Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ» басқармасының шешімімен қызметкерлермен жасалған еңбек келісімшарты тараптардың келісімі бойынша ақшалай өтемақы төлеу арқылы мерзімінен бұрын тоқтату туралы ереже бекітілді. «5/50» деп аталған бағдарлама мұнай-сервис компаниялары арасында жемісті жүзеге асырылып, көпшілік жұмыскерлер бағдарламаның игілігін көрді.
Cоңғы уақытта әлемдік мұнай бағасының тұрақсыздығы мен экономикалық дағдарыс компания әлеуетіне айтарлықтай ықпал етті. «ҚазМұнайГаз» құрамына кіретін «Oil Construction Company», «Oil Services Company», «Oil Transport Corporation», «Мұнайтелеком», «Маңғыстауэнергомұнай» мұнайсервис компанияларының кіріс көзі төмендеп, шығындар Ұлттық компания тарапынан өтеліп келді. Әлемді дендеген экономикалық дағдарыс пен мұнай бағасының құлдырауына байланысты бұл компанияларға түсетін тапсырыс күрт төмендеді. «Oil Transport Corporation» ЖШС-да осы тығырықтан «5/50» бағдарламасы арқылы жол табудың жоспарын түзіп, өз таңдауларын жасаған жұмыскерлерге жан-жақты көмегін ұсынуда. Атап кетерлігі, бағдарлама тараптардың келісімімен іске асырылады. «Oil Transport Corporation» мекемесінің Адам ресурстарын басқару бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлбану Тойлыбайқызы Сатыбалдиеваның айтуынша, бағдарлама қай тарапқа да тиімді. Ең бастысы жұмыскерді құр алақан қалдырмай, қолына мол қаражат және сәйкесінше аутсорсинг жолымен басқа жұмыс орындарында ауыстыру назарға алынады.
– «550» бағдарламасы біздің мекемеде 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Алғашқы жылы бағдарлама негізінде 584 жұмыскер келісім бойынша жұмыстан босатылды. Сонымен қатар зейнеталды бағдарламасы бойынша 92 қызметкер жұмыстан шықты. Барлығы 676 адам келісім бойынша босатылды. Жыл басынан бүгінге дейін 52 адам «5/50» бағдарламасын, зейнеталды бағдарлама бойынша 5 адам, барлығы 57 адам келісім бойынша кетті, – дейді Гүлбану Тойлыбайқызы. Ол сондай-ақ бағдарлама бойынша жұмыскерлерді өзге мекемелерге ауыстыру жұмыстары да қатар жүргізілетінін жеткізді.
«Өткен жылы 27 адамды Өзенмұнайгаз мекемесіне ауыстырдық. 2018 жылы 4 жұмыскерді ауыстырдық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ «5/50» бағдарламасымен жұмыстан босатылатын адамдарды сенімгерлік мекемеге жұмысқа тұрғызуға әрекет етудеміз», – дейді Гүлбану Сатыбалдиева.
«5/50» бағдарламасын пайдаланған жұмыскерлер қазіргі таңда өз жұмыстарын жолға қойған, бірқатары жеке кәсіп бастаса, енді бірі баспанаға қол жеткізіп, келесі бірі банк алдындағы несие-қарыздарынан құтылған. Сөз кезегін бағдарлама игілігін көрген азаматтардың өзіне берсек.
Дүйсенғали МАҚАНОВ:
«Oil Transport Corporation» мекемесінде 10 жылдай еңбек еттім. Механик, слесарь, диспетчер болып жұмыс істедім. Қаламқас кенорнында 10 жыл жұмыс жасадым, денсаулығым сыр бергесін, бағдарлама мен үшін тиімді болды деп ойлаймын. «5/50» бағдарламасы бойынша өз еркіммен шықтым. Енді әркім өз жағдайына қарайды ғой. Өзім жеке кәсіп бастап, серіктестік құрдым. Кеңсе, үйлерді тазалау қызметін ұсынатын жұмыс көзін аштым. Бұдан бөлек, банкте несием бар еді, оны жаптым. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Үш адамға жұмыс беріп отырмын. Үш балам бар. Алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейтуді жоспарлаймын».
Тілепберді МАЛАЕВ:
«Oil Transport Corporation» ЖШС-да 8 жыл слесарь болып жұмыс жасадым. «5/50» бағдарламасын таңдап, 8,5 млн. теңге алдым. Бүгінде 2 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Банктегі несиелерімнен құтылдым. Қазір жеке ЖШС-да жұмыс істеймін. Үш балам бар. Ешқандай өкінішім жоқ».
Асқар НҰРОВ:
«2009 жылдан бері «Oil Transport Corporation» мекемесінде жұмыс істедім. Автокөлік жөндеушісі, көлік жүргізуші де болдым. «5/50» бағдарламасын таңдадық. 8 млн. теңге қаражат алып, үлкен жер үй салдым. Банктегі несиелерімді жаптым. Өкінішім жоқ. Қазір үй құрылысымен жүрмін. Алдағы уақытта жеке кәсіппен, нақтырақ айтқанда сауда саласына бет бұрсам деймін».
Бейсенғали ӘБІЛСЕЙІТ:
«Oil Transport Corporation» мекемесіне ең алғаш 2000 жылы жұмысқа кірдім. Бастапқыда көлік жүргізуші болдым. Кейіннен бақылаушы механик, бас механик болып, жұмыстың бағытымен алға ілгеріледік. 2017 жылы. Еңбекті қорғау инже нері қызметін атқардым. «5/50» бағдарламасы кешелі-бүгінгі шыққан бағдарлама емес, 2, 3 жылдан бері жүргізіліп келеді. Экономикалық жағынан қарағанда да бағдарламаның тиімді екеніне көз жеткіздім. Бағдарламаны таңдауға сырттан, яки басшылық тарапынан талап немесе қысым болған емес. Өзімнің таңдауым. 2,5 жылдық қаражатты алдық. Одан соң аутсорсинг жолымен бір мекемеге жұмысқа тұрдым. Еңбекті қорғау инженерімін. Әлбетте, бағдарлама игілікке жарап жатыр».
Сәдірбай ТАУБАЕВ:
«Oil Transport Corporation» мекемесінде 1995 жылдан бері машинист-экскаваторшы болып жұмыс істеп келемін. 2017 жылы «5/50» бағдарламасы бойынша жұмыстан кеттік. Қазір кәсіпкерлік бойынша арнайы оқудан өтіп жатырмын, бұйырса мал шаруашылығы қожалығын ашқым келеді. Бағдарлама арқылы 9 млн. теңге қаражатқа қол жеткіздік, банктегі несиемді жаптым. Қазір жер алуға өтініш тастадық. Бұйырса, жеке шаруашылық бастаймын».
Қанат КӨНЕБАЕВ:
«Кенорындарындағы қауіпсіздік қызметінде 6 жылға жуық жұмыс істедім. Өткен жылы желтоқсан айында «Oil Services Company» мекемесінен «5/50» бағдарламасымен кеттім. Бұл бағдарламаның маған бергені көп. Әркім өз жағдайына қарайды ғой. Мәселен, менің жаба алмай жүрген банктегі несиелерім болды. Бағдарлама арқылы берілетін қаражат та қомақты. Ол қаржыға баспаналы болуға немесе өз кәсібіңді бастауға да мүмкіндік бар. Тиесілі қаражатты алып, банк алдындағы үш бірдей несиемді жаптым. Мойнымнан жүк түскендей болды. Қазіргі уақытта қайта жұмысқа да тұрдым. «Oil Services Company» мекемесіне қарасты Шегендеу сервис кадр бөлімінде жұмыс жасаймын. ОСК мекемесінің Қаламқас кенорнында сенімгерлік басқару арқылы техникалық қызметтер көрсетеміз».
Нұрлан ИМАНҒАЗИЕВ:
«OilServicesCompany» мекемесінде техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер болып 6 жылдай жұмыс істедім. «5/50» бағдарламасы жарияланғасын, шарттарымен танысып, отбасымызбен ойлана келе шешім қабылдадық. Берген қаражатын алдық. Өкінішім жоқ. Ақтау қаласынан 1 бөлмелі пәтер алып, жалға беріп қойдық. Шегендеу сервис мекемесінде өз салам бойынша, яғни еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша инженер болып қайта жұмысымды жалғастырып жатырмын. Айлық мәселесінде ұтылдым деп ойламаймын. Біріншіден, қомақты қаражат беріледі, екіншіден, сенімгерлік мекеме арқылы жұмысқа орналасуға болады. Яғни жұмыссыз қалмадым».
Жайық НАҒЫМАШ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН