Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген дуадақ құстары Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласынан әкелініп, табиғат аясына жіберілді.
Біздің еліміз Әбу-Дабидегі жек-дуадақтарды қорғайтын халықаралық қормен құстарды зерттеу мен қорғау бағытында серіктестікте жұмыс жасап келеді. Жуырда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Әбу-Даби экология агенттігі арасындағы келісімге сәйкес 500 бас дуадақ құс табиғатқа жіберілді. Бұл шараға Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром ӨБ» РМКК «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік қорық аймағы инспекторлары қатысты. Жануарлар дүниесін қорғау үшін «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік қорық аймағы инспекторларына «Тойота-Хайлюкс» маркалы автокөліктер берілді. Алдағы уақытта броконерьлермен күресті күшейту мақсатында әуеден бақылау үшін дрондар алу жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысы аумағына әр жылдары жек-дуадақ құсы жіберілген болатын. Мәселен, 2014 жылы – 99 бас ителгі, 271 бас дуадақ, 2015 жылы – 55 бас ителгі, 2017 жылы 500 бас дуадақ құстары табиғатқа жіберілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда егін шаруашылығының алқабы 70 гектарға кеңеймекБұл құстарға арнайы спутник арқылы бақылап отыратын қондырғылар орнатылған. Мамандардың зерттеуі бойынша Маңғыстау облысы ителгі мен дуадақтардың мекендеу ортасы үшін ыңғайлы жер екендігі белгілі болды. Бұл құстар негізінен шөлді, жартылай-шөлді аймақтарды мекен етеді. Азияда мекендейтін дуадақтардың оңтүстіктікі және солтүстікі деген екі түрі болады. Мамандар дуадақтар Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан, Иран сияқты елдерге қоныс аударатынын айтады, Маңғыстауға наурыз айының соңында келеді. Сәуір айында ұясын салып, жұмыртқалап, балапандарын өргізеді. Балапандарына негізгі қауіп түлкі, қарсақ, жыландардан келеді.
Жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін жекелеген тұлғаларға дуадақтарды аулауға рұқсат беріледі. Бір бас дуадақты аулағаны үшін төленетін төлемақы – 260 АЕК (625 300 теңге). Заңға сәйкес жануарлар дүниесіне келген зиянның айыппұлдары бекітілген. Дуадақтарды немесе ителгіні заңсыз аулағандарға айыппұл мөлшері 700 АЕК (1 683 500 теңге.) құрайды.
Біріккен Араб Әмірліктерінен келген мамандар Қазақстанмен арадағы осы бағыттағы ынтымақтастық болашақта да жалғасатын табатындығын жеткізді.
Ғ.ДОСАТОВ, Маңғыстау облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекция басшысының орынбасары
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған