Осы мақаламды қазақтың біртуар перзенті
Саламат Мұқашевқа арнаймын.
Есентемір Бөкен би қартайған шағында өгіз мініп жүреді екен. «Жай қалтып жорға, жүйіткітіп жүйрік мінбейсің бе?» деген рулас ағайыны Баспай батырға: «Басқа қонған бақтың бір қап желі болады. Жүйрікке мінгеннің өзі жайында пікірі бес елі болады. Көңіл құрғыр көк дөнен емес пе? Желіккен көңілді өгіздің аяң жүрісі басады. Нәпсі көңіл, қанағаттың көпіріне кеп тірелгенде қайда қашарын білмей сасады. Байлық деген сағым емес пе? Қуған сайын қашады. Әділдік деген таразы, тең тартқан сайын, саған деген халықтың көңілі тебіренген теңіздей ернеуінен асады. Маған дейінгі жақсылар қарапайымдылығымен мың жасады. Тәрбие деген – аманат. Осының барлығын жүрегімен ұғынса, жақсы ұрпақ келіп біздің ізімізді басады» дейді екен жарықтық. Дуалы ауыз қарияның: «Жақсы ұрпақ келіп ізімізді басады» деген сөзі ақиқатқа айналды. Баспай батырдың баласы – Аманқұл болыс. Болыс Аманқұлдың баласы – Мұқаш, Мұқаштың баласы – Көңілқош, Көңілқоштың баласы Саламат азамат болғанда атқа мініп ел тізгінін ұстады. «Адам болатын бала жас болмайды» демекші, Саламат ағамыз бала күнінен кітапқа құмар болды. Тамақ ішіп отырса да, қос тізесіне екі кітапты қойып қатар оқып отыратын. Кітапқа деген құмарлық зерек баланың өмірге деген құштарлығын күн сайын ұштап отырды. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын немересінің осы қасиетін атасы Мұқаш та жақсы көретін. Ағамыздың балалық шағы халқымыздың тар жол, тайғақ кешкен нәубет жылдарымен қатар келді. Балапан басында, тұрымтай тұсында болған сол заманда жан бағу үшін нар мая түйенің сүтін бір қора жанның өзегіне талғажау етіп Орынбор, Башқұртстанға дейін бас сауғалап көшуге тура келді. Қиынқыстау жылдар бала Саламатты ерте есейтті.
Азамат болар жігіттің ат төбеліндей белгісі болады. Үш қасиетті бесікте тербелген жігіттің басына бақыттың құсы келіп өзі қонады дейді екен көпті көрген ақсақалдар. Саламат ағамыздың жер бесігі – қасиетті Атыраудың даласы еді. Оның жан бесігі Қаратоқай Беріштің текті әулетінен шыққан Кәкіш деген анасы еді. Оның тал бесігін тербеткен қазақ деген киелі халықтың жыр дастандары мен елдің қуанышы мен ішіндегі наласы еді. Осы үш қасиетті бесікте тер белген азамат ағамыздың Саламат болмауға хақысы жоқ еді. Ағамызға өмірінде екі рет отбасын құру тағдырына жазылыпты. Алты баланың әкесі, бала дегенде ішкен асын жерге қоятын. Сонау Харковте оқып жүріп, Мақатқа елге келгенде өзімен бірге ауылдың балалары ойнасын деп бір түйір аяқ доп сатып алады. Түйенің шудасын доп қылып ойнап жүрген ауыл балалары үшін бұл – күтпеген сыйлық еді. Допқа деген құрмет сондай, әрқайсысы кезегі келгенде допты үйлеріне алып кетеді екен. Содан бүкіл ауылдағы балалар, ағамызды Саламат ағай атап кетіпті. Міне, бүгінде сол балалардың алды сексен бестен асқан қария болса да ағаның аты аталса болды Саламат ағай деп көздеріне жас алады.
Ағамыздың өмірге, өнерге, тарихқа деген сүйіспеншілігі ерекше болатын. Өнерге деген құштарлығы бала күнінде елге есімі белгілі есентемір Есбай күйшінің күйлерін көп тыңдағанынан да болар. Күйдің құдіреті санасы сергек Саламат ағамыздың жан дүниесін бір сергітіп тастайтын. Өмірін аттың жалында, түйенің қомында өткізген халқының сабыры мен төзімін өзіне өмірлік серік етті. Арғымаққа мінсе де ешқашан артқы топтан адасқан емес. Ауданнан бастап республика деңгейіндегі қызметтерді атқарса да өзінің қарапайымдылығынан танған емес. Жиындарды да өзінің баяғы сабырлы әдетімен, салалы саусақтарының ұшымен иегі мен құлағының ұшын сыйпап қойып бастайтын. Ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын, ешкімнің ар-ожданына жұрттың көзінше тиіспейтін дейді көзін көрген арқалы азаматтар. Ағамыз өткізген жиналыстарда тек қана шыбынның ызыңы ғана естілетін. Айқайлауды әлсіздікке балайтын, жекіруді жиіркенішті санайтын. Жұрттың көзінше ешкімнің абыройын төкпейтін. Біреуді төмендетіп, өзің биіктей алмайсың дейтін қағиданы ұстанатын. Бақ біткен сайын жұмсақ бол. Иленген сүтке тері демекші негізі ағамыздың иіні жұмсақ еді. Ешкімге көтере алмайтын жүкті артпайтын. Өзі толық танысып болмай тапсырма бермейтін. Жұмыс болған соң қате, кемшіліктер болады. Қате, кемшіліктер болған жағдайда ауыртпашылықты бірге көтеретін. Бұл кісі адам жанының инженері еді дейді шәкірттері. Кімді қайда жұмсауды жақсы білетін. Әркімнің артықшылығы мен кемшілігін таразыға тең салатын. Әркімнің мүмкіндігін білетін. Жүзге, руға бөлмейтін, талағында биті болса өсіретін. «Азамат сені сақтадым, бір күніме керек» деп Махамбет ақын айтпақшы, ағамыз азамат інілерін өзіме керек деп емес, ертең елге керек теп сақтады, өсірді. Ағамыздың аялы алақанынан өсіп шыққан азаматтар бүгінде жайқалған, елге шуағын шашқан бәйтеректер. Олар: Н.Ә.Марабаев, Н.Ө.Бекбосынов, Т.Айдарханов, Б.Бозжігітов, С.Әбішев, Т.Меңдібаев, С.Е.Қырымқұлов, Х.Ж.Ережепов, Ж.Қоңырбаев, Л.К.Қиынов, З.Ө.Алшынбаев, Е.Күмісқалиев, Ғ.М.Карин, М.Х.Салихов, Қ.Сейілханов, А.Ж.Қартбаев, Қ.Қ.Келжанов, С.Б.Керелбаев ағаларымыз.
Саламат Көңілқошұлының Маңғыстауға деген еңбегі орасан зор еді. Ол кісі Маңғыстауда «мәдени революция» жасады.
Ауыл-аймақтың, аудандардың заман талабына сай мәдени ошақтарының дамуына үлес қосты. Әрбір үйдің жанында тал-теректер отырғызылып, жер үстелде ас ішу дәстүрге айналды. 1929 жылы жасырын қаулымен тоқырап қалған кадр саясатын оң бағытта жүргізіп, жергілікті білікті мамандарды басшы қызметке тартты. Ағамыз аман болса биыл күзде 91 жасқа толар еді. «Жақсының аты өшпейді» демекші, осы мақаланы жазып отырып мен Есен Күмісқали, Ғани Карин, Сақып Керелбаев, Болат Дәулетов ағаларыма шексіз інілік алғыс айтқым келіп отыр. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, Алла тағала сіздерге екі дүниенің абыройын берсін. Көрген жақсылықты айтып жүру де көргенділік. Осы игі шараның басы-қасында жүрген – сіздер. Халқымыз: «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жадынан түңілсін» деп бекер айтпайды. Өз қадірімізді өзіміз білмесек, біздің жоғымызды ешкім түгендемейді. Мұның барлығы – «Рухани жаңғырудың» айналасында болып жатқан шаралар. Ел тізгінін ұстаған Саламат Мұқашев ағамыз жайында мақала жазуды өзіме азаматтық борыш санадым. Қолыма қалам алдырған Саламат ағаға деген елдің ықыласы мен ағамыздың артын да қалдырған қанатты сөздері:
Жаңа келген бастық халықтың жақсы қабылдағанына мақтан басын, кетерде қимастық білдіргеніне мақтансын. Нағыз адам – өзгенің жағдайын ойлаған адам. Өмірдің қым баттылығын өлімге жақындағанда білесің.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Менің биік дәрежем – «Момышұлының келіні» атағы«Сіздің жүрегіңіз неге ауырады?» – деп сұрады. «Жүрекпен ойлағандықтан, жүрек пен сезетіндіктен ауырады?» – деп жауап бердім.
Ұстамдылықпен – ұтасың. Ашу үстінде айқайлағаннан қорықпа, үндемегеннен қорық. Мақтағанға – мақтанба. Бала да дана бола алады. Тау жоқ жерде төбешік те биік көрінеді. Уайымшыл адам күнде уайым табады. Ұлы тұлғамен ұзақ жыл бірге болған адам – біліксіз болмас.
Өткен өмірдің өкінішін есіңе түсіре берсең ғұмырың қысқа болар. Адамды ойландыратын құралдың бірі – басыңа түскен қиыншылық. Әйелдің бауырмалдығы ер кектен артық, себебі ол бауырына басып бойындағы нәрін (сүтін) беріп кісі өсірді.
Кекшіл адамның күні қараң. Өлімнен қорыққан адам дұрыс өмір сүре алмас. Әдіссіз қайрат әлсірер. Ептеймін деп жүріп кешігіп қалма. «Ерлік білекте емес, жүректе». Темірдей төзімділік қажет.
Түсінген адамға осы сөздер қанат бітіреді. Халқымыз «Қазақтың емі сөз, өкпесі бөз» деп бекер айтпаған болар.
Қасиетті Рамазан айында Жаратқан Жаббар иеміз Саламат ағамыздың топырағын торқа, қабірін жарық қылсын. Көре алмай кеткен қызықтарын ұрпағы мен халқына жұғысты қылсын. Адам ұрпағымен мың жасайды. Ұрпағыңызбен, халқыңызбен мың жасаңыз, асыл Аға!
Мақсат СҚАҚОВ, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары