Тәуелсіздіктің туын тіктегелі президенттік басқару жүйесімен биік белестерді бағындырып, ел іргесін берік ете білдік. Президенттік басқару жүйесі елімізді тура жолдан адастырмады. Елбасымыз 25 жылдың ішінде Қазақстанды бейбіт елге айналып, дүние жүзіне таныта білді. Алайда, санаулы уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесін халық талқылауына ұсынды. Үндеудің арғы жағында бүкіл ұлттың болашағы жатқандықтан халық бейжай қарамай қызу талқылап, сарапшылар да өз пікірлерін білдіруде. Үндеуде Елбасы «Мен тек Президентке ғана тиселі өкілеттіктерді бөлуге саналы түрде барып отырмын. Мұндағы мақсатым тек біреу, ол елді басқарудың әлдеқайда тиімді, тұрақты және заманауи жүйесін құру», - деді. Сондықтан, дамыған Қазақстанның бүгінгі деңгейін сақтап, мемлекеттік басқаруды жаңғырту туралы көтерілген бұл бастама да оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.
ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми «Елбасының өкімімен тиісті жұмыс тобы құрылды. Ол топқа біз алдағы реформа бойынша өз ұсыныстарымызды енгіздік. Бұл, ең алдымен, сот құрылымы мен сот ісін жүргізу бойынша Үкімет, Парламент және басқа құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен от жүйесінің жұмыстарындағы басымдықтарды айқындауға қатысты» – деген болатын. Шын мәнінде Елбасының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында еліміздің құқықтық кеңістігін де үлкен өзгерістер күтіп тұр. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асатындықтан, одан сот жүйесі де шет қалмасы анық.Сондай-ақ, аталған үндеуде қоғамды мазалап жүрген сан сұраққа да жауап берілді. Енді мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, Үкімет пен Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі артпақ.
Бүгінде Конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылау жұмыстары жүргізілу үстінде. 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызға алдағы уақытта енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар мемлекетімізге түзу жол көрсетудің, жөн сілтеудің қайнар бұлағы болады деген ойдамыз. Бұл реформалардың халықтық талқыға салынуы биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы елмен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді. Қорыта айтқанда, мемлекеттік басқаруды жаңғырту Елбасының саяси жүйені демократияландыру жолындағы тарихи шешімі деп білеміз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» талқылауға белсенді қатыссақ, нәтижелі жұмыстың атқарылары даусыз.
Өмірзақ САДЫҚОВ, Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы