12 шағынауданда орналасқан «Тобанияз Алниязұлы» ескерткішінің аумағын абаттандыру үшін 65 313 642.85 теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Ақтау қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мемлекеттік сатып алу порталына жариялады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Техникалық сипаттамасына зер салсақ, абаттандыру жұмыстарды 4 бөлімге бөліп, орындалар негізгі міндеттерді көрсеткен. Атап айтқанда, кеспетастан жасалған жаяу жүргіншілер жолы мен жиек тастарын демонтаждау, қолданыстағы ескерткішті бөлшектеу, оны жаңадан орнату, тасымалдау жұмыстары нақтыланған. Сонымен қатар ондағы орындықтар мен шамдарды жаңару көзделіп отыр.
Айта кетейік, сатып алу тендері 26 ақпан күні жарияланған болатын. Ал өтінім қабылдау 24 наурыз күні аяқталады.
Бұған дейін облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласын дамыту бойынша жиын өткізген болатын. Онда «Тобанияз Алниязұлы» ескерткішін жаңартып, Қашаған Күржіманұлы ескерткішіне абаттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған еді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА