Көшпенді қазақ тұрмысында әйелдің рөлі жоғары болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп сыйласа, әйелді отанасы ретінде қадірлеген. Ал анасын әулиедей қадірлеген қазақтың арамыздан әлі де табылатынына күмән жоқ.
Хат танымайтын ата-бабаларымыз әйелге сондай құрмет көрсетіп, көрегенділік танытқанда, бүгінгі компьютердің құлағында ойнайтын, білмейтіні жердің астындағы дипломды жастар неге өз жартысына аса қатыгездікпен қарайды? Олардың жарына деген сүйіспеншілік демей-ақ қояйық, сыйластық сезімі неге суынып барады?
Көпшілік құлақ қоятын «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген тұжырым болғанмен, бұрынғы көгілдір экранға телмірмеген, компьютер мен айфон дегенді көрмеген әке-шешелеріміздің ұзақ жылдар бойы бірге тұрғанда бір-біріне қол жұмсау былай тұрсын, көңілін қалдыратын ауыр сөз айтпауы неліктен?
Кейбіреулер бұның бәрін «жалаңаштанудан» көріп, өз сыңарларына қара «тұмылдырық» кигізіп қойғанмен, күнделікті БАҚ құралдары таратып отырған мәліметтерге назар аударсақ, олардың да әйел жұрағатына жұмсақтығы байқалмайды. Соған қарағанда «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны» деп, Құранда жазылғанды ауыз айтқанмен, қол орындамайтын секілді. Аузына арақ-шарапты татып алмайтындардың да әйелдеріне қол жұмсап, көздерін көгертіп, жүрегіне дақ салып жүргенін көріп жүрміз.
Заманында көріпкел Мөңке бидің: Алашұбар тілің болады, Дүдәмалдау дінің болады... деген уақыты осы болмасын?!Жалаңаштанады демекші, қазіргі қоғамда біреулер тас бүркеніп, қымтанып жүрсе, біреулер жартылай жалаңаш жүруге ұялмайтын болды. Олардың ішінде ақыл тоқтатпаған жасөспірім қыздардан гөрі, ақыл тоқтатқан, тіпті егдерген әйелдер басымырақ көрінеді. «Шешеге қарап қыз өсетінін» ескерсек, дүниеге енді көз ашқан жасөспірім бүлдіршін қыздарды кінәлаудың не жөні бар?
Бас қосылған жерлерде Әйел жағы ден болар, Жаман-жақсы айтса да, Өзінікі жөн болар. Орай салып бастарын, Жалпылдатып шаштарын, Тақымдары жалтылдап, Ұят жағы кем болар... Бұл да – сол Мөңке бидің сөзі!
Тәуелсiздiк жылдары iшiнде Қазақстан ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында да белгiлi бiр дәрежеде iлгерiлеудi көздеді. Заманға қарай заңдар қабылдауды жөн санап, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою туралы декларация Бас Ассамблеяның 48/104 қарарымен 1993 жылы 20 желтоқсанда қабылдады.
1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердiң саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыс құрған әйелдiң азаматтығы туралы» конвенциялары да бекiтiлдi. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы пактiге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды.
Осының бәріне қарамастан, әйелді кемсіту фактілері азаймаған секілді, себебі ҚР бас прокуратурасы таратқан ақпараттардың ресми деректеріне сенсек, Қазақстан полициясының көмегіне түрлі деңгейде зорлық-зомбылық көрген 2500-ден астам әйел жүгінген. Оның 1300-і соққыға жығу, 1200-і зорлау, сондай-ақ 360-сы саналы түрде әйел денсаулығына зиян келтіру жағдайында болған.
Зәбір көрушілердің 48%-ы зорлық-зомбылықтың себебін ішкіліктен, 21%-ы қызғаныштан, 16%-ы мәдениеттің төмен деңгейінен, 15%-ы қиын материалдық-тұрмыстық жағдайдан туындаған қолайсыз отбасылық жағдай деп санайды екен.
Елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты 20 дағдарыс орталығы бар бола тұра, еліміздегі әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы асқынып бара жатқанын, зорлықпен жасалған қылмыстардың өсу динамикасында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстардың саны елеулі артуынан, ҚК «Зорлық жасау» 120-бабы бойынша – 27% (2010 ж. 1387-ден 2011 ж. 1762-ге), 128-бабы «Адам саудасы» – 40% (15-тен 21-ге), 145-бабы «Тұрғын үйге қол сұқ- паушылықты бұзу» 46,4% (351-ден 514-ке), 122-бабы «16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қа- тынастар және басқа да сексуалды сипаттағы әрекеттер» – 59,4% (69- дан 110-ға дейін) артқанын байқауға болады.
Сонда зорлық-зомбылықтың бас себепшісі – жүрегі күннен-күнге беріштеніп, тасқа айналып бара жатқан адам бойындағы қатыгездік деуге келетін секілді. Ал ол қатыгездік қайдан пайда болады? Қойдан жуас қоңыр саналатын қазақ ұлтының бойына осы мінез қалай жұғысты болды? «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар» деген Құран сөзін неге ұмытты?
Қара көз қыздарымыз бауыр еті баласын мұз үстіне тастап кетуді шығарды. Ұрпағының кіндігін мұзға қатыратын итбалыққа айналайын дегені ме? Ол аз десеңіз, қоқыс жәшігіне, тіпті әжетханаға тастап кететін болды, оларды осындай жағдайға душар еткен кімдер? Көбіне таразының екінші басы ұмыт қалады. Қалай болғанда да, өзге ұлт қыздарының туған баласын қақаған аязда мұзға тастап кеткені туралы мәлімет естімеппіз.
Ал қазақтың қолаң шаш, қара көздерінің мұндай қатыгездікке қалай дәті барды? «Қызым үйде – қылығы түзде» дейтін халқымыз, «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі қара күңнен тыйым салуды» неге ұмытты? Оның есесіне бетінен қақпай өсірген бұла бойжеткендер, өзі өз болып, етек-жеңін жинап алғасын, шешенің бетінен алып, әкеге бажаңдайтын бетпаққа айналатын болды. Солардың көбі, сөйлетіп қойсаң, қолын мезгілінен кеш сермеп, бармағын шайнап жүр. Қыз баланы шамадан тыс еркелеткеннің соңы ата-ананың басына шоқпар болып тиіп, қаракөздеріміз қазақ жігіттерін менсінбей, күй-тұрмысы түзу, жағдайы жақсы жат жерліктерге өз еркімен тұрмысқа шығу үрдісі белең алды. Бұның соңы неге соқтырарын Құдай білсін! Ертеңіне қайтып келіп, ерке қыздар Қазақстанды ала-құла жиендерге толтырмаса не қылсын?!
Күнделікті аялдамаға шыққан сайын, түскі үзіліске шыққан қарама-қарсы беттегі политехникалық колледж студенттерінің шоғырына кез болам. Топ-тобымен дарақы күліп, қақырып-түкіріп, боғауызды суша сапырып тұрған қазақтың жасөспірімдерін көргенде көңілің су сепкендей басылады. Ойыңда тап олардың біреудің аялаған бойжеткенін бақытты ету қолынан келе қоятынына күмән пайда болады. Әке-шешенің табысын қалтаға салып алып, талтаңдап жүрген қазақтың болашағы келешекте өз балаларына қандай тәрбие берер екен? Бұлардың замандастары балаларын шімірікпей мұзға тастап кетіп жатқанда, сол мұзға тасталған балалар өз балаларын не істер екен?
«Көсеу түрткенін біледі, кісі көргенін істейді» дейтін еді, ұялы телефоннан не пәленің бәрін есі кірмей жатып көріп, «көзі тойып» жүрген балалардан болашақта қандай жар, ата-ана шығар екен?
Біз осы «Қоғам өмiрiнiң барлық салаларында гендерлiк теңдiк қағидаттарын iске асыру мақсатын» көздейміз деп жүріп, төңкерістен бұрынғы «Әйел теңсіздігіне» жылап көрісетін жағдайға жетіп қалған жоқпыз ба?
Сол баяғы ата-баба дәстүріне берік бізден басқа шығыс халықтары жесір, жалғызілікті бірен-сараны болмаса, әйел затына жұмыс істетпейді. Ал қазақ әйелдері отбасы тауқыметіне қоса, түздің шаруасын (қызметті) өз еріктерімен мойнына қамыт қылып, қосып арқалап жүр. Осындай жанкешті әрі белсенді замандастарымыздың зейнет жасы бара-бара ерлермен теңесуге айналды. 63 жастағы қара жұмыстағы, мысалы, мұнайшы әйелді көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Жоғары лауазымды жұмсақ тақта отырған ақсаусақ бикештер әй-әй көйлектерін көрсетіп, көпшілікте 70-ке дейін жүре бергенді жек көрмегенмен, қарапайым жұмысшы әйелдерге 63 жасқа дейін ертелі-кеш салпаңдау ұнай қояр ма екен?! Әй, қайдам? Қара жұмыстағы әйел мен жеңіл қызметтегі «кемпір келіншектердің» бейнетін салыстыруға келмес.
Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады... деп Мөңке жарықтық айтпақшы, жұмыс істеген әйел ерімен тең болдым дейді, ал қызметі күйеуінен жоғары болса, өзін қосағынан бір елі де болса артық санайды. Құранда: «Ері әйеліне бұйырса, ол бұйрығын тыңдайды, жүзіне қараса – сүйіспеншілігі оянады, сапарға шықса – намысын және күйеуінің мал-мүлкін қорғайды». «Әйелдер – сендердің киімдерің, сендер – әйелдеріңнің киімдерісіңдер» («Бақара сүресі», 187-аят) делінгеніне қарамастан осы күнгі «шашы ұзын болғанмен, ақылы қысқа» төменетектілер өз қара басын баға алмай жүрген жұмыссыз күйеуіне «Ерім – пірім» деп табына қоймайды.
Еркек басымен әйеліне кіріптар болу немесе әлеуметтік тұрғыдан өзін әйелінен кем санау есті еркекті ішімдікке әуестендірудің бірден-бір жолы емес пе? Оны мүсәпір қылған кім? Ол өзінің Құдай берген «Ер кісі – әйелге билік жүргізеді. Себебі Алла оларды бір-бірінен артық етіп жаратқан және ерлер әйелдер үшін мал-мүліктерін сарп етеді» дейтін құқын неге пайдаланбайды? Әйелден өзінің артық екенін дәлелдемейді? Бұған ешкім тосқауыл қойған жоқ қой? Мүмкін біздің жігіттер жалқаулық, жатып- ішерлік, жанбағарлық секілді кеселдерге бой алдырған болар?
Егер ол өз мерейін үстем ете алса, азаматтық атын қорғай алса, «Ер кісілер әйелге өзінің апа-қарындасындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін – әйел» деп қасиетті кітапта айтылғандай, есті әйел ерін ұлтан емес, сұлтан қылар еді. Әлде, әр нәрсе орнында тұрса, табиғи заңдылықпен тәртіптің күшіне енетіні секілді, әркім өз жөнін білсе ғана отбасында теңдік орнайтынын ұмытып барамыз ба?
Бұрынғы ерлер – ер орнында, әйелдер – әйел орнында болғасын үйі – берекелі, отбасы – ырыс, ынтымақты болғанын қалай түсінбейміз? Әйелі төстеңдеп жұмыста жүрсе, күйеуі бұқшиып отбасында отырса, табиғи тепе-теңдік өз-өзінен бұзылмай ма?
Сонымен сөздің тоқ етеріне көшсек, бүгінгі қаракөздеріміздің қадірі неден қашты?! Мүмкін, Дидахмет Әшімханұлы жазғандай бәріне «ғажап айна» кінәлі шығар?! Заманымызбен ұқсастық бар ма екен, оқып көріңізші: «Ғажап айна! Алыстағыны алақандағыдай көрсетеді. Ал ол не көрсетпейді десеңші. Бұзауға артылған бұқаны, жігітке өзі артылған қыздарды, жалаңдаған пышақты, жап-жалаңаш құшақты, жын қаққандай биді, құтырынған күйді, бәрін-бәрін көрсетеді шіркінің. Оны көрген қыз-жігіт тепең-тепең етеді. Қол сумаңдап етекке, қыз елпеңдеп жетекке кетеді...»
Үміт ЖӘЛЕКЕ