Қараша айында бас біріктірген ауыл жастары 1978 жылы іргесі қаланып, керегесі керілген Бостан ауылына алдағы жылы 40 жыл толатындығын естеріне алды. Патриотизм - кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе?
Ортақ пікір қалыптастырған Арғын Бисенов, Бәйіш Мейіров, Мәмбет Бигелдиев «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ауыл әкімі Шаттық Асановқа келіп, өз ойларымен бөліскен болатын. Жастардың ойын қолдаған ауыл әкімі мен ақсақалдар алқасының төрағасы Алпамыш Жұмалиев ұйымдастыру алқасын құрып, жоспарлы істі бастады. Бірнеше рет бас біріктіріп, негізгі жұмыстардың бас жоспарын жасақтап ойластырған болатын.
Мұнай саласында еңбек етіп жатқан 182 жастың барлығын ескерсе, алынбайтын қамалдың болмайтындығына көңілдері бек сенімді еді. Ауыл мектебінен білім алып, сан салада маман болып қызметте жүрген ауыл жастары ауызбіршілік таныта алды. Әрине туған ауылының гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтардың еңбегін көрсетпеу біз үшін сын болар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», демекші, күрделі жұмысты бастау үшін қашан да қаражаттың керектігі айтпаса да түсінікті. Ауылдан еңбек жолын бастап, дамуына үлес қосқан «Теміртас» ЖШС директоры Досай Таңатаров, мектебіміздің түлегі Бисен Қожақметов, Мереке Рахметов, Муса Нұрмағанбетов қомақты ақшалай көмек қолын созды. Сонымен бірге азаматтық танытқан «ӨМС» мекемесінің атқарушы директоры Бауыржан Мәмбетсапаев ақшалай және заттай, «ӨМГ» АҚ бас директоры орынбасары Мақсат Ибағаров, «ӨМГ» АҚ кәсіподақ ұйымы атынан Ақмұрат Жақсығұлов ауыл жастарына ақшалай көмектерін берді.
«Қазақ туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі» - деп атап көрсеткен Н.Ә.Назарбаев өз бағдарламасында. Ендеше бүгінгі күні ауылдың көркеюіне айырықша іңкәрлікпен өз үлестерін қосқан жастардың сауапты ісі келешек ұрпаққа үлгі болмақ. Ауыл әкімшілігі мен мәдениет үйінің алдынан демалыс орны бой көтеріп, 40 жылдыққа үлкен тарту жасалды. Ауылда киіз үй үлгісімен жасалған үлкен сахна орын алды. Ақсақалдар алқасының төрағасы Алпамыш Жұмалиевтің ұсынысымен ата-баба құрметіне 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысына» аттанған азаматтарға арналған ескерткіш және ауылдың қысқаша тарихынан сыр шерткен тақта орналастырылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жастардың үмітін оятқан — жастар практикасыМектеп бітіргеніне 30 жыл болған түлектер сыныптастар Арғын Бисенов пен Бәйіш Мейіровтің ұсынуымен асық мүсінін тұрғызды. Онда Ақтан Керейұлының: «Адал жүріп, шын сөйле, асығың түсер алшыдан» деген сөзі жазылды. Ұйымдастырушы Бисенбек Мұқановтың ұсынысымен «Ауылым – алтын бесігім» атты естелік тақта да өзіндік ерекшелігімен орын алды. Бостан ауылының 40 жылдық мерей тойын тойлауға қызу кіріскен ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аламан бәйге, тай жарыстары, спорттық шаралар, ауылдың өнерлі жастарының концерттік бағдарламалары мен от шашулары да көпшілік көңілінен шығары анық. 1986 жылғы туылған жастар аламан бәйгенің бірінші жүлдесіне 300 000, 1987 жылы туылған жастар екінші орынға 150 000, 3 орынға 1988 жылы туылған жастар 100 000 теңге көлемінде бәс тігіп көтерді. Ал адай тұқымды тай жарысты Тәкенов Алтынбек бастаған атбегі жігіттер бірігіп, бәйге жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар ұйымдастырды.
А. Байтұрсынов атамыз «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайда?» деген еді бір кездері, бүгінде елім дейтін патриот жастарымыздың туған ауылы үшін тағзым етіп жасаған игі істеріне сүйсіне отырып, «Жарайсың, ауыл жастары, өркендерің өссін!» деп ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, істеріңді елің мақтан етеді, ұрпағың үлгі етеді, - демекпін.
Жәния ӨМІРБАЙҚЫЗЫ Бостан ауылы