©
Жақында Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттау тобы мүшелерінің қатысуымен және Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиевтің төрағалығымен жиын өтті.
Жиынға Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Ж.Маршақұлы, Маңғыстау облысы бойынша зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы директорының орынбасары Ғ.Қаратаев, Маңғыстау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары А.Мұзбаев, облыстық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Қ.Нұрмамедова және бірқатар мекеме қызметкерлері мен ауыл ардагерлері қатысты. Аудан халқын ақпарат тандыру мақсатында ұйымдастырылған жиынды Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Е.Көпжасарұлы жүргізіп отырды. Жиын барысында Ж.Маршақұлы 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістерге байланысты мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібімен ақпаратты түсіндіру бағыты және зейнетақы жүйесінде қолайлы жағдайлар жасалып отырғандығы жөнінде сөз етті. Маңғыстау облысы бойынша зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы директорының орынбасары Ғ.Қаратаев:
«Әрбір Қазақстан азаматы қартайғанда көбірек зейнетақы алу үшін еңбек өтілі де ұзағырақ болуы тиіс. Неғұрлым еңбек өтілі ұзақ мерзімді құраса, соғұрлым көбірек зейнетақы алуына мүмкіндік туады. Яғни бір адамның еңбек өтілі 10 жылдан төмен болған жағдайда оның зейнетақысы автоматты түрде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Сондай-ақ 10 жылдан артық жұмыс жасаса, әр жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға артады. Ал еңбек өтілі 20 жылды құраса, базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 94 пайызын құрайды. Ал одан да көп 3035 жыл болса, ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 100 пайызын құрайды», - деп зейнетақы жүйесінің жаңғыруы себептері мен оның мақсаттарын, әйелдердің зейнетке шығу жасының өзгеруі, базалық зейнетақының есептеу тәртібінің өзгеруі туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
«2018 жылдың 1 шілде айынан бастап кәмелетке толған, бала кезінен 1 топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Яғни бұл кісілер 29 мың теңге көлемінде мемлекеттен жәрдемақы алатын болады. Біз айтып отырған жәрдемақы мүгедек бала 18 жасқа толғанша төленеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес 1 топтағы мүгедек, жүріп-тұруына мүмкіндігі жоқ және ата-анасының қамқорлығында болса, сол балалар 18 жастан асса да атааналарына берілетін жәрдемақы жалғаса береді. Яғни өмір бойы төленеді. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған үлкен қолдау», - деп атап өтті, Қ.Нұрмамедова.
Сонымен қатар арнайы келген мамандар Қарақия ауданында пайдаланбайтын қызмет түрі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке көмекші тағайындауды, яғни үйден тыс жерде ілесіп жүру үшін берілетін жеке қызмет түрлерінің орындалуын да атап өтті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақпараттық жүйе жетілдірілудеМаңғыстау облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары А. Мұзбаев:
«Бүгінде EGOV мобильді қосымшасы арқылы 80-нен астам мемлекеттік қызметті тегін алуға болады. Электронды үкімет порталында 700-ден астам қызмет көрсетіледі. Денсаулық сақтау, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару және білім беру тәрізді Елбасы Жолдауында көрсетілген барлық басымдықтар цифрландырумен тығыз байланысты. Цифрландыру, электронды қызмет түрлері, ең алдымен жемқорлыққа жол бермеуге мүмкіндік. Сонымен қатар электронды үкімет порталында жеке және заңды тұлғалар кез келген азаматтың тұрғылықты мекен-жайы мен жылжымайтын мүлкіне қатысты электронды анықтамаларды ала алады. Қолданушы аталған анықтамаларға тапсырыс бергенде азаматтардың ұялы телефонына хабарлама келіп, үшінші тұлғаға анықтама беруге рұқсат сұрайды», - деп алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету сапасының арта беретіндігіне сенім білдірді. Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістерге сай жиынға жиналғандар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Жиын соңында Е.Көпжасарұлы жиналғандарды зейнетақы жүйесімен қамсыздандыруды жетілдіру туралы енгізілген өзгерістерге түсіністікпен қарап, қызмет көрсетуде бір жүйені ескеруге шақырып, ақпараттық насихаттау тобына алғыс білдірді.
Ф.РОЗАНҚЫЗЫ