Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарды бағалау, әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақтың ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерді бойына жете сіңіруінің маңызын айрықша атап өтеді. Әрбір қазақ баласы осынау алмағайып, күрделі дүниеде қай салада болмасын зор жетістіктерге жетуі, бәсекелестік талаптарына сай болуы үшін өзін-өзі үнемі қамшылап, жетілдіре білуге ұмтылуы, білім-білігін шыңдауы қажеттігін өсиет етеді.
Осындай замана талаптарының орайында менің ойыма өзімнің қандыкөйлек досым болған Сағат Сағиұлының отты бейнесі елестеп отыр. Сағатпен колхоз Шетпе де мектепте бірге оқыған, белгілі азамат Серік Еңсегеновтің жазуынша, алдына айқын мақсат қойған қайсар мінезді досымыз өзін өмірмен күреске ерте бастан дайындапты. Баяғыда бала кезімізде ауылда жүрген қара домалақтардың қай-қайсысынан да «өскенде кім боласың, айналайын?» деп үлкендер сұрағанда, көпшілігі «ұшқыш боламын» деп жауап беруші еді. Өйткені ұшқыш болу, шын мәнінде, қол жетпейтін арман секілді көрінетін. Аузымен айтса да, өсе келе оған кез келген баланың жүрегі дауаламайтын...
Бақсақ, мынау өзіміздің Қаратаудың баурайында өскен қыран жанарлы, ойлы бозбала сол зеңгір көкке жиі-жиі көзін қадап, түз бүркітінің мәрт болмысына жіті үңіледі екен. Таң атар-атпастан ерте тұрып алыс шақырымдарға жүгіреді екен. Жоғарғы сыныптарда әдейі теміржолдың екінші бетіндегі орыс мектебінде оқып тәлім алуы да жайдан-жай емес. Спорт, білімге құлшыныс, ұшқыш болсам деген таудай талап, қайтпас, мұқалмас ерік-жігер оны «тәуекелдің жел қайығына» мінгізіп Рига авиациялық институтына алып келген еді. Балтық жағалауы елінде бес жыл білім нәрімен сусындап, туған жеріне оралған С.Матекеев авиакәсіпорында еңбек жолын бастайды. Үш жылдай маңдай тер төгіп, кәсіби қызметтің қыр-сырына бойлап та қалғанды...
Менің Сағат досыммен алғашқы таныстығым да осы әуежайдан басталғанды. Біздің арман жолымыз ҚазГУ-де басталып, журналистика факультетінде оқып жүрген кезіміз-ді. Қысқы каникулға келіп, кері қайтар билетімізді бірге алған группаласым шетпелік Ләззәт Сүйеуовамен ұшатын күні сол әуежайда кездескенбіз. Шамасы, 3-курста оқып жүрміз ғой деймін. Өкінішке қарай, біз келгенде қардың қалыңдығы, күннің борандығы, т.б. себептерге байланысты екі күннен бері Алматыға самолет ұшпай, адамдардың әбден мазасы кетіп жатқан кезі екен. Сабақтан кешігетінімізді ойлап, не істерімізді білмей дағдардық. Бір кезде қасымда отырған Ләззәттің:
– Сағат, Сағат! – деген дауысы қаттырақ естілді де, ол ілгері қарай аяңдай жөнелді. Сөйткенше, әуежай формасымен киінген келісті, сөйлеп тұрған, қап-қара отты көздері ұшқын шашқан бір жігіт келіп менімен амандасты. Сол мезет алдыңғы күнгі ұшпай қалған адамдарды тіркеу басталып кетті де, Сағат бізді әп-сәтте солардың легімен кезексіз өткізіп жіберді. Сөйтсем, Сағат пен Ләззәт тек жерлес қана емес, Маңғыстау ауданының білім беру саласы бойынша көзге түсіп жүрген алғыр оқушылар, әрі аға-қарындас, сыйлас дос болып шықты.
Бір күні Ләззәт мені бөлмесіне шақырды. Келіп кірсем, үстеріне көк костюм киген екі жігіт отыр. Біреуі өткенде бізге қол ұшын берген Сағатты бірден тани кеттім. Сағатпен де, қасындағы бірге оқитын досы Сағитпен де құшақтасып жатырмыз. Ары қарай студенттік шақтың қызықты күндері, сауық-сайраны өз ағысымен заулай берді...
Алматыда екі-үш жыл қызмет жасап, Бибігүл екеуміз Рауан атты ұлымыз бар, елге оралғанбыз. Сағатпен Ақтауда қайта табыстық. Кілең жан-жақтан жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке, өмірге араласып жатқан белсенді, өзімізше озық ойлы жастармыз ғой. Туған күн, тағы басқа да бас қосуларымызда әңгімеміз қоғамдық-саяси тақырыптармен қатар көбіне көп осы ана тілі мен ата дәстүр, елдік қасиеттер төңірегінде өрбитін. Біздер қанша дегенмен бұрынғы алтын көмбе – қазыналы қарттарымыздың көзін көрген буынның өкілі емеспіз бе? Оның үстіне ауылдан ұлттық нәрмен қайнап шықтық, бойда қызу қан, ар-намыс баршылық деген сияқты, сол кезде қоғамда ашық талқылана бастаған ұлттық құндылықтар тақырыбына жиі ойысамыз. Сонау Балтық жағалауы елінде олардың ұлттық мәселелерге өте қатты ден қойып қарайтынын көріп, әбден қайралып келген, өзі ұлтжанды әрі шешен Сағат екеуміздің кей достарымызбен өзекті мәселелер төңірегінде дүркін-дүркін айтысып тартысымыз қалатын сәттеріміз аз болған жоқ. Осы кездегі ұлттық интеллигенцияның алға қойған басты мақсаты – Ақтауда қазақ балабақшалары мен мектептерін ашқызу, дүниеге келген сәбилерімізді ұлттық қайнарлардан сусындату, сонымен қатар өзіміз әбден қиналған орыс тілін де жете меңгерту болды. Біз осы «мылтықсыз майданның» алдыңғы шебінде жүрдік.
Бұл кезде әбден іріктеу, сұрыптаудан, талқы-таразыдан өткен Сағат «үш әріпте» (КГБ,КНБ) қызмет жасап жүрген-ді. Табиғатында адамдармен сөйлесуге, пікірлесуге, суыртпақтап сыр тартуға шебер, ақжарқын, жан-жақты білімді, халқының қалтқысыз патриоты, техникалық та, рухани да білігі жоғары, екі тілде көсіле сөйлейтін, әділдік пен адалдықты ту еткен, жағымпаздыққа жаны қас Сағат Матекеев қауіпсіздік органына ауадай қажетті маман екендігіне еш күмән жоқ еді. Біраз жылдар осында абыройлы қызмет жасап, одан кейін осы жүйеде тоғыз айдай Алматыда оқып келген оны Ақтөбеге жіберді. Сырымыз да, жырымыз да бір болған Сағат пен оның асыл жары Анарды, балаларымызмен бірге бауыр болып өскен олардың ұл-қыздары Елдос, Замира мен Жазираны қимай шығарып салғанбыз сонда. Ол кезде ұялы телефон болмаса да, екеуміздің бірбірімізге жазған хаттарымыз апта сайын ізін суытпай келіп тұратын. Ол менің поэзиямды жалпақ жұртқа жария етіп, танбай насихаттап, өлеңдерімді жатқа оқитын жаны жұқа, жүрегі нәзік, аса бауырмал, адамгершілігі мол арда азамат еді. Қай жердегі отырыстарда болмасын менің кітабымды тапқызып, ал өз үйінде болғанда дереу менің алғашқы кітаптарымдағы лирикалық жолдарды тебірене оқи бастайтын. Оның Ақтөбеге кетуі шынында көңілімізге мұң ұялатты. Ол мұңды әлгіндей толассыз сыршыл хаттар арқылы жеңіп, бір-бірімізді сағына іздеумен, қайраумен болдық. Сол кездегі менің Ақтөбеге жолдаған хаттарымның ішіндегі бірер өлең былайша өрнектелетін:
***
Күте-күте таусылды ғой тағатым, Келсең етті елге тездеп, Сағатым. Туған жерге тартып кетсең нетеді, Бар емес пе құс секілді қанатың. Зымыраған заманаға ілесіп, Маңғыстауда сазды желдей жүр есіп. Тірі пенде тартпай қоймас қанына, Дандайсыған даңғойлармен күресіп. Сен кеткелі біздің жақ та гүрлеп тұр, Тамырында бүлкілі ерек жүрдек бір. Ыю-қию, айхай-сүрен дүние, Есті азамат, ел-жұртыңа бүйрек бұр. Онсыз ғұмыр өтер-кетер бекерге, Сен мен үшін жүргендейсің шет елде. Қаның тамған топырағың – анаңдай, Ал ол үшін бас тігерміз қатерге! Күтекүте таусылды ғой тағатым, Жет еліңе жез қанатпен, Сағатым. Бұл өмірде жандай сырлас дос қымбат, Жүрегіңе сөнбес алау жағатын.***
Келгеніңді көрдім де мен көншідім, Май тамызған өрт секілді өршідім. Жалынымды осылайша үрлей бер, Сен өзің де долы желдей гулей гөр. Азынаған ұлымыз ғой Даланың, Өмір мынау ашып тұрған аранын. Біз де дүлей дауыл болып үдейік, Бұл ғұмырды думандатып сүрейік. Мойынсұнбай наласына тірліктің, Бұлтын түріп тұмантүннің түндіктің. Құладүздің қыранындай мәрт мінез, Танытатын туды мезгіл, отты кез. Мейлі, бізді тағдыр қанша сілкісін, Табанымыз тайқымасын, жыл құсым! 24.01.91Бірер жылдан кейін елге оралып күнде мәре-сәре болған, кешкілік міндетті түрде бір хабарласып тұратын тамаша күндеріміз өтіп жатты. Осы бір өтпелі кезеңдерде Сағат Сағиұлының алдынан өмірдің жаңа бір белесі ашылғандай. Біраз жылдар тер төккен органнан жаңадан ашылып жатқан «Нефтебанкке» қауіпсіздік басқармасына басшылыққа шақырылды. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел басындағы қиын жылдар еді ғой. Біраз ойланып барып, Сағат осы банктің басшысы, ел азаматы Жаңабай Сүйіндіковтің сөзін жерге тастай алмай, қызметке кіргенді, әлгі аталған басқарманы Мәскеуге ат сабылтып жүріп, әбден зерттеп, жан-жақты «қаруландырып» өзі құрды.
Араға біраз жылдар салып барып ҰҚК-нің жедел қызметіне қайтып оралған С.Матекеев біртіндеп Астанаға жауапты жұмысқа ауысты. Тұңғышы Елдосы Ресейден КГБ оқуын түгесіп, ел астанасында қауіпсіздік органында еңбек жолын бастағанында, Сағат досымыз іргелі облыс Қостанайда құпия қызмет басшылығына тағайындалған еді.
Сол Қостанайдан жиі телефон шалып тұратын. Елдің, достардың, балалардың бірде-бірін қалдырмай бәрінің жағдайын, амандық-саулығын сұрайтын.
- Жұрт солтүстікті салқын дейді, олай емес. Бұл да қазекемнің, ата-бабалардың қасиетті жері ғой. Адам қорқатындай ештеңе жоқ, бәрі де өзіңе байланысты. Тек киелі Маңғыстауымды, сендерді қатты сағынамын, қапысыз сырласатын күндерді аңсаймын, – деді бірде.
Елу жасқа толарында арнайы шақырды. Туған күні мамырдың 20-ы болатын, тойын 23-іне жасады. Кіші қызымның әлі сабағы біте қоймаған.
- Қалайда барамыз, – дедім жұбайыма. – Сағат бауырым шалғайда, қанша дегенмен жалғыз сырап жүр ғой...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау театрына 15 жыл (ФОТО, ВИДЕО)Бардық, сөйледік, құттықтадық, бірінші күні мейрамханада, келесі күні «Сосновый бор» демалыс аймағында, көл жағасында тамаша көңілді отырыстар болды.
Маңғыстаудан Сағаттың анасы – Ілгек апа, тумаластары, Астанадан рулас аға-жеңгесі Игілік пен Венера келді. Көңілдің, пейілдің әбден шарықтаған, қиялдың қалықтаған тұстары болды. Ең бастысы, Сағат Сағиұлы өзі басқаратын, 50 шақты адамнан тұратын ұжымда өте беделді, сыйлы екендігіне көзіміз жетті. Жасыратын несі бар, біраз орыстанып кеткен солтүстік өңірдің қазақтары едәуір «тіл сындырыпты». Тек олардың ғана намысын қайрап емес, іс жүзінде өзге ұлт өкілдері үшін де қазақ тілі курстарын ұйымдастырған – Сағаттың өзі.
ҰҚК полковнигі С.Матекеевтің ел тәуелсіздігімен қауіпсіздігі, ішкі-сыртқы саясаты, елдік асқақ айбынының, еңсесінің көтерілуі жолында және қоғамда жасаған еңбегі атап айтарлықтай. Ұлы Отанына жанқиярлықпен адал қызмет еткен ол үлкен қызмет, жауапты істердің басы-қасында жүрсе де, ағайын-тума, дос-жаранмен байланысын үзбеді. Халқымен бірге болды. Жаны сыршыл еді. Ең соңғы болған кездесулеріміздің бірінде маған: «Лирикаң қалай, Ғалым? Лирикаң өшсе, сен де өшесің, өшкен, таусылған ақын боласың...» деген еді.
Кейін оның қатты науқастанып қалған хабары жетті. Әйткенмен, мұндай шын асылдың дүниеден кенеттен аттанып кетеріне ешкім сенбеп еді... Оның мүрдесін туған топырағына әріптесі Жұмақожа Қартбаев досымыз Қостанайдан жеткізгелі де жеті жыл өтіпті-ау...
Қаралы митингіні жүргізіп тұрып көз жасыма ерік беріп едім. Ол арада көңілі босамаған адам болмаған еді...
Әттең, ол тірі болғанда асқаралы алпыс жасын шалқыта өткізер едік бүгінде. Амал нешік, жазмышқа не шара? Жақсы жайсаңымызды ерте жоғалттық, қайғырдық, қапаландық. Әйтеуір, шүкір, зайыбы Анар бас болып үш баласынан немерелері жапырақ жайып, қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде Президент күзетінде қызмет жасайтын ұлы Елдос Матекеев әке жолын қуып, ел қауіпсіздігіне қорған болу да. Ал Сағат Матекеев сынды ерен тұлғаның ерлік істері мен кісілік қасиеттері, ізгі жанның өршіл рухы мәңгі өшпек емес!
Ғалым ӘРІП