Бұл оқиғаның болғанына биыл 40 жыл толып тұр. Кезінде дүниені дүр сілкіндіріп, елді елең еткізген оқиға жайлы жергілікті басылымдардан асып, Кеңес одағында әлем халқының 20 тілінде шығатын «Советский Союз» және «Советская милиция» журналдары да жарыса жазып, төрткүл дүниеге таратқан еді. Осы оқиғаның куәгерлері қазір де ортамызда жүр. Оқиғаны еске түсіру үшін шофер Исатай Абдуллаевпен сұхбаттасып, әңгімелесудің жақында бір сәті түскен болатын. Сол әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмын.
Сұхбаттасым бұл күнде 80 жастың сеңгіріне шыққан ардагер-қарт. Жасы ұлғайған соң құлағы да ауырлау екен, дегенмен түсінісіп отырып, әңгімелестік.
Күмістей аппақ сақалы омырауына төгіліп тұрған, алпамсадай палуан денелі Исекеңді мынау «Исатай батыр» деп мақтанып айтуға тұратын тұлға. Батыр десе дегендей кісі. Жасы келсе де әлі тұлғасын жоғалтып, можымаған, өзі жүріп, тұрады екен.
- Исеке, өзіңіз куә болып, табиғаттың тосын мінезімен бетпе-бет келген, 9 тәулік бойы арпалыспен өткен оқиғаға биыл 40 жыл болды емес пе?! Арадан көп жыл өтті ғой. Кезінде бұл - замандастарың ғана естіп, білген оқиға. Ал қазіргі жастардың одан хабары жоқ. Сондықтан әңгімені өз аузыңыздан естиін деген ниетпен келіп отырмын. Оқиғаны басынан бастап айтсаңыз, қалай болар екен деп сұрадым.
- Қазір менің жасым 80-де. Ол осыдан 40 жыл бұрын болған оқиға. Жас келген соң көп жерін ұмыта бастаппын. Есіме түскенін айтып берейін, - деп әңгімені бастап кетті.
- Мен ол кезде қылшылдаған 40 жастамын. Қақыратып, қамал бұзар шағымыз емес пе?!. Бір нәрседен қорқу дегенді білген жоқпыз. Қайда жұмсаса да «нар тәуекел» деп жүріп кететін едік.
Мен ұмытпасам, 1976 жылдан бастап Бейнеуде аудандық орталық аурухананың «жедел жәрдем» машинасын айдап жүрдім. Машинамыз жол таңдамайтын Газ-66 маркалы арнайы «жедел жәрдем» көлігі. Күнделікті жұмысым дәрігерлерді шақырған ауруларға апарып, жедел жәрдемге көмектесіп жүремін. Осындай жұмыс бағытында 1978 жылдың 20 қаңтары күні «Тұрыштың арғы жағындағы Матайқұм қыстағында айы-күні жетіп, толғатып отырған әйелді ауруханаға әкелу керек» деген хабар келісімен дәрігер Райса Забирова екеуіміз жолға шықтық. Қаңтар айы ғой. Жерде осыдан бір-екі күн бұрын жауған қалың қар бар. Жер жағдайының жақсы емес, ауыр екенін көріп тұрсақ та «нар тәуекел» деп, тапсырма болған соң жолға шыққанбыз. Тұрышқа дейін бағытымыздан адаспай бардық. Тұрыштан бізге учаскелік дәрігер Алдияр Алдашов қосылды. Содан кейін Матайды бетке алып әрі қарай жүріп кеттік. Әрі-бері жүрген соң ауа райы бұзылып, қар жауып, борасын күшейе түсті. Бара-бара алдымызды байқап, көру қиындай берді. Төңірек аппақ әлем. Ештеңені ажыратып болмайды. Ақ түтек боран ерсілі-қарсылы толассыз соғып тұрды. Ілгері жүрген сайын машинаның терезесін қар тұмшалап, алдымызды көрсетпей, бағытымызды байқау қиындай берді, қиындай берді. Сөйтіп жүріп келе жатқанымызда машина бір жерге келгенде ыңыранып барып, сылық етіп тұрып қалды. Ілгері-кейін қозғап көріп едім, орнынан қозғала қоймады. Жерге түсіп батқан жерімізді байқап көріп едім, сорға түсіп кеткен екенбіз. Машина қалың қарға батып кеткен екен. Сырттан күш-көмек болмаса, өз күшімен шықпайтынын білдім. Мен де машинаның ішіне кіріп, үшеуіміз алдағы күндерімізге ой жүгіртіп, кеңесіп отырдық. Қар борап тұрды. Аракідік ашылып кеткенде төңіректі көріп қаламыз. Сонадайдан бір төбенің басында қарауытып тұрған сексеуіл бұтақтарын көзім шалып қалды. Күн суыта бастады. Денеміз тоңазыды. Әлгінде көрген төбе басындағы сексеуіл бұтақтарын әкелуге сыртқа шықтық. Қасымдағы екеуін алдыма салып жүрдім. Қар әлі борап тұрған еді. Қарды омбылап сексеуілге де жетіп, асығыс- үсігіс қолымызға ілінгенді алып машинаға әрең дегенде келдік. Машинадан шелек алып, жан-жағын тестім. Ондағы ойым «шелектің ішіне ауа кіріп, сексеуіл жақсы жансын» дегенім еді. Ойлағанымыздай, шелекке жаққан от жақсы жанып, шайымызды қайнатып, жылынып отырып іштік. Бізде қара шайдан басқа тіске басар ештеңе болған жоқ. Ол да біреудің «Матайдағы әке-шешеме апарып бер» деген аманаты еді.
О баста «кешке дейін барып қайтамыз» деген ойда болып, азық-түлік алмай шыққанбыз ғой.
Осылайша, тіршілік жасап, бір күнді өткіздік. Ешкім соңымыздан іздеп келмеді. Алғашқы бір-екі күн өткен соң қасымдағы екеуі «жолға шығайық, жақын маңда шопанның үйіне кезігерміз, кетейік» деген. Бірақ мен «қалың қардан жүре алмай, адасып, далада қалармыз» деп келісім берген жоқпын.
Біздің «ізімізден іздеуші келер» деген үмітіміз үзілмеді. Содан үшінші күн дегенде үстімізден АН-2 ұшағы ұшып өтті. Үстімізден бірде АН-2 ұшағы, бірде тікұшақ өтеді. Гүрілдеп дауысы естіліп, қарасы көрінгеннен мен машинаның төбесіне шығып, белгі беріп тұрамын. Бірақ ешқайсысы да бізді көрмей өте шығады. Көрген болса бір белгі берер еді ғой. Ондай белгі болған жоқ. «Қап, әттең, бізді көрмей қалды-ау» деп санымызды бір соғып қаламыз. Осылай үстімізден күнде түске жақын самолеттер ұшып өте береді... Белгі бермейді. Біздің қуанышымыз су сепкендей басылып, мойынымыз салбырап қала береміз. Осылай күндер өте берді.
Алты күн, жеті күн, сегізінші күн өтті. Біз өлместің күнін кешіп, «ас жоқ, су жоқ» дегендей жата бердік. Бір жағынан суық қысса, екінші жағынан аштық қысып барады. Төңірекке телміріп қарап отырғаннан басқа қолдан келер ештеңе жоқ. Күнде әйтеуір бір хабар жетер деп, үмітімізді үзбейміз. Қасымдағы екеуі – Райса мен Алдияр әлсірей бастады. Олардың да, өзімнің де күннен-күнге әлімнің құрып бара жатқанын сездім. Бірақ қолдан келер амал жоқ.
Дегенмен мен бар күшімді жинап, күндегі әдетіммен сексеуіл әкеліп, от жағып, жылынып отырдық. Күнде нәр қылып, жүрек жалғап жүрген қара шай да таусылған еді. Күніміз тек қана қара суға қарап қалды. Соңғы күндері қасымдағы екеуіне суды өзім беретін болдым. Бойдан әл кете бастады. Тоғызыншы күн дегенде көзімнің алды бұлдырап, телміріп, терезеге қарап, төңіректен көз алмай отырғанымда алыстан қарауытып келе жатқан машинаның қарасы көрініп, дауысы естілді. Жақындаған сайын анық көре бастадық. Біреу, екеу, үшеу... алдында Краз, соңында Зил, кіл жол таңдамайтын машиналар.
Бізді олар да анық көрген болуы керек, зулап келе жатыр екен. Қуанғаннан жүрегіміз жарылып кетердей болды. Сол кездегі көңіл-күйді қазір сөзбен айтып жеткізу қиын. Келген іздеушілер бізге су мен тамақты аз-аздан беріп, жүрегімізді жалғадық. Өмірлік тәжірибеде аш болып, шөлдеген адамға суды да, тамақты да аздан беріп, әлдендіреді екен. Әйтпесе, аш адам бірден тамақты қомағайланып тойып ішсе, буынына түсіп, әлсіреп қалатын көрінеді.
Ауылға келген соң бізді «сендер жұмыс бабында іссапарға шығып, табиғаттың тосын жағдайына тап болып, қиындыққа кезіктіңдер, обал болды-ау» деп, елеп-ескерген ешкім болмады. Өзімізге аман қалғанымыз олжа болды. Осылай өлімнен аман қалып, елге келіп, балашағамызға қауышқан едік, - деп әңгімесін аяқтады Исатай аға.
Біздің әңгімемізге арқау болған Исатай Абдуллаев 1938 жылы Түркіменстанда дүниеге келген. Ер жеткен соң Көнеүргеніш қаласына келіп, автопаркте алғашқы жылдары автослесарь, кейін шоферлық курста оқып, жүргізуші мамандығын алған. 1967 жылы атамекенге аңсары ауып, отбасымен Бейнеуге қоныс аударады. Осында көшіп келген соң жұмыстың ретіне қарай «Мақат-Маңғышлақ» темір жолында өмірлік жолдасы Бөлекемен екеуі теміржолшы болып жұмыс істейді. Кейін Бейнеу АТП-сында шофер болып жүріп, аудандық орталық аурухананың «жедел жәрдем» машинасына жүргізуші болып орналасады. Содан 1982 жылға дейін жедел жәрдем көлігін жүргізеді. Одан соң басқа мекемелер де шофер болып жүріп, 1998 жылы зейнетке шыққан ардагер.
Өмірде марқұм Бөлеке әже екеуі 2 ұл мен 5 қызды тәрбиелеп, өсірген ата-ана. Ұлағатты ұл-қыздарының бәрі де бұл күнде бір-бір шаңырақтың ұйытқысы, иесі. Исекең бұл күнде өзінен өрбіген ұрпақтарының қызығын көріп, бай-қуатты өмір сүріп жатқан жайы бар.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Атқыштар бригадасының командирі болған БалапановИә, шынын айтқанда оқиғаға қатысты бұл кісілер табиғатың тосын мінезіне тап болып, 9 тәулік бойы сабырлылық пен төзімділік танытып, жан дүниесінің ішкі сезімдерімен алысқан еді. Олар 9 тәулік бойы сыртқы әлеммен байланыссыз өмір кешті... 9 тәулік бойы қар құрсауында қалып, аштыққа шыдай білді. 9 тәулік бойы тұла бойларын аяз қысып, қорқыныш пен үрей билегенде көкіректеріндегі үміт сәулесін сөндірмей, ақырында үшеуі де құтқарушылардың көмегімен аман-есен елге жетті. Былай ойлағанда, ерлікке пара-пар іс деуге тұрады.
Біз бұл жерде құтқарушылардың еңбегін жоққа шығарайын деп отырған жоқпыз. Ондай ойдан аулақпыз. Құтқарушылар іздеді, тапты, ажалдан құтқарды. Біздің бұл жердегі айтайын дегеніміз – жедел жәрдем бригадасы мүшелерінің жұмыс бабында ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан жолға шығып, қиын-қыстау кезде, яғни төтенше жағдайларға тап болғанда адамдардың сабырлылық сақтап, төзімділік танытып, бір-біріне қамқор бола білгенін жұршылыққа жария етіп, бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі – өнеге етіп көрсету еді.
Осындай оқиғалар кезінде жан сақтап, аман қалудың амалын жасаған аға буын өкілдері мен ардагерлерді ардақтап, насихаттау артық болмайды деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз да осы.
Кәрісбай ӘДІЛ