«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» және «Тағзым» жобалары аясында Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Алтынқұрық» ЖШС қаржы директоры Қ.Әбдірахман 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады.
Депутат алдымен Ұлы Отан соғысы ардагері Алуадин Орақұлының шаңырағына барғанды. Бірақ мейрам қарсаңында мерекелік шақыртулармен әр сағаты санаулы ақсақалмен кездесудің сәті түспеді. Алайда ұл-қыздарына құттықтау аманатын қалдырып, соғыс жылдарындағы өлшеусіз еңбегі мен ерлігіне тағзым, құрметін білдіру мақсатында 30 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етті.
Алуадин Орақұлы 1925 жылы туған, әскер қатарына 1943 жылы шақырылып, алты ай дайындықтан кейін 272-атқыштар полкі құрамында Белгород, Курск шайқастарына қатысқан. Курскідегі шайқаста ауыр жарақаттанған. «І дәрежелі Отан соғысы» және «ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен», «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Бұдан кейін Қ.Әбдірахман ҰОС ардагері Утаев Абдулланы құттықтады. Ол 1923 жылы туған. Бүгінде өнегелі әңгімесіне қанық қарияның әулеті 95 жас мерейлі мерекесін дүркірете атап өтіп жатыр екен. Думанды кештің үстіне түскен Қуанышбек Спанұлы Абдулла қария мен оның ұрпақтарына құттықтау лебізін білдіріп, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі мен ерлігі үшін алғыс айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнайлыда жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасын ұстанған негізде қазыналы қарттың иығына шапан жауып, мерекелік сыйлық ретінде 150 000 теңге табыс етті. Қария батасын беріп, мереке қарсаңында құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар тыл ардагері Аяпов Серікбай қарияға барып, хал-жағдайын сұрап, мерекемен құттықтады.
«Нұр Отан» партиясы МОФ депутаттық фракциясының мүшесі Қ.Әбдірахман Серікбай қарияның денсаулығының едәуір нашарлауы, өз еркімен жүріп-тұра алмауы себепті оның өтініші негізінде мүгедек арбасын сыйға тарту етті.
Шынар КЕНДІН