Апат айтып келмейді. Өрт тілсіз жау. Міне, сондықтан өмірде кездейсоқ болатын оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайларға сақадай сай болып, апатты жағдайлардың алдын алу - күн тәртібіндегі мәселе.
Жақында осыған орай іргелес Маңғыстау мен Атырау облыстары бойынша төтенше жағдайлар департаменттерінің Боранқұл ауылында өртке қарсы бірлескен жоспарлы оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.
Облысаралық шекаралас аудандарда «Дала өрттерін жою жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, төтенше жағдайларды жою кезіндегі лауазымды тұлғалардың әрекеттері» тақырыбында өткен оқу-жаттығуға аталған екі облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшылары, шекаралас аудан мен ауыл әкімдері, азаматтық қызметтер, төтенше жағдайлар бөлімі мен өртке қарсы қызметтің жеке құрамдары, еріктілер тобы, ішкі істер қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы, орман шаруашылығының ұжымдары, электр энергиясы және байланыс, жанар-жағар май, азық-түлікпен қамту орындары, БАҚ өкілдері қатысты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Алыста қалған ағалар жаңғырығыЖоспарлы бұл оқу - жаттығуға басшылық жасайтын штаб құрылды. Оқу-жаттығу барысында жоспарға сәйкес «Дала өрті» болып, оны сөндіруге өртке қарсы қызметтің жеке құрамдары мен еріктілер тобы ат салысып, арнаулы техникалар жұмылдырылып, тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды.
Оқу - жаттығуға Бейнеу ауданынан төтенше жағдайлар орын алған кезде қызмет көрсететін жеке құрам мен азаматтық қызметтен басқа ауылдардан 48 адам мен 24 техника қатыстырылып, олардың дайындығы мен іс-тәжірибелері пысықталып, іс-қимылдарына мамандар өз бағасын берді.
Бірлескен шара аяқталған соң сөз сөйлеген Бейнеу ауданының әкімі Б.Әбілов пен Маңғыстау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Қ.Базарбаев төтенше жағдайлардың алдын алу мен өртке қарсы күрес баршаға ортақ маңызды міндет екендігін айта келіп, шекаралас екі облыстың бірлескен іс-шарасының ойдағыдай өтуіне атсалысқан азаматтарға ризашылықпен алғыс айтып, апатты жағдайлардан аман болайық деген тілектерін жеткізді.
К.ШЕРУБАЙҰЛЫ