Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың «Оңалту және әлеуметтендіру орталығының» жұмысымен танысу барысында айтылды. Бұл орталық - өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 24 238 мүгедек бар, оның 4 630-сының тірек-қимыл аппараты бұзылған. 2017 жылы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектердің жағдайын жақсарту мақсатында Ақтауда «Оңалту және әлеуметтендіру орталығы» ашылады. 281,9 м2 ғимаратта орналасқан орталық жартылай стационарда қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, шалғай ауылдардан келгенде түнде де осында қала алады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда оңалту орталығы Германияда жасалған құны 84 915 999,84 теңге тұратын 3 оңалту тренажерымен қамтамасыз етілген.
«Орталықта жылына 240 адам оңалтудан өтеді. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін құны 30 146 800 теңге тұратын тағы төрт тренажер сатып алу қажет. Сондай-ақ 50 адамға қызмет көрсету үшін кемінде 1000 шаршы метр ғимарат қажет», - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев.
Облыс басшысы Ералы Тоғжанов қажетті жабдықтарды сатып алу және жаңа ғимарат табу мәселесін шешуге тапсырма берді.