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Нұрила Құлманқызы 1945 жылы Түрікмен Республикасы, Ташауз облысы, Ленин (қазіргі Ақтөбе) ауданына қарасты Ызмықшиыр ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын алғаш 1951 жылы аттап, 1961 жылы орта мектепті бітірді. Сол жылы Ашхабат қаласындағы М.Горький атындағы Түрікмен Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.
Университетті 1966 жылы аяқтап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Аталмыш оқу орнын бітірген соң, бір жылдай Мары облысының Иолотан ауданындағы Қызыл Ту совхозындағы орта мектепте оқытушылық қызмет атқарды. Тұрмысқа шығуына және қызмет ауыстыруына байланысты 1967-70 жылдары қазіргі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Амангелді атындағы орта мектепте 1970-1974 жылдары Ақжігіт (қазіргі Бегенов), 1974-1979 және 1981-92 жылдары Жангелдин орта мектептерінде, 1979-1980 оқу жылында Ақтау қаласындағы № 11 орта мектепте педагогтік қызметтің қызық та қиын сатыларынан өтті. 1992-95 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп, 1995 жылы осы мектептен зейнеткерлікке шықты. Нұрила Құлманқызы жарты ғасырлық ғұмырының 29 жылын ұстаздық қызметке арнады. Осы жылдар ішінде Нұриланың алдынан мыңдаған шәкірт білім негіздерімен қаруланып, арнаулы орта және жоғары білім алып шығып, еліміздің түрлі халық шаруашылығы салаларында жемісті еңбек етуде.
Нұриланың педагогтік салада атқарған орасан зор еңбектері әр жылдарда берілген мақтау қағаздары мен Алғыс хаттар, «Республика оқу ісінің үздігі» белгісімен атап өтілді.
Нұрила жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана, әулеттің сыйлы келіні болатын.
Тұмаш ағасы Әбиболлаұлы Бисембаймен бірге 1959 жылы Түрікменстаннан атамекені Бейнеу жеріндегі Сам құмына көшіп келді. Ол кезде Самда Маңғыстау ауданының жиырмадан астам колхоздары мал ұстады. Бисембай мен Тұмаш Ленин колхозының бір үйір жылқысын бақты, еңбекте абыройлы болды, малына мал, басына бас қосылды.
Түрікменстаннан көшерде онжылдықты бітірген Тұмаш бірге оқыған жолдастарымен хабарласып, жоғары білім алуды мақсат етті. Колхоз төрағасы Төлесінов Ерғалидің кеңесімен Ашхабадқа оқуға аттанды. Ашхабад ауыл шаруашылық институтында оқудың орыс және түрікмен тілінде жүруі ауыл баласына оңай болмады. «Оқысам, білсем екен» деген тау-дай талабы оны тек оқуда ғана емес, институттың қоғамдық жұмысында да алда болуына мүмкіндік берді. Оқуды спортпен ұштастырып, ол жеңіл атлетикадан республикалық біріншілікте чемпион болды. Институтты үздік дипломмен аяқтаған Тұмаш мал дәрігерлік мамандығын алып, елге оралды. Ленин атындағы колоздың бас мал дәрігері болып жұмысқа жүрді. Жұмыс орыны – Сам құмы, Тұрыш мекеніндегі мал дәрігерлік пункт еді. Бір жылдан кейін өзі Ашхабадта жүріп танысқан, уәде байласқан, Түрікменстан университетінің түлегі Құлманова Нұриламен отау құрып, жанұя болды. Нұрила қазақ мектептеріне орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді, үлгілі ұстаз, жанұяның ұйытқысы, қайнағаларының сүйікті келіні болды.
1969 жылы Маңғыстау ауданының Самдағы фермалары Маңғыстау совхозы болып ұйымдастырылды. Тұмаш осында мал дәрігері болды. Тұмаштың өмір университетінде ысылып, мол тәжірибе жинауына шаруашылық басшысы Таушан Қорбақов, бас зоотехник Сисен Абдрахманов, облыстың бас мал дәрігері Михаил Шухмахер, ауданның бас мал дәрігері Жомарт Нұрлаев сияқты азаматтар жолбасшы болды. Әсіресе Михаил Шухмахердің қамқорлығын Тұмаш ешқашан да ұмытпайды. Жұмыста да, тұрмыста да ол Тұмаштың әкесіндей қамқоршы болды.
1973 жылы Маңғыстау дербес облыс болып құрылғанда Маңғыстау кеңшарынан енші алған Сам совхозына Тұмаш бас мал дәрігері болып барды. Жаңа шаруашылықтың директоры Қуаныш Ғыйлымов өз мамандығы бойынша бай тәжірибе жинақтаған Тұмашты өзіне жақын тартты, партия қатарына өтуге өзі кепілдеме берді, өзіне бірінші орынбасар етіп жоғарылатты. Келешегінен үлкен үміт күттіретін маманды көп кешікпей аудандық партия комитеті жұмысқа шақырды, 1977-79 жылдары Бейнеу аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1979 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінде істегені оған облыс көлеміндегі жағдаймен танысуына, саяси жағынан одан әрі шыңдала түсуіне көмегі болды. Сол кездегі түйген қағидасы-ауылда да, қалада да алда тұрған экономикалық міндеттерде адамдарға тұрмыстық жағдай туғызу, әлеуметтік мәселелерді шешу. Жас маманның іскерлік қабілетін байқаған басшылар оған жауаптырақ жұмыс тапсыру қажет деп шешті. Обкомның бірінші хатшысы Ауданбаевты шақырып алып «Облыстық партия комитетінде істеген аз уақыт ішінде өзіңнің іскерлік қабілетіңді көрсеттің, біз сені өзің істеген Сам совхозына директор етіп жібергелі отырмыз. Сенімді ақтайды деп ойлаймыз» деді.
Осылайша Ауданбаев Тұмаш Сам совхозына директор болып оралды. Ол басшы болған жылдары малдың өрісі мен санының өсуіне орай жайылымдарды ұлғайту, су көздерін табу, жаңа қоныстарды игеру қажет болды. Малды қоңды етіп бағып, одан төлді де, өнімді де көп алу басты міндетке айналды. Шаруашылық жылдан-жылға жоғары көрсеткіштерге жете берді. 1983 жылы кеңшар бойынша әр жүз саулықтан 129-дан қозы алынып, облыс бойынша бірінші орынға шықты. Сам кеңшары екі рет республикалық жарыстың жеңімпазы болды.
Ауылдың әлеуметтік жағдайы да директордың назарында болды. Совхоз орталығы Жанкелдин селосында шалғайдағы малшылардың балалары үшін интернат үйі салынды. Ауыл орталығында мәдениет үйі тұрғызылды, революция сарбазы Әліби Жанкелдинге ескерткіш орнатылды. Трактор, автомашина жөндейтін шеберхана, қаракөл елтірісін дайындайтын цех жұмыс істеді.
Енді Тұмашты ауыл тұсынан өтіп жатқан Орта Азия орталық газ құбырын қайткенде елге қызмет еткізу мәселесі мазалады. Бұл проблеманың аудан көлемінде шешілмейтінін біліп, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашевқа барды. Сонда бірінші хатшы: «Басқа директорлар машинаға қосалқы бөлшек сұрап немесе пішенге көмектес» деп келуші еді, мынауың елге, халыққа пайдасы болатын шаруа екен» деп, көмектесуге уәде етті. Сол бойда ол Ауданбаевқа «Менен «Саратовтрансгаздың» бастығы Есет Әзербаевқа сәлем айт. Айтып жүрген шаруасы бар еді. Самға газ жүргізіп берсе, қалған шаруаның да шешімі табылады дерсің» деді. Осыдан кейін Тұмаш автомашинамен 1800 шақырым жол жүріп, Саратовқа барып, мәселені шешіп қайтты. Келесі жылы құрылысшы мамандар келіп, өз күштерімен Сарғаға газ жүргізіп берді. Міне, содан бері ауыл тұрғындары газ отынын пайдаланып келеді. Ол уақытта ауыл түгіл, аудан орталығына газ қосу тосын жаңалық еді. Міне, «Азаматын көріп, ауылын таны» деген осы. Осындай игі қызметтерге ұйытқы болған Тұмаш кейін аудандық әкімшілікте әкімнің орынбасары жұмыстарында болды. Қайсы жұмыста болмасын, Тұмаш өзін көрсете білді.
Бейнеу ауданы - облыс орталығынан ең шалғай, әрі басқа республикалармен шекарада орналасқан аудан. Оның тұсынан өтетін халықаралық маңызы бар теміржол, тас жолдармен сауда керуендері, алыс-жақын елдердің адамдары өтеді, заңсыз тауарлар немесе малмен бірге індетті, жұқпалы аурулар келуі мүмкін. Ауданның экологиялық жағдайы да алаңдаушылық туғызады. Тұмаш атқару орындарында жүргенде үкімет комиссиясымен жүріп, Аралдан ұшқан тұз тозаңының мал жайылымдарына, адам ағзасына келтіріп отырған зардаптарын көрсетіп, ауданға үкімет тарапынан көмек көрсету қажеттігін дәлелдеген болатын. Аудан ол кездерде республикадағы артта қалған 30 ауданның санатына қосылған еді.
Ауданда бұрынғыдай ұжымдық шаруашылықтар жоқ. Төрт кеңшар жекешеленгенде сіңірген еңбектеріне орай әркім өз үлестерін алған болатын, солардың ізінде қазір ауданда жүзден астам шаруа қожалықтары жұмыс істейді, малдың дені - жекенің қолында, яғни малдың өсіп-өнуі, саулығы, тұқымын жетілдіру, басын көбейту - солардың өздеріне байланысты. «Ортақ өгізімнен оңаша бұзауым артық» дегендей, ауыл тұрғындары нарық заңына да үйреніп қалды. Солардың бірі болып Тұмаштың ағасы Бисенбай да өз қарауындағы малымен «Нұрлан» шаруа қожалығын құрып, атамекені Қызыл жұлдызда отырып қалды.
«Түстік ғұмырың болса, күндік мал жина» деген халықтың дана ақылына сүйенген Бисенбай, бұрыннан еңбекқорлығымен атағы шыққан Бисенбай мынау нарық кезінде де шаруасын үйлестіріп алды. Жұбайы, батыр ана Несібелі екеуі балаларына көмекші, қамқоршы болып, біреуді екеу етуге көмектесіп жүр. Жасы сексенге келсе де әлі өзін ширақ сезінеді. Өздеріне жетерлік төрт түлікке сай малдың бәрі бар. Табиғатынан мінезі жұмсақ, адал жар бола білген Нұрила апам отбасының әдеп-салтын бұзбай, Тұмекеңді алға ұстап, аға, ініден тараған ұл-қыздардан өнген бір отбасында 20-ға жуық бала тәрбиеледі, үйдегі балабақша меңгерушісі атанды, немерелерін көрді, ағайын-туыстарымен үлкен сыйластықта болды.
Өткен 1980 жылдардың орта, аяқ кезеңінде Ауданбай кәкемізбен бірге туған - туыстары Тұмекеңді пана тұтып, Сам совхозына келіп, қоныстана бастады. Ол кезде де жағдайы шамалы, күн көрісі нашар жанұялар болды.
Тұмекең тумаластарын жылы жүзбен қарсы алып, Күшікбай, Қаржаубай, Қошқарбайларының ел қатарына қосылып, азамат болып жетілуіне тәлім - тәрбие беріп, азамат қатарына қосты. Ал апам Нұрила өз балаларымен қатар Қаржаубай, Қошқарбай, т.б. қайныларына аналық мейіріммен қарап, бар - жоғын ауыздарына тосып, жанұя құрып, өсіп-өркендеп кетуіне қамқорлық жасап отырды. Ауданбаевтар шаңырағын жоғары ту етіп ұстады, әттең, өмірден ерте кетті. Нұрила апам екеуі жеті бала тәрбиелеп, өсірді. Балаларының бәрі де өз орындарын тапты. Тұмекең мен Нұрила апамның тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары бір-бір үйдің түтінін түзу түтетіп, әр бала беделді, сыйлы, танымал тұлға ретінде танылып келді. Тұңғыш ұлы Темірхан бүгінде төрт перзенттің әкесі, балаларын оқытып, құтты орнына қондырып, одан жиен көріп отыр. Нұрила апам кішкентайынан бауырына басып өсірген Әсел жоғарғы оқу орнын бітіріп, Астана қаласындағы 24-ші телеарнада жүргізуші қызметін абыройлы атқарып келеді. Әркім сенімінің құлы болуы керек. Сенім алға жетелейді, сол арқылы адам өмірінің әртүрлі сатыларында өсіп, қалыптасады. Кеңшар басшысы кезінде тағы бір іске бел буып, өз сенімінің алдамайтынына көзі жеткен ол ауыл орталығында жасыл желекке оранған, адамдар демалатын бау-бақша паркін ашты. Кеңшар агрономы Италмас Сартаевты бас қылып, кәнігі бағбан Дүйсен Салықбаевты және елге қауыншы ата атанған Сариев Құрмашты қосшы етіп, әртүрлі жеміс ағаштары мен қайың, қарағай талдарын отырғызды, Жылдар өте келе орталықта үлкен бақ және қауын-қарбаз, көкөніс бақшасы пайда болды. Сол кездерде бақ ішінде әртүрлі құстар - үкі, тоқылдақ, аққулардың қонақтап кеткен кездері кездесті. 1983 жылы Уәлі жеріндегі шопандар тойына Сам кеңшары атынан бақшада өскен жеміс-жидектермен толық қамтылған машиналар керуені барғанда бүкіл облыстық ауыл шаруашылығы мамандарының таңқалмағаны кемде-кем десек, артық айтқандық емес дер ем, қайтарда осы оқиғаны өз көздерімен көрген малшылармен бірге той қонақтары таңдай қағып, таңқалған кездерін көрдік.
Шөл даладағы құмның ортасында тұрған ауылға су, газ тартып, жасыл желекке орап, сахарадағы оазистей гүлдендірді. XXI ғасырда әлі күнге дейін от жағып, суды тасып ішіп отырған ауылдар мен тіпті шағын қалалардың барын ескерсек, Тұмекеңнің бұл еңбегін нағыз ерлік деп айтар едім. Кезінде 1980 жылдардың басында іс-сапармен келген марқұм, ақын Фариза апамыздың өзі «Мен дүние жүзін араладым, ақ шағала, көк желекке оранған әсем ауылды Прибалтикадан көрдім. Содан кейінгі көрген әдемі ауылым - осы» деп, салыстырмалы түрде баға берген болатын. Мұның өзі сол кездегі ел басқарған азаматтың еңбегін бағалап, құрмет көрсеткендігі деуге болады.
Тұмаш-Тұмекеңнің еңбек жолын айтпағанның өзінде балуандық жолы, яғни қазіргі қалыптасқан терминмен айтар болсақ, спорттық жолы-тек өсу, өрлеу, чемпион, шебер атануы - мақтау қағаздары, төс белгілері, медальдарымен айшықталады екен. Ашхабадтағы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген жылдары еркін және түрікменше күрестен үш рет Түрікменстан чемпионы және спорттың осы саласы бойынша республикалық ұлттық құраманың мүшесі болған. Ол бұл атақтарды аудан, қала, облыс, республика, содан соң ақырында бүкілодақтың (СССР-дің) намысын қорғау жолында еткен еңбектері мен төккен маңдай терлерінің нәтижесінде алғандығы айдан анық. Тұмекеңнің еңбек жолдары мен спорт жолындағы ерен еңбектері ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған, («Сам саңлақтары» кітабы, Атырау қаласы, «Ақжайық» баспасы, 2006 ж. Құрастырған И.Мырзабекұлы. Аталмыш мәселе бойынша мол мағлұмат алу үшін бұл шағын мақала ауқымына сыймайтын болғандықтан «Сам саңлақтары» кітабын оқуға кеңес береміз).
Өткен жылы 74 жасында өмірден өткен Тұмекең, алдымен ұлтжанды азамат. Оған бір дәлел, 1970-1980 жылдары Тұмекең машинасымен Бейнеу бекетінің тұсынан өтіп бара жатса, ұлты шешен 2 жігіттің жергілікті халыққа орынсыз тиісіп, күш көрсетіп тұрғанын байқап қалады. Дереу машина- сын тоқтатып, әлгі әумесерлердің екеуін екі жаққа лақтырып жіберген екен, әлгілер жым болыпты.
Қай кезеңде де бір-бірін көре алмай, аяқтан тартуды бастан өткізіп келеміз. Мұның дәлелі, Тұмекең жұмыстан кеткен кезде орнына мұрнына шаруашылықтың иісі бармайтын басшылардың келіп, оның жасаған жұмыстарын түбегейлі жоюымен айналысуы. Мысалы, сексеуіл, изен еккен алқаптарының қоршауларын бұзып, зәулім ақ қайың, терек- терді шауып, газ құбырларын жекешелендіруді пайдаланып, талан-таражға салғандарын айтуға болады. Екінші бір жағдай, 2008 жылы шығарылған «Маңғыстау энциклопедиясының» 92-бетінде Маңғыстауда мал шаруашылығының белгілі бір жүйеге түсіп, өркендеуіне, экономикасының артып, елдің әлеуметтік тұрмыс - тіршілігінің жақсаруына үлес қосқан, партия, кеңес, кәсіподақ, шаруашылық есеп жүйесінде елеулі еңбектерімен танылған ел азаматтары - Қуаныш Ғылымов, Ы.Насухаев деп, Сам кеңшарының егіс алқабындағы Сариев Құрмаштың суретін пайдалануы - Тұмекеңнің жоғарыдағы көрсетілген еңбектеріне жасалған қиянат дер едім. «Маңғыстау энциклопедиясында тың жерден совхоз орталығын тұрғызған Қуаныш Ғылымовтың аты аталуы орынды. Ал оның ізін жалғастырған, Тұмаштың жоғарыдағы еңбектерін пайдаланып, жалған ақпарат беріп, Ы.Н. пайдаланғанын болашақ ұрпаққа қалдырған қандай энциклопедия деуге болады?
Бірде Тұмекеңнен осы тақырып жайлы сөз қозғап, сұрағанымда «Менің еңбектерімді сол кездегі еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біліп, бағасын берген. Соның өзі маған жетіп жатыр» деген болатын, асыл ағам. Ендігі айтарым, Ауданбай Тұмаш Әбибуллаұлының еліне, халқына жасаған еңбектерін ескере отырып, Сарға ауылынан немесе Бейнеу ауданының орталығынан Тұмаштың атына көше атауы берілсін деген ұсынысымды білдіремін. Бұл ұсынысымды А.Тұмашты танитын барлық ауылдас, жұмыстас, бірге болған жолдастары да қолдайды деген үміттемін.
Кезінде қиналсақ та, қуансақ та қасымыздан табылған аға, апамыздың жатқан жері жайлы болсын. Сіздерді жұмақта қауыштырсын. Сіздер - біз үшін мәңгі тірісіңдер, көңілден кетпейсіңдер, біздермен біргесіңдер!
Рысбай ДҮЙСЕНҰЛЫ, Сарға ауылы, мәдениет саласының ардагері