Биыл Бейнеу ауданында Балаларды қорғау күні мерекесі жылдағыға қарағанда ерекше мәнді де сәнді мәдени - көпшілік шаралармен балаларды тамаша қызықтарға кенелтті. Аудан орталығындағы палуан Әли Балта атындағы стадионда өткен «Балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері және ансамбльдерінің шеруі» атты бұл шара жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен рухани жаңғыру тұрғысындағы жаңаша көрініс беріп, тамаша әсер қалдырды.
Астанананың 20 жылдығы аясында аудандағы балабақша және мектептерден, колледждерден және мәдениет ошақтарынан 2000-нан астам өнерпаз балалар мен жастардың қатысуымен өнерді өрістеткен мерекелік шерудің бастауында аудан әкімі Б.Әбілов құтықтау сөз сөйлеп, балалардың қуанышын бөлісті.
Мерекеге орай әсем безендірілген сахна төрінен ән әуелеп, күй күмбірлеп атырапты тербеп тұрды. Шартарапқа шалықтап тарап тұрған ән әуенінің қанатында балалардың шат күлкісі мен сыңғырлаған үні қалықтап тұрғандай болды.
Әсем әуенге ілескен мерекелік шеруді Құлшар атындағы өнер мектебінің домбырашылар оркестрі бастап берді. Оркестрдің домбыра шанағынан төгілген сырлы саз бен әсем әуен тоғысып, күй ақтарылды. Шеруге қатысқан әрбір өнерпаз ұжым сахна тұсына аялдап, ән мен жырдан шашу шашып, би биледі.Олар әр алуан ұлттық киім үлгілерін киіп, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан сан алуан ұлт өкілдерінің әндерін шырқап, мәдениетінен көрініс берді. Мерекелік шеруге қатысып, өнерін көрсеткен әрбір ұжымның білімдегі, өнердегі және спорттағы жетістіктері паш етіліп тұрды.
Ұлы даланың төсіндегі қызғалдақтай құлпырып, көздің жауын алатындай көркем көрініс берген өнерпаз жастар мен балалар әнімен де салтанатты сәнімен де көрерменді тамсандырып, таңдай қақтырды. Олардың өнерлеріне көпшілік қол соғып, қошамет көрсетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Есімі естен өшпесБалаларды шалқар шаттыққа бөлеп, мәз-мейрам еткен мерекелік шара көркемдігімен де, мән-мазмұны жағынан да көрерменнің бәріне де көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Осылайша өнерпаздарымыз республикалық көлемдегі мерекелік шараға үн қосты.
***
Бүлдіршіндер мерекесінің салтанаты кешке қарай орталықтағы Тәуелсіздік алаңында Бейнеу кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Балдәурен» кемесімен саяхат» атты сазды бағдарламамен жалғасты. Бағдарлама қатысушылары – «Балдәурен», «Үстірт», «Сауықтыру», «Бөбек», «Атамекен», «Болашақ» бөбекжайларының бүлдіршіндері білімді, зейінді, талантты болуға талпынып, осы талпыныстарына сай тәрбиеленіп, өсіп келе жатқандарын көпшілікке паш етіп, ата-аналарын сүйсіндірді.
Бағдарлама желісі бүлдіршіндердің талғамына сай, қабылдауына оңтайлы, жеңіл әрі қызықты құрылған. Қазына аралын іздеп табуды мұрат тұтқан бүлдіршіндер «Балдәурен» кемесіне отырып, «Көңілді күн» әнімен қанаттанып саяхатын бастайды. Жол үстінде - «Достық», «Көңілді сайқымазақтар», «Көгілдір теңіз», «Тәтті ағаш», «Шри Ланка», «Ғажайыптар», «Жұмбақтар» аралдарында алуан түрлі адамдармен, өсімдіктер дүниесімен, аю, қасқыр, қоян секілді хайуанаттар әлемімен таныс болады. Күн дидарлы қазақ еліндегі «Қазына» аралынан адам баласының баға жетпес байлығы, асыл қазынасы кітапты тауып, мұратына жетеді. Жер бетіндегі бейбіт өмірдің ұстыны - еңбек, күш-жігер, ақыл мен терең білім, достық, ынтымақ, бірлік екендігін сәби жүрегі ұғынғандай әсер қалдырды. Аралдан аралға жеткенге дейін ән, билерді орындап, сұрақтарға жауап берген жеңімпаздардың «Әдеби кафе» сыйлаған тәттілерден дәм татуы мерекелік бағдарламаға сәтті үйлесіп тұрды. Бағдарлама ата- аналар мен сәбилерге кереметтей қуаныш сыйлап, бүлдіршіндер өнерін тамашалаған халық қарасы желкемдеу күннің ауасы түнде әбден салқын тартқанын елеместен бағдарлама аяқталғанға дейін сейілмеді.
Мерекелік күннің ажарын ашып, сәніне сән қосқан бағдарламаға қатысқан бүлдіршіндер аудандық кітапхана әкімшілігінің арнайы сыйлықтарына ие болып, Алғыс хатымен марапатталды.
...Өмірдің ажары да, базары да – бала. Сәбилеріміз қуанышқа кенеліп, мәз-мейрам болған сәтте айнала - әлем сұлулыққа бөленіп, құлпыра түседі. Әр таңымыз осындай сұлулықпен атып, нұрлы күндеріміз осындай сұлулықтың куәсі болғай, лайым!
Кәрісбай ӘДІЛ, Қартбай ҚОЖАЕВ