Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен Ақтау қаласын дамыту бойынша жиын өтті. Шарада шаһар басшысы Нұрдәулет Қилыбай алдағы жоспарлармен таныстырып, көгалдандыру, абаттандыру, тазалық бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.
Қазір қала аумағында және әуежай жолында барлығы 72 мың дана ағаш бар. Осы жылы орталық көшелердегі суару құбырларын жөндеу, шағынаудан периметрлерін жүрмелі суару көліктерімен (водовоз) суару, шағынауданішілік суару жұмыстарын наурыз айында конкурс арқылы КСК немесе Жеке кәсіпкерлерге беру жолдары сияқты жұмыстар жүзеге асырылады. Жасыл желекті сақтау мақсатында келесі жылдан бастап жоғарғы шағынаудандарға КОС-2 арқылы тазартылған су жүйесін пайдалану арқылы суару жұмыстарын жүргізу және 2024-2025 жылдары қала аумағындағы орталық көшелерді тамшылата суару жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр. Облыс әкімі бұрынғы егілген талдарды сақтап қалуға көңіл бөлуді және суару жұмыстарын қатаң бақылауды тапсырды.
Санитарлық тазалық
Жиында қала бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын қоқыс контейнерінің жетіспеушілігі көтерілді. Бұл тұрғындар тарапынан да айтылып келеді. Қосымша 1059 қажет. Жалпы, қала бойынша санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілетін аумақтың көлемі – 14 450 940 ш.м. құрайды. Жұмысты жылдам үйлестіру мақсатында осы жылы 5 дана щеткасы бар көлік, 3 дана арнайы Беларусь тракторын сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, қала көшелерін тазалайтын және жуатын арнайы техникаларды сатып алуды лизинг, демеушілік немесе ӘКК Каспий шарттары бойынша 5 жылға бөліп төлеу арқылы келісім жүргізілуде.
Абаттандыру жұмыстары
Биыл 12 шағынауданда орналасқан Тобанияз Алниязұлының ескерткішін жаңарту және Қашаған Күржіманұлының ескерткішіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаладағы барлық саябақтар мен скверлерді жаңарту (жаңадан орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарық бағаналары, абаттандыру) жұмыстары жүргізіледі.
Жарықтандыру бойынша
Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың көтерген мәселесінің бірі - жаяу жүргінші жолын жарықтандыру. Биыл 22 жаяу жүргінші өтпесін жарықтандыруға қаражат қарастырылған. Жалпы, қала бойынша барлық 153 жаяу жүргіншілер өтпесін жарықтандыру қажет. Ол үшін 206 млн. 818 мың теңге қаражат бөлуді қажет етеді.
Ертең №107 бағытында жаңа автобустар жүре бастайды
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін сұрақтың бірі - қаладағы №2, 3, 5 қоғамдық көліктерінің жиілігінің аздығы болатын. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында 2020 жылы жаңа 18 автобус алынып, 1 қарашадан бастап қалалық №3, №7, №8 бағытында жолаушыларды тасымалдау үшін іске қосылды. Ал, 2021 жылы қаламыздың қалған қоғамдық көлік автобустарын жаңарту мақсатында тағы 30 төмен еденді жаңа автобустар әкелінді. Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған автобустардың ертеңнен бастап №107 бағытында қатынайтынын хабарлады. Сонымен қатар№4м маршрутын жүргізу жоспарлануда екенін атап өтті. Осы жаңа автобустар іске қосылған жағдайда қаланың қоғамдық көлігі 70% жаңаратын болады.
Үлестік құрылыс бойынша
Қазіргі кезде Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен заңсыз құрылыстарына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін рұқсаты жоқ құрылыс нысандарына қатысты Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасына 2019 жылы – 70 хат, 2020 жылы - 40 хат жолданған болатын. Әлі де мәселе өзекті күйінде қалуда. Сондықтан облыс әкімі Серікбай Трұмов осы мәселені ерекше назарда ұстауды тапсырды.