Ықылым заманнан келе жатқан Ұлы дала қағидатында «еліңде кімің бар?» дегенде, керегелі елдің келбетін келтірген, салиқалы жұртының санасына сәулесін төккен сарабдал тұлғаларын, сұңғыла кемеңгерлерін алға шығарғаны белгілі. Өйткені елдің келбетін табиғатының ландшафты емес, жерасты байлығы емес, елдің қабырғалы азаматтары қалыптастырған. Жау бетке білектісін, дау бетке біліктісін, жарастыққа жақсысын жұмсаған қазақ халқы ешқашан да тұлғаларға кенде болмаған. Иә, осы дәстүр ұзағынан сүйіндірсін! Осындай ұлағатты ұлт тұлғаларын терең танып, өнегесін санасына сіңіріп өскен өскелең ұрпақтың ертеңгі күні туған елдің тірегіне, Отаны үшін отқа түсер шынайы патриотына айналатыны ақиқат. Сондықтан жастардың жадына сіңіре беру үшін бұған дейін қағазға түсіріп, жинастырып жүрген Ұлы дала тұлғалары туралы дүниелерімізді мәртебелі оқырманға ұсынуды жөн санап отырмыз. Дала данышпандарының галереясында Қорқыт ата, Қожа Ахмет Ясауи, Пір Бекет ата, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да тарихи тұлғалар туралы сөз қозғамақпыз. Ұлтымызды жаңғырту жолында ұрпақтар үндестігі баянды болсын.
СӨЗБАСЫ
Тарыққанда да, торыққанда да, зарыққанда да, қорыққанда да ел оның есімін есіне алып отырыпты.
...Құлдилап сондай құздан
құларымда,
Арман не, «иә, Бекет!»
деп тұрып кетсем?! –
деп ақын Ғафу Қайырбеков жырға қосқан Бекет атаның есімі талайдың жебеушісі де, демеушісі де болыпты. «...Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз,Ұлысқа Ұран» деп басталатын ерен күрсіністі, терең сілкіністі жан тебіренісін бүгінгі буынның атынан толғап тұрып арнаған толағай сөздің иесі Әбіш аға Кекілбайұлынан асырып Ата туралы ешкім де айта алмас-ты. Әйтсе де, осы уақытқа дейінгі мемлекеттік қызмет жолымда Елбасының сенім білдіруімен бірнеше өңірдің тізгінін ұстау бұйырды. Солардың бірі әулиелі топырақ – Маңғыстау облысы. Ордалы елге құрмет, киелі топыраққа тағзым, Атаның қасиетіне тәу ете отырып, аз-кем пікірімді жазуға ниет еттім.
КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ КҮРЕСКЕР ТУҒЫЗАДЫ
Еліне тұтқа, ұлысына ұран, ағартушы ұстаз, абыз ақылман, мәмілегер қайраткер Пір Бекет ата Мырзағұлұлы – өз заманы үшін де, кейінгі ғасырларға да қадірі артық, мәртебесі мәңгі тарихи тұлға. Оның өмірге келген кезі қазақ халқы үшін өте бір күрделі шақ еді.
Бекет ата 1750 жылы Жем бойында туған деп айтылады. Туған жылына байланысты әредік басқа да болжамдар айтылып жүр. Кейінгі кезде туған жері туралы да түрлі деректер айтыла бастады...
Ата жас кезінде жауынгер болды деген әңгіме де ақиқаттан алыстамайды. Көшпелі түз тайпалары үшін жер, су, өріс үшін күрес – өмір үшін күрес. Ешбір ел мекенін өзгеге оңайлықпен бермейді. Қазақ ауылдары өңірге енді орнығып, ол жердің бұрынғы тұрғындары арттарына қарағыштап ереуіл аттары белдеуде, бес қаруы белінде атойлап отырғанда әр ер азаматтың жау жарағын асынуы қалыпты жағдай.
Орыс патшалығының қазақ Нұралыұлы Пірәліні Маңғыстаудағы түрікмендердің ханы етіп тағайындауы күрмеулі іс. Бұл кәдімгі отаршылықтың «бір-біріне айдап сал да билей бер» саясатының көрінісі. Әйтпесе, ол кезде саны аз түрікмендерді жер билігі біржола қазақтар қолына өткен Маңғыстауда дербес хандық қылудың қандай қажеттілігі болды!? Оның үстіне Пірәлі қазақ, орыс қолында аманатта болып, оқып, тәрбиеленген адам. Түрікмендердің өзі оның хандық мансабын мойындауға құлықсыз. Бұл кездің жазба құжаттары – орыс патшасының Пірәліге жазбаша бұйрықтарында көрініс беретін қазақтар тарапынан түрікмендерге жасалған зорлық-зомбылық ақиқатында, түрікмен халқына емес, патшаның отаршыл үстемдік саясатына білдірген наразылық деп қарауымыз керек.
Бекет ата ат жалын тартып мінген жылдар да тарихта батыс беттегі қазақтардың басындағы ең бір күрделі кезең болып қалды.
Әбілқайыр хан мен қазақтар арасындағы Әбілқайыр тарапынан орыс патшасымен әскери, саяси одақ құруға бағытталған, ал орыстар екіжүзділік, қитұрқылық танытып қазақтарды біржола бодан қылып алғысы келіп жасалған келісімнен соң да қырдағы жағдай бірден оңалып кете қойған жоқ. Қазақтар Әбілқайыр хан өлген соң да орыс бодандығындағы қалмақтарға шабуылын доғармады. Ақыры оларды Еділ асырып біржола шығындырып жіберді. Содан соң оған дейін түрікмендер қонысы болып келген Үстіртке ішкерілеп ендеп кетті. Бір жағынан бұрын өздерінің боданы қалмақтарға бодан болып келген әрі баяғы Черкасскийдің сәтсіз жорығынан бері бұл жақпен қабағы түзу түрікмендерге қазақтардың іргеден түріп келіп өз ықпалын жүргізе бастауы орыс патшасына ұнаған жоқ. Оның үстіне орыстар ежелгі жауы Хиуа хандығын басып алып, онан әрі Индияға шығу жоспарынан әлі бас тартпаған еді. Қайта оны мықтап қолға ала бастаған. Наполеонмен арадағы келісім бойынша екі жақтан 35 мыңнан 70 мың армия шығарылып, француздар Қара теңіз, Қап тауы арқылы Каспийге, онан әрі түрікмен жері арқылы ендеп, орыстар қыр жолымен Еділ, Жайық, Үстіртті көктей өтіп Хиуаға шабуыл жасаудың, ары қарай Үндістанға өтудің бас жоспары бекітіліп қойылған. Жаңа жерден мол үлес қарпып қалғысы келген орыстың атаманы Платов басқарған Дон казак әскері жорықты тез бастап кетіп, алды Гурьевке жете бергенде І Павел патшаның өлімі себеп болып кері қайтарылып алынған еді.
Әбілқайыр хан мен арадағы келісім шартына бірде-бір биі, батыры қол қоймаған Адай руынан сонда-ақ «іш жиып» қалған орыстар, енді солардың Арал мен Каспий арасындағы кең далаға ие бола кетуіне шама келгенше қарсы болып баққаны аян.
Бұл кезде қалмақ боданынан құтылған Маңғыстау түрікмендері де екіұдай күй кешулі еді. Қырдағылар жағы әскер күшінің негізін өз қандастары құрайтын, әрі хандықтағы саны жағынан түрікмендер көп халық болып есептелетін Хиуа ханының аужайына қараса, тіршілік тіні теңізге қатысты жаға беттегі, Маңғыстаудың қара ойындағы түрікмендер орыс патшасына бодандығына алуды өтініп, хат үстіне хат жазып, елші аттандырып жатты.
МӘМІЛЕГЕР
Сұңғыла Бекет, әрине, мұның бәрін көріп-біліп отыр. Мұндай жағдайда не істеу керек? Бірден-бір жол – бауырлас түрікмен халқымен бейбіт қарым-қатынасты бұзбау.
Маңғыстаудың Бозашысына алғаш келіп қоныстанғандардың бірі Беріш Есболай әулетінің түрікмен қызына үйленіп құдаласуы; Атаның досы Қожаназар байдың түрікменнің Сүйін бегімен анда дос болуы; Сүйінғара батырдың түрікмен батырына өкіл бала болуы; түрікменнің Кәтам шайырының екі халық бірлігін «бірі қолым, бірі жеңім еді» деп жырлауы – сол екі елдің ортақ пірі, батагөй абызы Бекет атаның екі ғасыр тоғысында салып берген бейбіт саясаттың жемісі, жеңісі болды. Көп ұзаққа бармай, Маңғыстау түрікмендері хандығының жойылуы тағы бір жеңіс. Бекет ата өмір сүрген заманда қазақтың Хиуа жақ іргесі де тыныш болды. Ата өлген алты жылдан соң – 1819 жылы Хиуаға барған орыс өкілі Муравьев хан сарайынан Маңғыстау қазақтарының елшілігін көргенін жазады. Демек, бұл кезде арада жаулық жоқ, жаушы аттандамаған, бейбітшілік әлі қаймағын бұзбаған. Бекет атаның сол аралықтарда Хиуа ханымен арада ауылының үсті арқылы әрлі-берлі өтіп жатқан сауда керуендері, саяхатшылары, әртүрлі экспедициялары арқылы орыс үкіметімен де мәмілегерлік саясат ұстағанында сөз жоқ. Тарихшыларымыз бұл ретте іздене түссе, оны айғақтайтын құжаттардың табылуы әбден мүмкін. Өткен тарихты мұқият таразылар болсақ, қазақтар маңғыстаулық түрікмен ағайындарды әуелі қалмақ, соңынан Хиуа ханының езгісінен азат етуші болған екен. Атаның осы кезеңдегі қызметі мәмілегерлікпен көрінген. Ел аузындағы Қараман ата бітімі содан жеткен жаңғырық. Тарихшыларымыздың келешекте назар салып зерттейтін бір тұсы осы.
БІЛІМТАЛАП
Бекет ата Маңғыстаудан Хиуадағы сол кездегі діни ең жоғары оқу орны медресеге барып, Пақыржан ғұламадан дәріс алған, сол ғұламаның сенім шапағатын иеленіп, батасы дарыған бірінші қазақ. Ал Пақыржан болса, Қожа Ахмед Ясауи жолын ұстанған, сопылық ілімнің ту ұстаушысы болған атақты тұлға.
Әрине, Ата Хиуаға барып оқымастан бұрын-ақ мектеп есігін ашқан. Қазақтар арасына мұсылман дінін тарату мақсатымен келіп, үйленіп, біржола тұрақтап қалған Назар Қожаның арқасында Бекет атаға қараған ауылдардың балаларының оқуға қолы ертерек жетті. Сол кез өлшемімен алғанда жоғары білім беретін медресе түлегі Назар Қожаның өз ортасының білімдары болғаны анық. Сол себепті оның шәкірттеріне берген білімі әдеттегі ауыл молдаларының бірінші басқыштық дәрежедегі Құранды оқудан, араб әрпінің емлесімен жазуға үйретуден гөрі ілгерірек болды. Мұндай оқу орнында шәкірттер әдетте парсы тіліндегі «Шар кітапты» оқитын. Оның өзі төрт бөлімнен тұрған. Бірінші бөлімінде діни мазмұндағы мәселелер, екінші бөлімінде мұсылманшылық жолды ұстануға қатысты сауал-жауаптар, үшінші бөлімде шариғат тағылымдары, «Панднама» атты төртінші бөлімде әдеп, иман, адамгершілік мәселелері сөз етілген. «Шар кітапты» жақсы оқып тамамдаған шәкірт Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр, Науаи туындыларымен сусындап, төл түрік тілінің мәйегімен ауызданса, Физулы, Хафиз, Фердоуси шығармаларын оқып, заманында ғылым, поэзия тілі атанған парсы әдебиетінің тұнығына бойлай алған. Ауыл мектебіндегі оқу негізінен шағатай тілінде жүргендіктен шәкірттер ана тіліне жақын бұл тілді еркін меңгеріп, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани шығармаларын өз беттерімен-ақ оқып, үйренген.
Назар Қожа туған жиені әрі зерек шәкірті Бекет баланың бойында жасынан бастап оқу-білім негізін мықтап қалыптастырғаны анық.
Ел жадының дерегі Атамыз біржола Хақ жолына кешірек, ересек тартқан шағында түсті десе, одан оның ауыл мектебінен соң оқуын үзіп алғанын аңғарамыз. Оның себебін қырық құбылған әртүрлі саяси жағдайлармен, ең алдымен, қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік арқылы түсіндіруге болады. Бекет атаның қылшылдаған дер шағы қалмақтардың көбесі сөгіліп, Жайық пен Еділ арасындағы жерден батысқа қарай біржола ығысқан кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ел аузында Бекет атаның туған ағасы хафиз Меңдіқұл батырдың атажұрттан қалмақтарды ығыстырудағы ерліктері әлі күнге дейін айтылады. Атаның найзасын асаға ауыстырған кезі осы жеңістен соң іле-шала болғандай.
АҚ НАЙЗАСЫН КӨК АСАҒА АЛМАСТЫРУ
Ол оқыған Хиуадағы Шерғазы хан медресесі – Хиуа-Хорезм хандығының орталығындағы сол кездегі ең жоғары дәрежедегі білім ордасы саналған. Қыр еліне дін арқылы да ықпалын жүргізуді көздеген Хиуа ханы мұнда алыстағы қазақ, қарақалпақ, түрікмен жастарының жатып оқуы үшін жағдай жасаған. Содан ол мектеп медресе деп те аталған.
Мұнда да оқу екі сатылы. Бірінші сатыда шәкірттер екі басқышпен Билан, Илал, Мұғзый, Занжаний, Харакат, Аууамил, Кафия хәм Шархи Молла кітаптары бойынша «Илми сарф», «Илми наху», яғни араб тілінің грамматикасын меңгерген. Екінші сатыда дін, шариғат бағдарламасына басымдық берілген. Фикхи Кайданий Мухтасарул Үйкая, Шархил Уйкая, олардан басқа әдеби еңбектер терең қарастырылған. Ең соңында астрономия, биология, химия, медицина ғылымдары оқытылған. Медицинаның негізгі оқулығы болып саналған Ибн Синаның бұл тақырыпта жазылған том-том еңбегінің, ішінде орыс тілі де бар, бірнеше тілге аударылып, осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатқанынан-ақ медреседе бұл ғылымға қатысты қаншалықты дәрежеде дәріс берілгенін шамалауға болады.
Ата-бабаларымыз медресе бітіргендердің білімдарлығы туралы айтқанда «он екі пәнді оқып тауысқан» деуші еді ғой. Сонда олар медреседе негізінен осыншама ғылым саласын оқыта алатынын айтады екен. Міне, осындай ғұламаларға «ахун», «ишан» сынды дәрежелер берілген.
Мұсылман медреселерінің оқыту жүйесін – халық оқыту саласы бір ізге түсіп, жақсы жолға қойылған, дамыған делінетін Ресейдің ағартушылары да мақтап, артықшылығын мойындаған. Олар: «Мұсылман мектебінің өз оқушыларының санасына сіңдіретін ұнамды қасиетінің бірі – сыртқы сыпайылық, тәртіптілік, елдік дәстүрлерді бұзбау және құрметтеу» деген (Остроумов Н.П. Сарты: этнографические материалы. Ташкент, 1908, 258 б.)
АТА МЕШІТТЕРІ:ҺӘМ ТАУ ҚОПАРЫП,ТАС КЕСКЕН СӘУЛЕТКЕР
Бекет Мырзағұлұлы Шерғазы медресесінде түрікмен, өзбек, қарақалпақ зиялыларымен бірге оқып, дос болып дүниетанымын кеңіткен. Жоғары діни білім алып оралған Атаның сол уақыттағы елінің болашағы үшін жасаған үлкен ісі – шекаралардан, әр ұрымтал тұстан мешіттер салуы. Өз жерінде көп жаңаның басы болуы. Бұл әріден ойланып жасалған игі іс, шынтуайтқа келгенде ел іргесін бекемдеудің шарасы болды да шықты. Атаның бұл орындарды жаттың табаны таптамасын деп өсиет айтуы тегіннен-тегін емес.
Бұл мешіттер заманындағы аса елеулі ерлікке бергісіз істер дерлік, ал Оғыландыдағы мешіт тіпті алып құрылыс. Ислам діні бұрын жерасты мешітін білмей, ол тек Маңғыстауда ғана салынып келсе, Бекет ата соны дамытушы. Орыстың академик Крачковский сынды білімдары, Ұлы Толстой абызы – ең жаңа, бұрынғы діндердің кемшін, олқылықтарынан қорытынды шығара білген Ислам дінінің адамгершілік құндылығын жоғары бағалаған болса, Пір Бекет діни сәулет өнерінде ежелгі иудей, христиан дінінің тауды қашап ғимарат, мінәжатхана тұрғызған дәстүрін қыр жағдайында ұластырып орнықтырушы бола білді. Сондай-ақ Ахмет Ясауи шәкірттерінің Маңғыстаудағы осы бағыттағы үрдістерін жаңғыртты және дамытты дей аламыз. Бұл үрдіс ескерткіштерімізде де кеңінен өрістеп кетті. Сыр бойынан ежелгі дің-пирамида дәстүрін ала келген қазақтар жаңа қонысында шығыс, Орта Азия архитектурасына еліктеп енді дің төбесіне айшықты күмбез орнататын болды. Сағана, бестас, үштас, қошқартастар көбейді. Құлпытастардың бедері артты. Бір сөзбен айтқанда, тас өңдеу мәдениеті өте-мөте жетілді, дамыды.
Мысалы, тас өңдеу мәдениеті әлі кемшіндеу кезде таудың кесек тасынан тұрғызылған Атаның замандас досы Қожаназардың күмбезінде дала архитектурасындағы ежелгі дің үлгісінің сипаттары сақталған. Ал 1856 жылы Қараған-Босағада жаумен шайқаста өлген Балуанияз батырдың ескерткішінің кейін неміс зерттеушісі Гуго Штумм 1873 жылы салып алған суреті бойынша бізге жеткен кескін-кейпі бұл салада біраз ілгерілегенімізді аңғартады. Айта кетелік, бұл соңғы құрылыс Балуанияз өлетін ұрыста ту ұстаған Асар сұпының басшылығымен салынған. Ал Асар – Атаның немересі. Қажылық сапарынан оралмаған.
Бекет ата мешіттерінің дәл қанша екенінің есебін шығару қиын, себебі әр жерден Ата атына қатысты мешіттер табылып жатыр. Бізге әуелден белгілісі – Жем бойындағы, Бейнеудегі, Тобықты ойындағы, Оғландыдағы мешіттер. Бұлардың әрқайсысы бір-бір тарих. Әсіресе Оғландыдағы бірнеше бөлмелі атаның ақыреттік мекені болып қалған жерасты мешітінің құпиясын әлі зерттеп болған жоқпыз. Міне, осыларды көргеннен кейін Атаны өлкедегі сәулет өнері өрлеуінің басында тұрған тұлға деп те батыл айта аламыз.
Бекет ата мешіттерінің ішіндегі ең айтулысы Оғыландыдағы тәуап орыны. Оның ішінде Атамен туысқан бірнеше жандар жерленген. Сонымен бірге өзінің де мәйітін осы жерге аманаттаған. Ел ішінде бертінге дейін оның денесі бұзылмай жатқанына куәлік етушілер көп болған, шырақшыларға оны күту парыз болып келген. Кейін ғана өзі аян беріп, беті жабылған екен деседі. Бір жағынан ғибадат орыны, бір жағынан оқу-ағартушылық, жолаушыға тұрақжай, сонымен бірге қабірхана да болып келетін көпфункционалды орындардың жиі кездесуі ислам ұстанған орта азиялық мұсылман елдерінің танымында қалыпты жағдай. Күллі түркінің төрі болған Түркістандағы Ясауи мазараты да дәл осы мазмұндас. Атаның Оғыландыдағы мешітіне зиярат кеңес үкіметінің кезінде де тыйылған жоқ. Тәуелсіздік тарихында көбеймесе, азаймағаны белгілі. Бұл жер еліміздегі ең ірі зияраттық туризм нүктесі болып саналады. Таудың шақпақ жонын, құздың қырпу шыңын асып жететін көліктер үшін бұл нағыз қияметтің қылкөпіріндей еді. Осыны ескере келе, бүгінгі ұрпақ, табиғаты қатал, тағдыры тарғыл ел – барша маңғыстаулықтардың атынан біткен бір іс болсын деп арнайы қатқыл табан жол салуды қолға алдық. Мұны «Ата жолы» деп атадық. Бүгінгі қазақты кемелдікке, адамгершіліктің биігіне, абыздыққа бастайтын жол болғай деп тіледік.
АТА МҰРАСЫНА АДАЛДЫҚ КЕРЕК
Ел аузынан жинақталып, кітап болып шығып жетіп, руханиятымызға қазына болып қосылған Бекет атамыз жөніндегі аңыз әңгімелер, оның өсиеттері, жазба деректер – құнды қазынамызға айналды. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш аға Кекілбайұлының Ата туралы толғамы – артық-кемі жоқ анық баға деп білеміз. Біздің ендігі міндет-мұратымыз – Пір Бекет атаның өмірі мен өнегесін, рухани ілімін кейінгі ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалану, насихаттау.
Әрқашан Бекет атамыздың рухына құрметі ерекше ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын жасауды тапсырып, Ата мешіттерін республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында мемлекеттің ерекше қамқорлығына алғызды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та президенттік сапарының алғашқысын Маңғыстау өлкесінен бастап, Бекет ата басына барып, зиярат етті.
Азаттық алғалы, әр онжылдық сайын Атамыздың 250 жылдық, 260 жылдық мерейтойларына орай жоғары деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Өзім де облыс әкімі ретінде Бекет атаның 260 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуде ұйымдастыру жұмыстарының басында болғанымды ықылас-ризалықпен еске аламын. Рухани ілім игерген оқу орны – Хиуа жеріне арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, Хиуадағы қорық-мұражай кешенінде Бекет атаға арналған көрме жасақтауға атсалысқанбыз. Өзбекстанда тұратын Атаның кейбір ұрпақтары оның қасиетті асатаяғын елге алып келді, облыста жаңадан құрылған Мұнайлы ауданына келіп қоныстанды.
Ал енді биылғы пандемия жағдайына байланысты бұрынғыдай ұлан-асыр ас беріп, халықтық шаралар өткізуге мүмкіндік жоқ. Есесіне, Пір Бекет ата ілімін тану жолында тарихшылар мен дінтанушыларды, жалпы бейімі бар ғалымдарды агиографиялық еңбектер жазуға жұмылдыруымыз керек. «Бекеттану» оқулығын дайындап, Қазақстанның жоғары оқу орындарында болашақ тарихшыларға, философтарға, филологтарға оқытатын уақыт әлдеқашан жетті. Кез келген шығармашылық иелерін шабыттандыратын Бекет ата туралы ғылым мен өнер саласындағы іс-шараларға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Сондықтан Бекет ата өнегесі негізінде қоғамдық санамызды жаңғыртатын, өткенге де, болашаққа да бірдей қызмет ететін туындылар жарыққа шығарына сенімдіміз.
Ғасырлар бойы көксеп, қолымыз жаңа жеткен Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін әл-Фарабидің, Қорқыт атаның, Қожа Ахмет Ясауидің, Пір Бекет атаның, Мәшһүр Жүсіптің, Абайдың, Шәкәрімнің, Ахмет Байтұрсынұлының, тағы да басқа Көкте – Алла, жерде аруақтар қолдаған абыздарға ұлттық рухани жаңғыру жолында дәйім зәруміз, ылғи қажеттігін сезінеміз. Олар біздің және бізден өнген ұрпақтың жолына һәм көкірегіне Жаратушының сөнбес сәулесін себелеп тұрады. Ал ол сәулеге ергендердің ғұмыры баянды болмақ.
ТІЛЕК СӨЗ
Бір кездері құздан құлап, жолдан адасқан жолаушының киелі дұғасындай болған Бекет ата есімі бүгінгі қазаққа не үшін керек? Түрлі мәдениеттер мен өркениеттік құндылықтар қақтығысқан, білім мен ғылымы озған жұрттың ғана ұпайы түгел жаңа заман шартына – бағзы мен бүгіннің арасын бұзбай жалғаған адами мұрат, абыздық сана, имани қуат, күрескерлік пен көркемдік, билік пен мәмілегерлік өнеге қапысыз сомдасқан, сөз бен іс ірге ажыратпай жымдасқан болмыс қана сай келеді. Кемел ойдың иесі кәміл адам ғана біздің төрт құбыламызды сай ете алады.
Әлемді дағдарысқа тіреген індеттің кезінде жан дәрмен сырқаттың да, оны емдеуге жанұшырған жанкешті дәрігердің де бір сенгені – білім-білік, іштей сыйынғаны Құдайдың құдіреті және оның киелі де құрметті достарының абзал рухы болғаны ақиқат. Ендігі жерде де ел мен ерді қиянатқа бермей, қияметтен аман алып шығуға осы аталарымыз медет берері сөзсіз. Ал біз қасиет пен киеге шәксіз сеніміміз бен шексіз құрметімізді сақтап қалуымыз шарт.
Бір замандары жау мен даудың үстінде жәрдем еткен Бекет атаның есімі ендігі жерде ғылым мен білімге ұмтылған талапты қазақтың сүйеніші болғай, оның рухын құрметтеген ел-жұртының жігер-күші болғай! Ұжданы биік, ұйымшылдығы берік ұлттың намыс ұраны болғай!
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік хатшысы,
саяси ғылым докторы, профессор